қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
05.06.2024

Балалар саяхаты салаланбай тұр

 

                

 

Балалардың саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ішкі, сыртқы саяхат түрлері және жазғы сауықтыру орталықтарының жұмысын сауатты ұйымдастыру қазіргі кезде құқықтық тұрғыдан жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты мамандар балалар мен жасөспірімдер саяхатын ұйымдастыруда кешенді бағдарлама қажет деген пікірде.

 

Бәрінен бұрын кішкентай саяхатшылардың қауіпсіздігі маңызды. Қазіргі кезде қала ішілік саяхатпен қатар қала маңындағы, шетелдерге саяхаттау көрсеткіші артып келеді. Осы орайда мамандар балалар мен жасөспірімдер туризмін жазғы демалыс кезіндегі сауықтыру лагерьлерімен ғана шектемеу қажеттігін айтып, бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет екенін алға тартып отыр.

 

Балалар туризмі 7-17 жас аралығында үлкен рөл ойнайды дейтін болсақ, этнографиялық, геологиялық, экологиялық, тарихи, археологиялық, спорттық бағыттағы іс-шараларды тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл балалардың танымын кеңейтумен қатар, отаншылдық рухты, туған жерге деген сүйіспеншілікті, жанашырлықты қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Қазіргі кезде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын бастады. Байқағанымыздай, көптеген ата-ананы жазғы лагерьлер жұмысы қанағаттандырмайды. Сауалнама барысында көз жеткізгеніміздей, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Өйткені мектеп жанынан ұйымдастырылатын қала ішілік экскурсиялардың кестесі жүйеленбегендіктен, алаңдаушылық басым. Сондықтан оқу жылының соңына қарай мектептер жанындағы жазғы лагерьлер кестесі, экскурсиялар барысы, билет бағасы, тасымалдаушы компания туралы деректер алдын ала хабарлануға тиіс. Ал қысқамерзімді бір-екі күндік және ұзақмерзімді қала сыртындағы немесе шетелдік саяхаттарда қаперге алатын мәселелер жеткілікті. Қазір ата-аналардың көпшілігі шатырлы лагерьлерге қарағанда балалардың қала маңындағы жазғы сауықтыру кешендерінде демалғанын қалайды. Десек те деректер ата-аналардың 10 пайызы ғана балаларын лагерьлерге жіберуді жоспарлайтынын айғақтайды. Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, ата-аналардың 32,3 пайызы жазғы демалыста балаларының үй маңында болғанын қаласа, ата-әжесімен демалысты - 27,7, үй шаруасымен айналысатынын - 17,3, саяжай, ауылдағы демалысты - 16,9, отбасымен серуенді - 14,1 пайызы, үйірмелерге баратынын - 14,1, қосымша табыс тапқанын - 12,9, өзін-өзі дамытумен - 12,1, еріктілер тобында, қайырымдылықпен айналысқанын ата-аналардың 2,8 пайызы қалайды екен. Әр отбасын балалардың қауіпсіздігімен қатар лагерьлердің жетіспеушілігі мен заманауи талаптарға сай еместігі де толғандырады.

 

Балалар-жасөспірімдер туризмі қауымдастығының дерегіне сәйкес, өткен ғасырдың 90-жылдарында елімізде 400-ден астам балаларды сауықтыру орталығы мен лагері болса, бүгінде олардың саны айтарлықтай азайған. Өңірлерде жұмыс істеп тұрған жазғы демалыс орындары еліміздегі балалардың бес пайыздан астамын ғана қамтиды.

 

Қазіргі кезде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үкіметтік деңгейде қарастырылып отыр. Президент тапсырмасына орай 2026 жылдың соңына дейін 50 балалар сауықтыру лагерьлерін салу көзделсе, биыл төрт сауықтыру орталығының құрылысын аяқтау жоспарланып, 210 балалар сауықтыру орталықтарының тізімі жасалып, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар бойынша аумақтық қадағалаушы органдарға өтінімдер жолданған. Жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын айтып, есеп беру үшін атүсті жүргізілетінін сынға алған болатын. Танымдық және мазмұнды іс-шаралар аздығы мен сапасының нашарлығын, балалардың бейімін ескермей жасалатынын қаперге алған Үкімет басшысы қауіпсіздік және санитарлық тұрғыда шешілмеген мәселелер бар екенін де ескерткен болатын. Осыған байланысты балалардың жазғы демалысы мемлекеттік органдардың бірлескен жоспары шеңберінде ұйымдастырылып, республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Ұйымдастыруға қажетті нормативтік-құқықтық актілер әзірленді.

 

Биыл Оқу-ағарту министрлігі жаз мезгілінде 1-10 сынып аралығындағы 2,9 млн оқушыны сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Жазғы демалысты қауіпсіз және жан-жақты ұйымдастыру үшін тиісті ведомство 8 мемлекеттік органмен бірге 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіткен болатын. Десек те жазғы демалыс лагерьлерінің жұмысына күмән көп. Өйткені, былтыр жазғы лагерьлердің сауна, фитнес орталықтарында ұйымдастырылғанына қатысты деректер көпшіліктің көңілінде күдік ұялатқаны рас. Биыл осындай келеңсіз жайттарға жол бермеуді қадағалау мәселесі Парламентте де көтеріліп, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде балалар лагерьлерінің жетіспеушілігіне назар аударып, Үкіметке сауал жолдады. Мәжіліс депутатының айтуынша, еліміздегі лагерьлер балалардың 10 пайызын ғана қамтиды. Ал тарихы кеңес дәуірінде басталатын лагерьлердің жағдайы мүлде сын көтермейді. Сондықтан шығынды аз талап ететін глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерьлерді ұйымдастырып, стандартын енгізуді ұсынған депутат жетекші-тәрбиешілерді дайындауды, балалардың саламатты демалысына бағытталған шаралардың барлығына қатаң бақылау қажеттігін де қаперге алған болатын. Мұнымен қоса Парламентте Kids go free бағдарламасын сынға алған депутаттар бұл бағытта кәмелетке толмаған саяхатшылардың 11 пайызы ғана қамтылғанын атап өткен еді.

 

Балалардың жазғы демалысына қатысты зерттеулер жүргізіп жүрген ерікті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 1-курс магистранты Анель Шаймырза қосымша білім беру орталықтарының жұмысын күшейту қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, елімізде балалардың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын демеушілік бағыттарды дамытудың алғышарты бар. Ендігі кезекте қосымша білім беру, спорт, саяхат орталықтарын балалардың тұрғылықты жеріне жақын маңда ашу уақыт талабы. Мұнымен қоса мұндай орталықтар әлеуметтік бағдарламаларымен, инфрақұрылымы жетілдірілген, заманауи көркем ғимараттармен ерекшеленіп тұруға тиіс. Тағы бір ескере кететін жайт, цифрлы жетістіктерді балалардың игілігіне жұмыс істету. Туристік операторлар, әкімдіктер жанынан ұйымдастырылатын барлық мәдени-танымдық іс-шаралардан хабар беретін сервистер қызметін дамыту, арнайы жеңілдігі бар карточкалармен мектеп оқушыларын, студенттерді де тұрақты қамтамасыз ету балаларды мәдени-танымдық құндылықтарға баулуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ спорттық, мәдени кешендер жайындағы ақпарат және жедел жәрдем, полиция логотипі, телефондары көрсетілген хабарламалардың әрбір аулада көрсетіліп тұруы да балалар қауіпсіздігіне қоғамның алаңдаушылығын білдіреді.

 

05.06.2024

Ақпарат көзі: egemen.kz