қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
20.09.2024

 

 

 

Абай университетінің оқытушылары «500 ғалым» жобасы аясында педагогикалық білім берудегі инновацияларды игеруде

 

                

 

Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетінде (АҚШ) ғылыми тағылымдамадан өтуде. Мемлекет басшысы өз сөзінде педагогикалық білім беруде түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін атап өткен болатын. «Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет.

 

Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тағылымдама барысында филология факультеті, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары: PhD, аға оқытушы Ф.Ержанова, PhD, қауымдастырылған профессор С.Серикова, PhD, аға оқытушы Г.Жандыкеева және магистр, оқытушы А.Умарова - біліктілігін арттырып, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Оқытушылар академиялық жазу, жоғары білім беру трансформациясы және педагогикалық инновациялар бойынша курстардан өтуде.

 

Төрт ай бойы олар қарқынды академиялық ағылшын тілі курстарынан өтіп, English Speaking Club-қа қатысып, АҚШ мәдениеті мен тарихымен танысты. Сонымен қатар Иллинойс штатындағы маңызды тарихи орындарды, соның ішінде АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольнның туған қаласы Спрингфилдті аралады. Тамыз айында стипендиаттар Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевпен және «Болашақ» бағдарламасының өкілі Руслан Сакеевпен кездесіп, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

 

Курстарда алған білім оқытушылардың біліктілігін арттырып қана қоймай, кафедраға жаңа идеялар әкелуге ықпал етеді, бұл өз кезегінде білім беру сапасын жақсартады. Халықаралық тағылымдама кәсіби құзыреттілікті нығайтуға және ғылыми байланыстарды дамытуға зор мүмкіндік береді. Шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнату Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттырып, білім беру жүйесінің дамуына септігін тигізеді.

 

20.09.2024

Ақпарат көзі: gov.kz