қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.07.2024

Педагогтардың қатары артуда

 

                

 

Білім беру саласындағы негізгі міндеттердің бірі - білікті педагог кадрларын даярлап шығару. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды оқытудағы өзекті мәселелер туралы ұдайы айтып келеді. Сарапшылардың пікірінше, педагог мамандарға сұраныс жыл өткен сайын артпаса, кемімек емес. Еңбек нарығында жақсы маман қашан да құрметке ие екені даусыз. Ал, бүгінгі жастар дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеу жолын таңдауда қаншалықты тәуекелге барады? Екіұшты ойды назарға алып, ат басын Абай университетіне тіредік.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ - бүгінде білім беру ұйымдарын сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз етуде алдыңғы қатарлы іргелі оқу орындарының бірі болып табылады. Мұнда жақында ғана өткен «Ашық есік күні - 2024» аясында ұстаздыққа ұмтылғандар саны былтырғыға қарағанда едәуір жоғары екені байқалған. Абай университетінің Кәсіби бағдар беру орталығының жетекшісі Нұрмахан Әуесбекұлының айтуынша, іс-шараға тек Алматы қаласы мен Алматы облысының өзінен 350 мектеп пен колледж бітіруші түлектер қатысқан. Мұнда 2023-2024 оқу жылында бакалавр оқыту бағдарламаларына барлығы 3 818 талапкер грантқа оқуға қабылданса, магистратураға 582, докторантура бойынша 79 адам грант иегері атанған. Ал, 2024-2025 оқу жылында университет 5 000 студентті грантпен оқытуды жоспарлап отыр.

 

Қазіргі уақытта талапкерлерді қабылдап отырған педагогикалық университеттің қабылдау комиссиясы қызметкерлерінің айтуынша, аталған пікір орынды. Жыл сайын бала тәрбиесіне атсалысамын, ұстаз боламын деушілер қатары артып келеді. Осы орайда, жастардың мұғалімдікке ұмтылысына көз жеткізу үшін университеттегі сұранысқа ие мамандықтарға да талдау жасап көрдік.

 

Айталық, «В018-Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандықтары көш бастап тұр. Биыл аталған мамандыққа тапсырғандар саны 1 407 талапкерді құраған. Екінші орынға «В055-Математика және статистика» мамандығы жайғасады. Бұл мамандыққа жалпы саны 1 009 адам тапсырса, «В009-Математика мұғалімдерін даярлау» бойынша 800, «B018 (KZ-FR)-Шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығына 847, «В015-Гуманитарлық пәндер бойынша мұғалімдерді даярлау» мамандығына 550 талапкер өтініш білдірген. Бұл цифрлар мұнымен аяқталмайды. Біз көрсеткен фактілер тек грант конкурсына қатысушы талапкерлердің өтінішіне сүйене отырып алынған. Оқуға тапсырушы талапкерлердің саны күн сайын артып отыр. Яғни, педагогикалық мамандықтарға сұраныс жоғары екені анық.

 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде: «Демографиялық ахуалға байланысты 2025 жылға қарай балабақшаларға 15 мыңнан астам тәрбиеші, мектептерге 14 мыңнан аса бастауыш сынып мұғалімдері қажет болады. Осыны ескере отырып, педагог кадрларын даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайтылуда», - деді.

Сөз басында айтып өткеніміздей, еліміздегі педагог кадрлар қажеттілігін қамтамасыз етудегі ең басты тиімді шаралардың бірі - жас мамандар дайындау. Біз ат ізін салған Абай атындағы ҚазҰПУ аталған мәселені шешуде көш ілгері тұр. Жоғары оқу орны өз студенттеріне сапалы білім беріп қана қоймай, оларды жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне де баса назар аударады. Оқу орны серіктес-жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орната отырып, еліміз үшін сапалы кадрлар дайындауды жалғастыра бермек.

 

29.07.2024

Ақпарат көзі: qazaq1913.com