Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
04.01.2018 ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ОРТАЛЫҒЫН АШАМЫЗ
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық еңбегінде: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан - 2050 Стратегиясында» «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл - сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз... Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшелігіне байланысты», - деген болатын.
Латын әліпбиіне көшу туралы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері айтылып, «Қазақстан-2050» Стратегиясында бұл жөнінде міндет те белгіленіп, тіл білімі ғылыми-зерттеу институты жаңа графиканың жобасын жасап келе жатқаны белгілі. Алайда, Мемлекет басшысының рухани жаңғыруға байланысты бағдарламалық еңбегі бұл іске тың серпін беріп, көктемнен бері іс алға жылжыды. Латын әліпбиінің бірнеше жаңа нұсқасы жасалып, ол бүкіл халықтың, ғалымдардың, зиялы қауымның талқылауынан өтіп, алты мыңдай ұсыныс түсті. Ақыры әбден екшелген нұсқа қабылданып, қазақ елінің көп жылғы арман-аңсары жүзеге асты.
Елбасының 27 қазан 2017 жылғы Жарлығымен бекітілген жаңа нұсқа бәріміздің де көңілімізден шықты. Мұнда тілдің дыбысталуы нақтыланды. Әріп саны бүгінгі ақпараттық технологияның талабына сәйкестендірілді. Қазақ әліпбиінің орфографиялық нормаларын айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабына сабақтастыруға, сәйкестендіруге басымдық беріліп отыр.
Тіл білімі ғалымдарының пікірінше, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі ана тіліміздің әлем тілдерінің биігіне көтеріліп, халықаралық деңгейде өз орнын алуына және әлемдік ақпараттық кеңістікке енуіне ықпал етеді.
Сондай-ақ, Елбасы рухани жаңғыру туралы еңбегінде 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы стандартты нұсқасы қабылданса, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектепке арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажеттігін, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге тиіс екенімізді айтып, ауқымды тапсырмалар да берген-ді.
Елбасының тапсырмасына орай әлі алда атқарылатын жұмыс ұшан-теңіз. Біздің Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары да осынау игілікті іске белсене атсалысуға әзір. Қазақстандағы орта мектепке арналған оқулықтардың 70 пайызын жазған Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары латын әліпбиін оқыту жөніндегі оқу-әдістемелік құралдарды дайындауға да құлшыныс танытып отыр. Университет жанынан білім мекемелеріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, латын әліпбиіне қатысты кез-келген оқу-әдістемелік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Еліміздің рухани жаңғыруына бастайтын бұл жаңа үрдістің өміршең болатынына, ана тіліміздің латын әліпбиі арқылы әлемдік өркениеттер көшіне ілесетініне сеніміміз кәміл.
Авторы: Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор
04.01.2018 ж.
Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|