қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
12.07.2024

                    Абай университеті: Астанадағы “Білім беру” факультеті өз жұмысын бастады

 

                

 

Биыл Абай университетінде көптеген ауқымды оқиғалар орын алып, оқу ордасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бірнеше оңды өзгерістер жасады. Салаға серпін беретін нақты істер қолға алынып, игі жұмыстар жалғасын табуда. Мәселен, еліміздегі білікті педагог кадрлардың тапшылығын жою мақсатында ағымдағы жылы Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті арасында консорциум жасалған болатын.

 

Аталған серіктестік негізінде Еуразия ұлттық университетінің базасында Абай университетінің бастамасымен «Білім беру» факультеті ашылды. Осылайша, отандық жоғары оқу орындары арасында айтарлықтай орны қалыптасқан қос университет биылдан бастап педагог кадрларды бірлесіп дайындауға күш жұмсамақ. Факультет мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесіне кең көлемде көңіл аударып, білім беру бағдарламаларының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды көздеп отыр.

 

Осы орайда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Астанадағы ашылған су жаңа факультеттің тоғыз білім беру бағдарламалар тобына нысаналы 240 грант бөліп отыр. Олар: педагогика және психология - 10 грант; бастауышта оқыту педагогикасы мен методикасы - 30 грант; алғашқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау - 10 грант; көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау - 10 грант; математика мұғалімдерін даярлау - 40 грант; информатика мұғалімдерін даярлау - 40 грант; география мұғалімдерін даярлау - 30 грант; қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау - 30 грант және арнайы педагогика - 40 грант.

 

Бағдарлама студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етпек. Оқуға түскен жастардың жеткілікті деңгейде оқып, білімін жетілдіру жолында Абай университетінен жиырма бір, Гумилев университетінен 11 педагогикалық бейіндік кафедрасының профессор-оқытушылары тартылады деп жоспарлануда. Бакалавриатты сәтті тәмамдаған студенттерге Абай университетінің үлгісіндегі диплом беріледі. Кейін мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған болашақ педагог мамандар грант негізінде алған білімдерін Астана қаласында жұмыспен өтеуі қажет.

 

Өйткені, бас қаланың еңбек нарығында осы мамандарға деген сұраныс жоғары. Дәл осы білім беру бағдарламаларын тәмамдаған түлектер өз мамандықтарының ерекшеліктеріне сәйкес, әртүрлі білім беру ұйымдарында: жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, білім беру орталықтарында, педагогикалық бағыттағы ғылыми және әдістемелік, түзету-дамытушылық ұйымдарда, әлеуметтік-педагогикалық және ұйымдастырушылық-басқарушылық мекемелерде жұмыс істей алады.

 

Жоғары білімінің қарашаңырағы саналатын Абай университеті ғасырға жуық тағылымды тарихымен ерекшеленетін, ұстаздарды даярлаудың ұстаханасына айналған оқу ордасы. Мұнда талай тарлан тәлім алып, «Елімнің ертеңі үшін қызмет етемін!»,- деген көптеген жас жол тапқан. Биыл Абай университеті 4276 түлекті ұясынан ұшырып, Қазақстандық білім іргесінің бекем болуы үшін жаңа мамандарға жол ашты.

 

Болашақтың кілті - білікті ұрпақтың қолында десек, жас ұрпақтың тағдырын ұлағатты ұстаз айқындайды. Мыңның бірі, қатарымның алды боламын дейтін, мұғалім міндетін алдына мақсат тұтып, ұстаз болуды армандайтын талапшыл талапкерлерді Абай университеті Астана қаласына оқуға шақырады. Құжаттар Абай университеті мен Гумилев университетінің қабылдау комиссиялары арқылы қабылдануда.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
(ҚазҰПУ) баспасөз қызметі

 

12.07.2024

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz