қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
03.09.2024

 

Білімді адам қашан да құрметке ие – Демеу Жадыраев

 

                

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Білім күнін салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік іс-шараға Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы қаласының Құрметті азаматы Кенжехан Матыжанов, университет түлегі, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Медеу Арынбаев, бірінші және жоғары курс студенттері, ата-аналар, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер қатысты.

 

Ректор Болат Тілеп Абай университетіне оқуға қабылданған 1-курс студенттерін өмірдің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтады. Ол биыл еліміздегі жетекші жоғары оқу орны рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, 6 мыңнан астам талапкерді қабылдағанын атап өтті.

 

«Осы жылы оқуға түскен 6 мыңнан астам білім алушылардың 5215-і бакалавриат студенттері атанды. Олардың ішінде 314 «Алтын белгі» және 500-ден астамы үздік аттестат иегерлері бар. Құрметті студенттер, біздің мақсатымыз - сіздердің білімге деген құштарлықтарыңызды арттырып, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Жақсы оқып, биік жетістіктерден көрініңіздер», - деді ректор.

Сондай-ақ оқу орнының басшысы Демеу Жадыраевқа университеттің ең жоғары марапаты - «Абай» төсбелгісін табыс етті.

 

«Бүгін ерекше күн - білім күні. Білімді адам қашан да құрметке ие. Аса қадірменді жастар, сіздерді оқу оқып, жақсы білім алып, туған жеріміз үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, еңбек етуге шақырамын. Алға, Қазақстан!», - деді Демеу Жадыраев.

 

Іс-шара барысында Абай университеті оқу орнындағы Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі департамент қызметкерлерінің бастауыш сыныпта оқитын балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарын сыйға тартты. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында бұл жолы көпбалалы, көмекке мұқтаж бес отбасына оқу құралдары мен өлшемі дәл келетін мектеп формасын алуы үшін арнайы сертификаттар табысталды.

 

Мерекелік кеш ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада жұлдызы Медеу Арынбаевтың «Дариға жүрек», «Алматының кешінде» әндерін орындауымен жалғасты.

 

Құрылғанына 96 жыл толып отырған қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биыл 96-шы рет бірінші курс студенттерін қабылдап отыр. Заманауи құрал-жабдықтармен, ақпараттық техникалармен жарақтандырылған кең аудиториялар, компьютерлік сыныптар, түрлі зертханалар, интерактивті құралдар, кітап қоры 1 800 000 болатын кітапхана, спорт кешені студенттер үшін қызмет етеді.

 

Білім алушылардың алаңсыз оқып, сапалы білім алуына толық жағдай жасалынған. Ендігі міндет - тек қана жақсы оқып, бәсекеге қабілетті маман болып шығару.

 

03.09.2024

Ақпарат көзі: aikyn.kz