Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
02.06.2024 Алматыда «бомж» жоқ, олар қайда кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Еліміздің ең көрікті қалаларының бірі - Алматыда қаңғыбастар мен қайыршылардың саны азайды. Қазір қала көшелерінде жұпыны киінген, үсті-басы кір-қожалақ адамдарды көп кезіктірмейсіз. Олар қайда жоғалып кетті? Кazinform тілшілері анықтап көруге тырысты.
Белгілі тұрағы, мекенжайы жоқ жандарды «бомж» деген бір сөзбен атағанда-ақ бәрі түсінікті. Маскүнемдікке салынып, өз өмірін қор етіп, қоғамның дертіне айналатын жандар әдетте үлкен қалада көп болады. Әсіресе, осындай қаңғыбастар немесе қайыршылар Алматының орталығында, базар мен мешіт, жерасты өткелдері, саябақ, қаңырап бос тұрған ғимарат пен теміржол вокзалының маңында жүреді. Алайда, соңғы кездері ірі мегаполисте үй-күйсіз жүрген адамдар азайған. Әрине, олардың нақты санын айту мүмкін емес, өйткені ресми дерек жоқ. Дегенмен, визуалды тұрғыда байқауға болады. Кazinform тілшілері жүреді-ау деген орындарға барып көрді.
Мынау - қала орталығында қараусыз қалған ғимараттың бірі. Күндізгі уақытта бұл жерде ешкім жоқ. Жақын маңда тұратындар олардың түнгі уақытта келетінін айтты. Ас ауқатын қоқыс жәшігінен іздеп жүрген немесе мас болып көше бойында жатып қалғандарды кезіктірмедік.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, әлеуметтанушы, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Құдайбергенұлы қаңғыбастар мен қайыршылардың азайып кетуінің бірнеше себебін атады.
«Алматы - үлкен агломерация. Мұнда бомждар мен қайшылардың болуы - заңдылық. Алайда,соңғы жылдары олардың көрінбей кеткені қарапайым адамдарға да байқалады. 2019-2023 жылдар аралығында саны азайды. Жасыратыны жоқ, ең алдымен короновирус дертінің құрбаны болған осылар. Бұлардың іздеушісі болмағандықтан зерттелмей қалды. Сондай-ақ мегаполистегі цифрлық реформа да әсер етті. Мекенжайы жоқ жандарға, ең алдымен тамақ, ақша қажет. Оны оларға кім береді? Тұрғындар. Ал, қазір халықтың басым бөлігі қолма-қол ақша ұстамайды. Осы әсер етті. Әлеуметтік теңсіздікпен кешенді күрес жүргізген жергілікті әкімдік пен полицияның еңбегі бар. Олардың көшіп-қонуға бейім екені анық. Қайыршылар мен қаңғыбастар қаладағы қымбатшылықтың әсерінен де қоныс аударуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Ол көшеде қайыр сұрайтын, жағдайы мүшкіл, мүгедек жандар әлі де бар екенін тілге тиек етті.
«Қазір қайыр сұрайтын жандар жаңа форматқа көшіп кетті. Егер бөліп қарайтын болсақ, біріншіден - индивид. Екіншіден, көшеде қайыр сұрайтын жағдайы мүшкіл, мүгедек жандар әлі де бар. Үшіншіден, садақаны кәсіп етіп, содан нәсіп табатындар белгілі уақытта ғана шығады. Төртіншіден, әлеуметтік желі арқылы садақа жинайтындар, керісінше көбейіп кетті. Осыны ескеріп, зерттеуміз керек», - дейді әлеуметтанушы. Қазір барлық аймақта өмірдің қиын жағдайына түскен адамдарды бейімдеуге арналған орталықтар жұмыс істейді. Соның бірі - Алматыда 24 жылдан бері қызмет көрсететін «Пана» орталығы.
Панасыз қалған пенделер мен қала көшелерінде күн көретін қаңғыбастарға қамқорлық көрсететін мекеменің биыл жаңа бөлімшесі ашылды. Онда қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Жаңа орталық 155 төсек-орынға арналған, қазір мұнда 88 адам тұрып жатыр. Оларың ең жасы - 22-де. Көбіне ер адамдар.
«Бізге адамдар әр өңірден келеді. Кейбіреуі барар жері, басар тауы қалмағандықтан өздері келсе, енді біреулерін полиция қызметкерлері көшеден алып келеді. Міндетті түрде медициналық тексеруден өткіземіз. Олармен психологтер де жұмыс істейді. Содан кейін бейімделеді», - дейді орталықтың бөлім меңгерушісі Разия Сейпұлданова.
Сондай-ақ ол орталықтың негізгі міндеті қызмет алушылардың жоғалған әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру екенін атап өтті.
«Әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары осында түскендерге зейнетке шығуға, мүгедектік жәрдемақы алуына, қарттар үйіне өтуіне көмектеседі. Одан бөлек, жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіріп береді», - дейді ол.
Рәзия Сейпұлданованың айтуынша, мұнда түрлі тағдырлы жандар әртүрлі жолмен түседі. Солардың бірі - жылдар бойы көше кезіп, маскүнемдікке салынған Вера есімді келіншек.
«Мен Алматы облысында тудым. Ата-анамнан жас кезімде айырылып қалдым. Содан бері далада түнеп келем. Нақтырақ айтсам, бірінші теміржол вокзалы маңында жылдар бойы жүрдім. Маскүнемдікке салындым. «Бомж» болдым. Қазір жасым 57-де. Ешкімім жоқ. Мені мұңда полицейлер алып келді. Маған ұнады. Қазір құжатымды жасап жатыр. Соны алған соң жұмыс істеймін», - дейді ол.
Ал осындағы тағы бір тұрғын Игорьдің бірінші топ мүгедектігі бар. Алайда, оны растайтын құжаты жоқ.
«1990 жылдары тоғыз жасымда көлік қағып кетіп, салдарынан бір аяғымнан айырылдым. Маған мұнда жақсы қарайды. Тамағым тоқ. Уақтылы дәрімді беріп, емдеп жатыр», - дейді ол.
Алматы әкімдігінің дерегіне сүйенсек, мұнда жыл басынан бері 416 адамға түрлі қызмет көрсетілген.
02.06.2024 Ақпарат көзі: kaz.inform.kz |