қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.10.2024

Білім саласында қалай жақсы табыс табуға болады?


2024 жылдың 18 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Мансап орталығы мен «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен студенттерге ерекше шабыт сыйлаған ашық дәріс өтті. «Білім саласында қалай жақсы табыс табуға болады?» тақырыбында өткен кездесу білім мен табыстың алтын кілтін іздеген әрбір жастың жүрегінде жаңа үміт отын жақты.

 

Іс-шарада спикер - танымал математик, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы, халықаралық олимпиадалар жеңімпазы әрі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» иегері Асан Жолдасов өзінің табысқа жету жолын ашып көрсетіп, білім беру саласындағы шексіз мүмкіндіктердің сырын ашты. Ол қарапайым ұстаздықтан қалай табысты кәсіпкер болуға болатынын, біліміңді ақшаға емес, арманға айналдыру жолдарын нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Асан Жолдасов тек табысты болу үшін ғана емес, үлкен мақсаты бар тұлға ретінде жетістікке жету жолында қандай қасиеттерді дамыту керектігін де терең талдады. Бұл тек білім беру емес, өмірді өзгертуге арналған қадам болды.

 

Осы әсерлі шарада 4-ші курс студенттері ерекше белсенділік танытты. Олар пікірталасқа қатысып, спикерге сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ студенттер белсенділігі мен шығармашылық көзқарастарының арқасында ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Teach for Qazaqstan» қоры өзінің болашақ мұғалімдерге арналған бірегей бағдарламасын таныстырып, жас мамандарға мансап жолындағы алғашқы берік қадамдарын жасауға мүмкіндік берді.

 

Дәріс студенттердің кәсіби арманын жаңа деңгейге көтеріп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Орындалмайтын арман болмайтыны, тек оған қалай жету керектігін білу маңызды екені осы кездесуде тағы бір рет дәлелденді. Шара болашақ педагогтарды жаңа биіктерге жетелейтін нағыз шабыт көзі болды!

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=