қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
02.09.2024

Абай университеті ұжымы Президент Жолдауын тыңдады


2024 жылдың 2 қыркүйегінде Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен тыңдады.

 

Президент Жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты маңызды мәселелер айқындалды. Президент алдағы ел дамуының негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, негізгі атқарылатын міндеттерді атап өтті: ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайларды ұдайы жақсарту; еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау; инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; кадрлық әлеуетті біртіндеп арттыру; ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру; мемлекеттік басқарудың тиімділігін түбегейлі арттыру; қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру.

 

Жолдауда білім беру жүйесін реформалау және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президент Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланатын 2025 жылдың маңыздылығына тоқталып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттігін сөз етті. Бұл шаралар қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар ұлттың зияткерлік күші болып табылатынын және оның өсіп-өркендеуіне шешуші рөл атқаратынына назар аударды. Кәсіптік білім беру реформасы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін маңызды болып табылады. Президент дарынды жастарды педагогикалық жоғары оқу орындарына тарту керек екенін, педагогтардың біліктілігін арттыру мен әлеуметтік мәртебесін көтеру шараларын жалғастыру қажеттігін айтты.

 

«Ұстаздар - ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

 

Бұл бастамалар Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын сапалы адами капиталды қалыптастырудың қозғаушы күші болып табылады.

 

Абай университеті ұжымы Мемлекет басшысының бастамаларын толығымен қолдай отырып, алдағы уақытта да педагогикалық кадрларды даярлауға өз үлесін қоса бермек.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=