қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
27.08.2024

Түркістандағы тамыз кеңесі: білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа қадамдары

 

2024 жылдың 27 тамызында Түркістан облысы білім беру саласы қызметкерлерінің «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Түркістан қаласында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты - білім сапасын арттыру үшін білім беру үрдісіне заманауи инновациялық жобаларды енгізу.

 

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма басшысы-ректор Болат Тілеп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

 

Облыстық тамыз кеңесі аясында инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, білім беру жүйесін дамытуға қатысты маңызды мәселелер талқыланған пленарлық сессия отырысы өткізілді. Жиында еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны - Абай университетінің ректоры баяндама жасады.

 

Ректор Болат Тілеп баяндамасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа формациядағы педагог кадрларын даярлау, білім алушылардың цифрлық дағдыларын дамыту және білім сапасын көтеру, орта білім беру саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Уақыт талабына сай жаңа «Ғылыми мектеп» қалыптастыру және инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажеттілігіне тоқталып, еліміздегі 5 педагогикалық жоғарғы оқу орындарының үйлестіруші орталығы ретінде өткен жылы фин үлгісі бойынша 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленгенін, оның 12-сі Абай университеті ғалымдарының еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

 

Болат Тілеп педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру және олардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін дамыту мәселелерінде Түркістан облысымен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Түркістан - еліміздің адами капиталының сапасына жауапты өңір ретінде шешуші рөл атқаратынын айта келе, бұл жұмысты күшейту үшін бірқатар бастамалар ұсынды.

 

Пленарлық сессия барысында қатысушылар білім саласына инновацияларды енгізу стратегиясын, оқу бағдарламаларын жетілдіруге қажетті шараларды, мұғалімдердің біліктілігі мен цифрлық сауаттылығын арттыруды, сондай-ақ білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жетілдіру, кадрлық ресурстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Оқу үдерісіне жасанды интеллект пен озық технологияларды енгізуге, сондай-ақ білім алушылардың халықаралық стандарттарға сай жан-жақты дамуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді.

 

Іс-шара Түркістан облысының үздік педагогтарын марапаттаумен аяқталып, олардың білім беруді дамытуға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

 

Еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі Түркістанда жаңа білім нысандарын салу бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 13-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 63 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған, оның 29-ы биыл пайдалануға беріледі. Мектеп инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады.

 

Түркістандағы тамыз кеңесі өңірдің білім беру жүйесін жаңғырту, инновациялық жобаларды дамыту және білім беру сапасын әлемдік стандарттар деңгейіне дейін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=