Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
26.09.2024
Америкадағы тағылымдама
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Американың Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр.
Академиялық жазу, жоғары білім беру трансформациясы және педагогикалық инновациялар бойынша курстардан өтіп жатқан филология факультеті орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ф.Ержанова, қауымдастырылған профессор, PhD С.Серікова, аға оқытушы, PhD Г.Жандыкеева, магистр А.Омарованың айтуынша, тағылымдама оқыту дағдысындағы өзгешеліктерді ғана емес, цифрландыру туралы кеңінен мағлұмат алуға, білім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту мақсатында заманауи технологияларды игеру, білім саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді меңгеру міндеті тұр. Тағылымдама кәсіби құзыреттілікті нығайтумен қатар ғылыми байланысты дамытуға берілген зор мүмкіндік», дейді оқытушылар.
Университет оқытушылары төрт ай бойы ағылшын тілі курстарына, «English Speaking Club»-қа қатысты. Білімін жетілдірумен бірге Америка елінің мәдениетімен, тарихымен танысты. Олар Иллинойс штатындағы тарихи орындар, соның ішінде АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольннің туған қаласы Спрингфилдке келгендегі әсерімен бөлісті. Мұнымен қоса Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевпен, «Болашақ» бағдарламасының өкілі Руслан Сәкеевпен кездесіп, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу барысын талқылады.
Шетелдік университет пен ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнату еліміздегі жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттырып, осы саладағы өз тәжірибемізді де кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
26.09.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |