Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
08.06.2024 Білімнің алтын ордасы
Өткен аптаның жұмасында Түркістан қаласында Түркістан облысы білім беру ұйымдарының басшылық құрамы мен мұғалімдеріне арналған «Білім алушыларда пәндік және цифрлық құзыреттіліктерді, функционалдық сауаттылықты және икемді дағдыларды қалыптастыру» біліктілігін арттыру курсы аясында пленарлық отырыс өтті.
Пленарлық отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төраға орынбасары Гүлжан Жарасова, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы Білім басқармасының өкілдері, өңірдегі білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері қатысты.
Ректор Болат Тілеп Абай университетінің қызметі мен жетістіктеріне тоқталып, жалпы білім беру саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін жоюға, сондай-ақ жаңа формациядағы педагог кадрларды даярлауға, педагогтердің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған университеттің бастамалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Білім сапасын арттыру үшін педагогтар мен білім беру ұйымдарының басшыларын қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Мұндай бастамалар білім берудің заманауи әдістерін енгізуге және болашақ мамандарды даярлау үшін қажетті кәсіби құзыреттіліктерді дамытуға ықпал ететіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде жалпы білім беру жүйесіне, оның сапасына оң әсерін тигізеді.
Іс-шара барысында оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру әдістері, сонымен қатар заманауи білім беру жағдайында қажетті дағдыларды дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Өскелең ұрпақтың білім сапасы мен сауатты тұлға болып қалыптасуы ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігіне тікелей байланысты екендігіне ерекше назар аударылды.
Пленарлық сессия аясында Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары: ҚР ҰҒА академигі Алма Әбілқасымова «Цифрлық технологиялар орта мектеп пен жоғары педагогикалық оқу орнында математикалық білім берудің сабақтастығының факторы ретінде» тақырыбында, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов «Ұстаз құзіреті - білім сапасының қайнар көзі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара нәтижесінде Абай университеті мен Түркістан облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
08.06.2024 Ақпарат көзі: qazaq1913.com |