қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.06.2024

Қазақстандағы 70 университет инклюзивті білім берудегі инновациялық тәсілдерді талқылады

 

                

 

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Инклюзивті білім беру: инновациялық тәсілдер мен міндеттер» тақырыбында оқу-әдістемелік бірлестігінің (ОӘБ) бірлескен кеңейтілген отырысы өтті.

 

Отырысқа ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, ҚР Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, педагогикалық және медициналық жоғары оқу орындарының ғалымдары, арнайы коррекциялық мектептердің, ерекше қажеттіліктері бар балалармен оңалту және түзету жұмыстарын жүргізетін медициналық ұйымдардың жұмыс берушілері қатысып, инклюзия саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасындағы «Педагогика ғылымдары» ОӘБ төрағасының орынбасары, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бану Нарбекова өз сөзінде бірлестіктің «Арнайы педагогика» бағыты бойынша Қазақстанда инклюзивті білім беру тәсілдерін қайта қарауға мүмкіндік беретін әзірленген модель мен инклюзивті білім беру тұжырымдамасын белсенді түрде талқылап жатқанын жеткізді. Бану Мұқатайқызы бүгінде 14 жоғары оқу орны инклюзив саласында мамандар даярлап жатқанына назар аударып, спикерлерге болашақ мамандардың медицина және психология саласындағы біліміне баса назар аудара отырып, осы бағыттағы білім беру бағдарламаларын толықтай жаңартуды ұсынды.

 

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген «DANA BALA» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында сәтті жүзеге асырылып жатқан университеттегі арнайы педагогика саласы бойынша мамандарды даярлау үлгісімен таныстырды.

 

ОӘБ қатысушылары білім беру қызметтерін алу үшін орталыққа ата-аналарымен бірге келетін ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін мамандарды оқытуға бағытталған орталықтың бірегейлігін атап өтті. Орталық жұмысын ұйымдастырудың пәнаралық байланысы, ғылыммен байланысы дефектология, психология мұғалімдері мен бейімді дене тәрбиесі мамандарына студенттермен бірлесе отырып, эксперименталды түрде жаңа әдістемелерді әзірлеуге, авторлық куәліктер мен патенттер алуға мүмкіндік береді. Орталықпен жұмыс істейтін ғалымдар мен инженерлер ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы құрылғылар мен құрал-жабдықтарды да жасайды.

 

Сондай-ақ ОӘБ қатысушылары орталық мамандары мен студенттерінің кәсіби жұмысының нәтижесін тамашалады. Аманжолов атындағы университеттің инклюзивті білім беруді дамытудағы көп жылдық тәжірибесі оны басқа педагогикалық жоғары оқу орындарына ұштастыруға мүмкіндік береді.

 

Отырыс соңында жоғары оқу орындарында оңалту факультетін ашу және «реабилитолог», «кинезитерапевт», «эрготерапевт» мамандықтары бойынша мамандар даярлауға қосымша гранттар бөлу мәселесін пысықтау туралы шешім қабылданды.

 

11.06.2024

Ақпарат көзі: gov.kz