Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
18.09.2024
Ғылыми әлеуетті арттыру қадамы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Гонконг білім беру университетімен (EdUHK) ынтымақтастықты нығайтуға байланысты іс-шара аясында аталған оқу орнының өкілдерімен кездесу өтті. Онда «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру» бағытындағы орталық ашу мәселесі талқыланды.
Кездесуде Гонконг білім беру университетінің интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті, профессор Ло Синг Кай «Kazakh Centers of Education» жобасымен таныстырып, әлеуетті арттыру бағдарламасы, халықаралық конференция ұйымдастыру және жазғы, қысқы мектептерді өткізуге қатысты мәліметтерді баяндады. Сонымен бірге профессор ғалымдардың ғылыми жобаларды жүзеге асыру және «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру» орталығының қызметіне қатысты тақырыптарды да тілге тиек етті.
Бүгінде Гонконг білім беру университеті «QS World University Rankings by Subject» рейтингінде пәндер бойынша 20-орында тұр. Университет ғалымдарының пікірінше, әлемдік білім кеңістігінде беделді оқу орнымен серіктестік академиялық және ғылыми әлеуетті арттыруға ықпал етпек.
Кездесу барысында ғалымдар мен зерттеушілер тарапынан жасанды интеллект пен инклюзивті білім беру орталығының жұмысына басымдық берілді.
Айталық, қос университет ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, білім алмасу мақсатында жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейту туралы келісімге қол жеткізген. Бұған дейінгі кездесулерде Гонконг білім беру университетінің өкілдері «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында университет оқытушыларымен, студенттерімен сұхбат жүргізген еді. Енді ғылым, білім саласы өкілдері арасында өткен мұндай кездесу алдағы уақытта да жандана түспек.
18.09.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |