қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.10.2024

«Сенше Жайық арнамнан төгілер ем…» әдеби-поэзиялық кездесу кеші


2024 жылдың 23 қазанында «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы мен Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар мектебінің ұйымдастыруымен «Сенше Жайық арнамнан төгілер ем...» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереевамен әдеби-поэзиялық кездесу кеші өтті.

 

«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жас мерейтойына арнайы ұйымдастырылған шараға университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Рақымберді Жетібай, ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенова және 150-ден аса белсенді университет студенттері қатысты.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Қазақстан жазушылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында және екі жақты бірлескен жұмыс жоспарының негізінде ұйымдастырылған келелі кездесудің мақсаты - ақынның шығармашылығын насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген ықыласын арттыру болды.

 

Әдеби-поэзиялық кездесудің шымылдығын «Күліп жүр» әнімен университет түлегі Еркебұлан Ахан ашса, оқу орнының белсенді студенттері ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.

 

Кеш барысында көрнекті ақын әр жылдары жазылған туған жер, отан, ана, қыз тәрбиесі, махаббат тақырыптарындағы өлеңдерін оқып, шығармашылығы мен өмірі турасында сыр шертті. Сондай-ақ, шара қатысушыларының сұрақтарына жауап беріп, аналық ақыл-кеңестерін айтты. Ал, Салтанат Айбергенова әкесі Төлеген Айбергеновтың «Ақ Жайықтың ақ шағаласына» арналған «Көк қаршыға» өлеңін оқып берді.

 

Іс-шара соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау кездесу кешінің құрметті қонағы Ақұштап Бақтыгерееваға университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілептің атынан гүл шоқтарын ұсынып, сый-сыяпат көрсетті.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

«Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы