Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
29.12.2017 Такир Балықбаев: "Тәуелсіздік дәуірі" - замана шындығы
Тәуелсіздік - ол ұлттық мемлекеттілік, оның тамыры - жасампаздық рух, ұраны - ел мен халық. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы қашанда өз тәуелсіздігін бойтұмардай сақтап, еркіндік жолында биіктен биікке ұмтыла бермек.
Бізді бұл күнге жеткізген ұмытылмас оқиғалар - ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, халқымыздың қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ рухы, қайтпайтын табандылығы өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде жадымызда сақталуға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүрді, өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғаларды Елбасымыз кезінде: «Ұлы Далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері», деп бағалаған болатын. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын қазақ халқы тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре - бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу - бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
26 жылдық тарихымыздағы ең басты табысымыз - біз әлем картасында болмаған мемлекет - Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылды. Бүгінде біз заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайып» үлгісін көрсетті. 2012 жылы біз әлемнің бәсекеге қабілетті ең жоғары дамыған 50 елінің қатарына кірдік. Тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 20 есеге өсті. Кәсіпкерлік жыл сайын дамып келеді. Қазір елімізде 1 млн 241 мың кәсіпкерлік құрылым бар. Олар ұлттық байлықтың 4,1-ін өндіреді. Бізде коммуникацияның, өндірістің бірыңғай жүйесі қалыптасты. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтап келеміз. Бүгінде 2500-ден астам өнім түрі 119 елге экспортталады. Тәуелсіздік жылдары индустриялық-инновациялық жоба бойынша мыңнан аса жаңа өндіріс орындары ашылды. Бұрын ешқашан біздің жерімізде автомобиль, локомотив, вагон, тікұшақ өндірісі және басқа да көптеген өндіріс болған емес. Бүгінде елімізде бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрі өндірілуде.
Тәуелсіздік жылдарының ең басты табысы жаңа елордамыз - Астананы салуымыз болды. Экономикалық ғажайыптардың арқасында халқымыздың әл-ауқаты артып келеді. Жұмыссыздық 2,6 есеге қысқарды. Соңғы 5-6 жыл көлемінде ғана 270 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Кейінгі оншақты жылда адамдарымыздың еңбекақысы мен зейнетақысы он еседен астам ұлғайды. Осы жылдарда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының сарабдал саясатының арқасында 1 млн-нан астам отбасының баспаналық жағдайы жақсартылды. Еліміз бойынша 2700-ден астам балабақша және жекеменшік шағын балалар орталықтары ашылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде 1400-ге жуық жаңа мектеп салынды. Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті өмірге келді. Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды. Сондай-ақ осы уақытта 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, олар ең заманауи құралдармен жабдықталды. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында ондаған инновациялық табыстарға қол жетті. Биыл Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуі де Қазақстанның әлемдегі абырой-беделінің арқасы...
Бірақ мұның бәрі жалпылама шолу, ел білетін деректер ғана. Ал тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық даңқты жолында біз біле бермейтін қаншама қатпар-қатпар тарих жатқанын Мемлекет басшысы - Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жуырда ғана жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқығанда анық байқадық. «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы» және «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деген тарауларға бөлінген бұл кітаптың бүкіл идеясын осы тақырыптардан айқын аңғаруға болады. Бұл тараулар Қазақстан дамуының нақты кезеңдерін қамти отырып, тәуелсіз еліміздің басынан өткерген қадау-қадау оқиғалар мен тарихи деректерді алға тартады. Әрине біз бүгінгі деңгейге оңайшылықпен жетпегеніміз белгілі. Қаншама реформалар, жаңғырулар, жаңа бастамалар, көз көрсе де көңіл сенбейтін шырғалаң кезеңдер арқылы еліміз бүгінгі Үшінші жаңғыру дәуіріне жеткенін Елбасы жазбалары арқылы тереңдеп түсіне аламыз.
Уақыт өтер, заман жаңарар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей ұрпақтардың әлденеше буыны ауысар. Сол кезде олар ел тәуелсіздігінің алғашқы ширек ғасыры қандай шырғалаң жолдардан өткенін осы еңбек арқылы түйсінер деп ойлаймын. Бұл кітап нағыз замана шындығы, тарихтың тағылымды беттері болды деп сеніммен айта аламын.
Авторы: Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор 29.12.2017ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|