қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.10.2024

 

Ұстаздық – ұлағатқа толы ұлы іс

 

                

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп хәкім Абай айтқандай, қай дәуірде болсын ұстаздың қоғамдағы рөлі, ұстаз мәртебесі жоғары орында тұратыны ақиқат. Адам жанының нәзік қыр-сырын түсініп, шәкірт болмысын дөп басып танып, болашақтың бақшасына жеміс егетін де, мәуелі бақтың бағбаны болатын да - осы ұстаздың ұлағаты, шыдамдылығы мен шеберлігі, парасаты мен даналығы.

 

Жас буынның болмысына, жүрегіне тәрбие, білім, жалпыадамзаттық аксиологиялық ізгілік игіліктерін дарыту барысында ұстаздың ішкі жан дүниесіне тән және сыртқы келбетінен көрінетін асыл қасиеттері тоғысқанда ғана жеке тұлғаға ықпал ететіні жайындағы пайымды тұжырымдар әрбір заманда өзектілігін, құндылығын жоғалтпайтынын білеміз. Әрбір ұстаз өзінің білімі, білігі, жүріс-тұрысы, жайдары мінезі, тіпті сыртқы келбет, бейнесімен де шәкіртке үлгі болатын ұлағат иесі.

 

Халқымыздың біртуар перзенті, академик-жазушы Мұхтар Әуезов: «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес», - деуі арқылы әр шәкірттің ешкімге ұқсамайтын әрі қайталанбайтын болмысы, тұлғалық ерекшелігі бар екенін есімізге түсіріп, оларды бағалауда бір-бірімен салыстырып, бірін артық, бірін кем санап, шәкіртті бөліп-жарудың адамдық әрі ұстаздық асыл қасиетке жатпайтынын тілге тиек етеді.

 

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», - деген Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаев қай қоғамда болса да, ұстаз мәртебесінің жоғары екенін, осы деңгейге көтерілу үшін әрбір ұстаз саналы ғұмырын сарп етіп, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, төрдегі орынға табандылықпен жететінін тереңнен тұжырымдаған. Алаш қайраткерінің өміршең һәм ғибратты бұл пайымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта жандандырып, Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңына (30.12.2019 ж) қол қойды. Президент Қ.Тоқаевтың педагог мәртебесін заңмен бекітуі ақын М.Жұмабаев сынды Алаш арыстарының асыл арманының тәуелсіздік дәуірінде жүзеге асуы деп білеміз.

 

Педагог мәртебесін заңмен бекіту арқылы Мемлекет басшысы ұстаздың қазіргі қоғамдағы маңызды рөлі мен атқаратын қызметін нақты айқындап беріп, қоғамдағы ұстаз лауазымының, ұстаз қадірінің қашанда жоғарыда екенін тағы бір көрсетті. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы ұстаздар қауымының тынысын ашып, көкжиегін кеңейтті, саналы ұрпақты тәрбиелеу жолында бар ынта-жігерімен сапалы еңбек етіп, келешекте қазақ қоғамының игілігіне қызмет ететін бірегей тұлғалар тәрбиелеу ісін алға қойды. «Педагог мәртебесі туралы» Заң білім ордасындағы мұғалімге де, білім алушыға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.

 

«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген халық даналығынан ұстаздың қоғамдағы орнымен қатар, шеберлігін, өмірлік ізденісін, ұлы мұрат жолындағы игілікті миссиясын айқындайтын құндылықты аңғаруға болады. Дарынды, шығармашыл, талантты әрі талмай ізденіс жолында жүретін көкірегі ояу, жаңашыл ұстаздан білім алған ойлы шәкірттің санасы сергек, рухы биік болары хақ. Осы тұста адамзаттың ақылман ақыны Абайдың: Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, - деген өлең жолдары ойға оралады.

 

Мыңдаған шәкірттердің санасын оятып, үлкен өмірге дайындау «инемен құдық қазғандай» еңбекті қажет етеді. Күн сайын өз білімін жетілдіріп, әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа ақпаратты әртүрлі тәсілдермен жеткізу қажет. Ұстаздық жол өскелең ұрпаққа танымдық, тағылымдық тұрғыдан қызықты әрі сапалы білімді тиімді ұсыну үшін қажырлы еңбек пен уақытты қажет етеді. Біздің мақсатымыз - Жаңа Қазақстандағы жас ұрпақты болашағы жарқын, рухы асқақ, отаншыл, ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу.

 

Біз мәңгілік елдің алашшыл жастарын қазақ руханиятының қайнар бұлағынан сусындатып, бойына адамгершіліктің іргетасын қалап, бірлік пен берекеге, отаншылдық пен асқақ рухқа, ізгілікке негізделген білім мен тәрбиенің дәнін егудеміз. Мұндай қызығы мен қиыншылығы, бейнеті мен зейнеті, машақаты мен жетістігі бірге жүретін жауаркершілігі мол жұмысты қатар алып жүру тек нағыз ұстаздың ғана қолынан келері анық. Осы орайда хәкім Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға», - деген даналығын еске түсіргеніміз орынды. Тағылымға толы бұл сөздің астарында ақиқат жатыр.

 

Ал ұстаздың қоғам алдындағы зор беделі нақты бір ережелермен өлшенетін, жеңіл әрі атүсті жасалатын жұмыстың нәтижесі емес. Әрдайым тәрбиелеп отырған шәкіртінің тұлғалық дамуымен, жеткен жетістігімен, қоғамда бір кірпіш болып қаланып, азат еліне адал қызмет етуге бағыттайтын әрі жемісін көрсетуді талап ететін тынымсыз атқарылатын қызмет пен ерен еңбектің, есепсіз төгілген маңдай терінің нәтижесі. Ұстаздың қоғамдағы рөлі шәкіртінің өмірден өз орнын тауып, қазақ қоғамына, елі мен жеріне тигізер пайдасымен, кісілігі зор тұлға ретінде қалыптасу сапасымен бағалануы тиіс.

 

«Ұстаз - адам жанының инженері», - деген қағидаға сүйенсек, әрбір ұстаз танымы терең, тарихы мыңжылдықтар қойнауында жатқан, әлемде өзінің алып кеңістігі бар қазақ деген ұлттың ұрпағын еліміздің келешегі көркем болуына өзіндік үлесін қосатын саналы, иманды етіп тәрбиелеуге күш салуы керек. Демек, ұстаз - ұлттың көкірек көзін ашып, санасына сәулесін түсіретін, ұлттық рухын көтеріп, ұлттық дүниетаным көкжиегін кеңейтетін алып тұлға. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп ұлт тәрбиесін білім беру саласымен тығыз байланыста қарастырудың маңызын ашып көрсеткен.

 

Ахмет Байтұрсынұлы жас ұрпаққа білім берудегі әдістеменің пайдасын, «аз болса да, саз» етіп үйретудің тиімділігін: «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал» деп түсіндіреді. «ХХІ ғасыр - білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ жоғары білімінің қасиетті қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бұл істің үдесінен шығып, бүгінде білім - ғылым - тәрбие сынды құндылықтар үштағанын насихаттайтын қасиетті орда.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 1928 жылғы қазан айында негізі қаланған еліміздегі алғашқы жоғары оқу орны. Ғасырға жуық тұрлаулы тарихы бар білім ордасының ұлт руханиятында алатын орны айрықша. Алғаш құрылған күннен бастап бүгінге дейін қоғам өмірінің барлық салаларында қызмет ететін білікті мамандар даярлауда. «Мақсатсыз халық жүгенсіз» деген тәмсілге сай, жоғары білімнің қара шаңырағы саналатын оқу орнының мақсатты стратегиялық бағдарлы жолы, өзіндік миссиясы, пайымы айқын, құндылығы жоғары. Жоғарыда тілге тиек еткен үш құндылықты темірқазық ретінде ұстанған стратегиялық бағыт-бағдары бар.

 

Ордалы оқу орнының негізгі миссиясы: «Біз озық әдістемелер, ұлттық мұра және әлемдік тәсілдер негізінде заманауи білім беру қажеттіліктерін алдын ала болжай білетін педагогтарды дайындаймыз. Біз мұғалім мамандығының беделін арттырамыз және адами капиталды дамытудың драйвері боламыз».

 

Пайымы: «Абай университеті 2029 жылы Орталық Азиядағы педагогикалық білім беру көшбасшысы, жаңа формациядағы педагогтар дайындайтын инновациялық алаңға айналады».

 

Құндылықтары: «Abai University педагог-ғалымдары, қызметкерлері мен студенттері ұжымның әрбір мүшесінің дамуы үшін жағдай жасайтын мынадай құндылықтармен бөліседі: кәсібилік, жауапкершілік, адалдық, ұйымшылдық, студенттік центризм, шығармашылық, көшбасшылық, икемділік».

 

Жоғары білім беру жүйесінің көш басында тұрған білім ордасы аталған бағытта болашақ ұстаздар, кәсіби мамандар даярлап, білім бәйгесіне қосуда озық тәжірибе мен үздік нәтиже көрсетіп келеді. Бұл бағытта ұлт үшін қалтқысыз қызмет еткен ұстаздар қауымының еңбегі зор және төккен тері әрқашан жоғары марапатқа лайықты. «Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген хәкім Абайдың қанатты сөзі ұстаз мәртебесінің биіктігін айшықтайды.

 

Ойымызды Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет» деген ғибратты сөзімен түйіндесек, ұлт үшін осындай жауапкершілігі мол, қажырлы қызметті абыроймен атқарып, халықтың жарқын болашағына үлес қосу - ұлағатты ұстазға ғана тән құнды қасиет пен өміршең өнеге. Отандық педагогтердің кәсіби мерекесіне орай барша әріптестерге шынайы түрдегі ізгі лебізімді арнап, келешегінің кемел әрі көркем болуы жолында талмай қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымына күш-қуат пен мықты денсаулық, жемісті жетістікке толы толайым һәм шығармашылық табыс тілейміз! Ұлағатты ұстаздық жолындағы игілікті ісіңіз берекелі, мұратыңыз асыл болсын дейміз!

 

Болат Анапияұлы ТІЛЕП,
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы - ректор

 

04.10.2024

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz