қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.06.2024

Қарқара тарихына үңілді

 

                

 

Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттерінің іс-тәжірибелік экспедициясы өтті. Олар екі апта бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

 

Экспедиция лагеріне Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев арнайы барып, оқытушылар мен тәлімгерлердің тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-тәжірибе аясында тарих және құқық факультетінің студенттері археологиялық ант қабылдады.

 

- Біздің өлкені жақсы білесіздер! Қарқара - 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс болған тарихи жер. Сонымен қатар бұл өңірде сақ, ғұн, үйсін заманынан сыр шертетін жәдігерлер де жетіп артылады. Соны іздеп тауып, өткенді болашақ ұрпаққа танытып жүрген археологтардың еңбегі ерен. Осы саланы таңдаған болашақ мамандардың жұмысына сәттілік тілеймін! - деді Нұрбақыт Молдахметұлы.

 

ҚазҰПУ ежелгі және орта ғасырлық Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Медет Дүйсенбекұлы студенттерге институтта оқыған лекциядан археологиялық іс-тәжірибенің жөні бөлек екенін айтты.

 

- Далада өткен практикада студенттер бәрін көзбен көріп, қолмен ұстайды. Әрбір обаның беткі қабаттарын аршып, тереңге бойлаған сайын өткен ғасырға өткендей болады. Қазба жұмыстарында археологиялық құралдармен қалай жұмыс істеу керектігін толықтай үйренеді.

 

Сондықтан қаржы бөліп, экспедицияға ықпал еткен университет басшылығына және біздің жұмысымызға құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғысымыз шексіз, - деді Медет Дүйсенбекұлы.

 

Жалпы, жазғы экспедицияға 60-қа тарта студент қатысты. Қыз-жігіттер маусымның 15-не дейін табиғат аясында білімдерін шыңдады.

 

Дәурен Әбутәліпов,

Кеген ауданы

 

26.06.2024

Ақпарат көзі: alatauaraiy.kz