қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
25.06.2024

          Өлке тарихын зерттеудегі алғашқы кітап жарыққа шықты

 

                

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Атырау облысының тарихы көне заманнан күні бүгінге дейін" атты үш томдық кітаптың тұсаукесері өтті.

 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы негізінде жарыққа шыққан басылым академиялық бағытта жазылған.


-Бұл 2021 жылдан бастап үш жылға арналған жоба болатын. Өлке тарихын жазу басынан-ақ үш томдық және үш тілді болып жоспарланды. Себебі Атырау өңірінде жұмыс жасайтын шетелдік компания өкілдері бар. Олар бұл жердің тарихымен таныс болуы керек. Сол себепті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылды. Әрине, кітапты жарыққа шығаруда қаржылай қиындықтар да кездесті. Дегенмен бүгінгі семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті оның ағылшын тіліндегі нұсқасын редакциялау, таралымын көбейту секілді жұмыстарын жүргізу үшін мұнай компанияларының қолдауларына жүгінетіндерін айтты, - деді Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, жоба жетекшісі Болат Жұмағұлов.


Айта кетейік, елімізде алғаш рет облыс тарихына арнайы жазылған жинақтың қазақ тіліндегі нұсқасы 1500 тиражбен басылып отыр. Жинақтың жарыққа шығуына 20-ға жуық атыраулық азамат үлес қосты. Бұл үш томдық еліміздің өзге де өңірлеріне таралатын болады.

Мәлике МӘЛІК

 

25.06.2024

Ақпарат көзі: atr.kz/madeniet