Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
03.09.2024
Университет экожүйесін дамыту қадамы
Сапалы білім - кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші. Осыған байланысты еліміздегі жоғары оқу орындары экожүйесін бәсекеге қабілетті ету уақыт талабынан туындап отыр. Кейінгі жылдары республикадағы білім сапасына, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы, оқытушылар құрамы мен білім бағдарламаларын жетілдіру мәселесіне қатысты сын жиі айтылады. Әсіресе рейтинг көрсеткіші мен білім сапасы сәйкес келе бермейтін университеттердегі білім үрдісіне алаңдаушылық басым.
Қазіргі кезде елімізде статистика бойынша 120 жоғары оқу орны бар. Оларда білім алатын студенттер саны 700 мыңға жуықтайды. Ендігі кезекте білім алуға талпынған жастарға заманауи мүмкіндіктер қарастырып, әлеуметтік экожүйеге де басты назар аудару қажет болып отыр. Бұл өңірлерден келетін студенттерді баспанамен, заманауи жабдықталған аудиториялар, ғылыми зерттеулерге арналған зертханалар, оқу-әдістемелік кешенге бай кітапханалар, коворкинг орталықтармен қамтамасыз етумен тығыз байланысты.
Бүгінгі таңда республикадағы жоғары білім мекемелерінің цифрлық экожүйесіне ерекше назар аударудың маңызды екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осы орайда «LMS» (Platonus, Univer, Moodle және басқа) платформаларына қосу жұмыстары, инновациялық технологияларды қолдануда «Coursera», «Huawei Technologies Kazakhstan» «LLP», «Binance Kazakhstan» сияқты ірі компаниялармен ынтымақтастық жалғасады. Бүгінде «Huawei» сертификатталған курстары 35 жоғары оқу орнында іске асса, «Binance Kazakhstan» қолдауымен 22 жоғары оқу орнында ақпараттық технологиялар факультеттерінің оқытушылары блокчейн-технологиялар бойынша білімін толықтырды. «OpenSearch» жобасына ІТ саласындағы студенттерді тарту және салалық деңгейде тәжірибе жинақтау мақсатында министрлік пен «Amazon» компаниясы меморандумға қол қойып, биылғы оқу жылында 15 жоғары оқу орны «Google»-дың жасанды интеллект курсын енгізе бастады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Google for education» қанатқақты жобасына қатысуы жоғары білім кеңістігінде жаңа білім дағдыларын игеруге ықпал етеді. Осы орайда педагог кадрлар даярлауда көш басында тұрған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылып, екі университет арасында ынтымақтастық жасалды. Бұл бағытқа 95 грант бөлінген. Білікті мамандар даярлау мақсатында ҚазҰПУ-да биыл ректор бастамасымен 2-4 курстың үздік студенттеріне «Абай шәкіртақысы» тағайындалды. Мұнымен қоса университетте Түркістан, Алматы облыстарынан келген студенттер көш бастап тұрса, биылғы оқу жылында Алматы қаласынан түскен студенттер қатары көбейген. Жаңа формациялы педагогтермен қамтамасыз ету мақсатында Астанада Абай университетінің білім факультеті ашылып, 297 грант бөлінді. Ал биылғы оқу жылынан бастап педагог дағдыларын шыңдау үшін 1-курс студенттері мектептерде тәжірибеден өтеді. Жоғары білім беруде бәсекелестік көшінде көп арасынан оза шабу білім сапасымен ғана айшықталмақ. Осы орайда білікті кадрлар даярлауда білікті басшының рөлі жоғары екенін көреміз. Республикада білікті басшылармен қамтамасыз ету мақсатында ректорларды конкурс арқылы тағайындау жүйесі де университеттерді дамытуда басымдыққа ие болып келеді. Осы негізде ректорлық корпус 50 пайызға жаңартылған. Ал «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың да басшылыққа келуі білім кеңістігінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенім мол.
Мұнымен қоса қазіргі кезде 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орындары іріктеліп, академиялық шеберлік орталықтарын құру көзделіп отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек: «2029 жылға дейінгі Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында «университет ғылымы» бөлімі көзделген. Онда технологиялық және инжиниринг парктерін құру, университеттер мен ғылыми ұйымдарды интеграциялау, эндаумент-қорларды қалыптастыру сияқты үш негізгі бағыт шоғырланады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты грант бөлініп, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы іске асады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында конструкторлық бюролар, инжинирингтік орталықтар, бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар, технологияларды коммерцияландыру мен трансферттеудің өңірлік орталықтары, жобалық конструкторлық бюролар жұмыс істеуі үшін университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтарға қолдау көрсету пысықталып жатыр», деп атап өткен еді.
Студенттер мен жас ғалымдар зерттеу экожүйесі мен жаңа технологияларды дамыту мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-ге зерттеу университеті мәртебесі беріліп, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабы құрылды. Биыл бұл оқу орны базасында Гонконгтің «CityU» университеті ашылғаны белгілі. Ендігі кезекте Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық негізінде ҚазҰТЗУ-да Корея өнеркәсіптік институтымен сирек металдар орталығын құру жөніндегі келісім жасалды. Сарапшылар университеттер базасындағы зертханалар жаңа инновациялық жобаларға серпін беріп қана қоймай, технология саласында бренд қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Заманауи зертханалармен қамтамасыз ету талантты жастардың әлемдік технологиялар көшіне ілесуге ықпал етеді. Ол үшін инновациялық қадамдармен қатар студенттерге қолайлы жағдайлардың да жасалғаны керек. Өйткені көп жағдайда студенттер зертханада зерттеулер жүргізіп, өндірістерде тәжірибеден өткеннен гөрі күнделікті әлеуметтік жағдайына көп көңіл аударады. Сондықтан университеттер білікті маман, болашақ ғалым, өндіріс инженерлерін даярлауда озық тәжірибелерге назар аударғаны абзал.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың пікірінше, елімізде өңдеу өнеркәсібінде мамандар жетіспейді. Көлік, аграрлық сала, құрылыс және басқа да салаларда шикізатқа бағытталған өндіріске өнеркәсіп инженерлерін даярлау уақыт күттірмейді. Қазіргі кезде шағын және орта бизнес заманауи мамандарға мұқтаж. «Өкінішке қарай, әртүрлі саладағы кәсіпорындар мен аймақтарда өндіріске бағытталған кадрларға сұранысты нақты анықтай алмай отырмыз. Ал жаңа технологиялармен жабдықталған өндірісте жұмыс істеуге озық технологияны игерген мамандар қажет. Ал ол мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары. Сондықтан университеттер де, кәсіпорындар да маман даярлау мәселесінде инновациялық бағдарды бірлесіп жүзеге асыруы қажет», дейді профессор.
Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл озық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарының, әкімдіктердің және бизнес-құрылымдармен бірлесіп, «Мамандығым - болашағым» жобасы жалғасын табады. Бүгінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Жетісу облыстарында форсайт-мектептер ұйымдастырылып, 50 жоғары оқу орны жаңа білім бағдарламасын енгізіп отыр. Ал «EduSystem» компаниясымен ынтымақтастық аясында инновациялық бағдарламалау мектептері ашылып, 20 өңірлік университетте іске аспақшы. Ол Ш.Есенов университетінде қанатқақты жоба ретінде жүзеге асатын болса, Жезқазған қаласында Ұлытау техникалық университеті, Қонаев қаласында инновациялық орталығы, жаңа заманауи университеті бар академиялық қалашықты тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында 200-ден астам бірлескен білім бағдарламалары мен қос дипломды бағдарламалар іске аса бастады. 8 мыңнан астам білім бағдарламасы енгізіліп, оның 50 пайыздан астамы жаңартылды. Осыған байланысты шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жалғасады. Еліміздегі білім жүйесін дамыту, халықаралық озық тәжірибені трансферттеу, шетелдік студенттердің үлесін арттыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастық аясында 19 стратегиялық әріптестік, оның ішінде 15 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары, 8 стратегиялық серіктестікке басымдық беріліп отыр. Осы ретте ашылған De Montfort University Kazakhstan, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы Ұлттық ядролық зерттеу университеті С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасындағы Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасындағы Аризона университеті, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасындағы Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің базасында ашылған Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты, Ш.Есенов университеті базасында қазақ-неміс консорциумы шеңберінде Берлин техникалық университеті филиалының ашылуы халықаралық кеңістікте бірлесе маман даярлауға ықпал етеді. Ендігі кезекте жоғары оқу орындарын ғылыми зерттеу форматына көшіру міндеті тұр. Осы бағытта шетелдік жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ Қазақстанда оқитын шетелдік студенттермен тығыз ынтымақтастықты дамыту уақыт күттірмейді.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындары студенттерін баспанаға мұқтаждық алаңдатады. Елімізде сапалы білім алуға бағытталған тетіктің бірі - жатақханамен қамтамасыз ету. Студенттерді жайлы тұрғын-жаймен қамтамасыз ету барлық жоғары оқу орнында қыркүйектің ортасына дейін жалғасады. Қазіргі кезде еліміз бойынша 14 жоғары оқу орнындағы жатақханаларда күрделі жөндеу, 63 жоғары оқу орнындағы 175 жатақханада ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Десек те жатақхана жетіспеушілігі Алматы мен Астанада өзекті болып отыр. Министрлік жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын нығайтуға мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігімен жұмыс істей отырып, нәтижесінде, 27 мың орынға арналған 126 нысан, жыл соңына дейін 10576 орынды 27 жатақхананы пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Заманауи дизайнда, жасыл кампус тұжырымдамасын жүзеге асыру қолға алынып, шетелдік студенттік резиденциялар форматына сәйкес келетін жатақханалар салу көзделген. Оған мысал ретінде Алматы қаласында пайдалануға берілген «Emen» студенттер үйін айта кетейік. Нархоз акционерінің қаражаты есебінен салынған жатақхана жалпы ауданы 8700 шаршы метрді құрайды. Мұнда 3, 5, 7 қабатты ғимараттар кешені бар. Студенттер үйі жиһаз, техника, климаттық бақылау және автоматты өрт сөндіру, жеке санитарлық тораптармен жабдықталған. Бөлмеге сандық код құлыптарын, саусақ іздерін сканерлеу арқылы кіруге болады. Алматы мен Астанаға оқу жылы басында студенттер көптеп келетіндіктен қазіргі кезде бірыңғай колл-орталық пен ахуал орталығы жұмыс істеп жатыр. Алайда студенттер санының жыл сайын ұлғайып бара жатқаны жатақхана тапшылығы мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік бермейді. Мұның нақты шешімін сарапшылар өңірлерде жоғары оқу орындарын ашып, инфрақұрылымын дамытып, өндіріс аумақтары шоғырланған өңірлерге қажетті мамандарды даярлайтын кеңістікті барынша жетілдіру қажеттігін алға тартып отыр.
03.09.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |