Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
11.11.2024 QS рейтингі: Сапа биігінен көріне аламыз ба
Мемлекет басшысы білім жүйесінің жекелеген ғылыми орталықтар, технопарктермен ынтымақтастығы әлеуеті зор зерттеу университеттерін құрылымдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде 20-дан астам жоғары оқу орнында үздік шетел университеттерінің филиалы ашылып, алдағы уақытта 10-нан аса оқу орны халықаралық келісімге қол жеткізбекші.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «QS Higher Education: Asia Pacific 2024» пресс-саммитінде еліміздің, сондай-ақ шетел университеттерінің ректорлары бас қосып, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық мәселелерді талқылады. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға ықыласын жеткізген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ғылым мен жоғары білімді дамытудың стратегиялық маңызына, білікті мамандар даярлаудың халықаралық ынтымақтастықты, диалогті, тәжірибе алмасуды әрі қарай дамыта беретінін атап өтті.
Саммит «QS WorldUniversity Rankings» 20 жылдық мерейтойына арналды. Биыл QS рейтингі оқу орындарының ғылыми зерттеу әлеуеті, тұрақты даму, халықаралық зерттеу жүйесі мен жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне басты назар аударып отыр. Бұл жолы QS рейтингіне елімізден 21 университет қатысып, халықаралық білім кеңістігінде өз позициясын нығайтуға тырысқан болатын. Рейтингті жүйелеу барысында 3 мыңға жуық оқу орнының 15 млн-нан астам ғылыми жұмысы, оқытушылар мен жұмыс берушілердің 200 мыңнан аса қорытындылары қарастырылған.
QS халықаралық рейтингі анықтаған сапа биігінен әрі қарай өрлей беретін болсақ, таяу уақытта еліміз академиялық хабқа айналуы мүмкін. Осындай оптимистік болжам жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылдан бастап Аризона университетінің агротехникалық колледжі зерттеушілері Солтүстік Қазақстан өңірінде 500 гектар аумақта селекциялық, генетикалық зерттеулер басталатынын жеткізді. Ал былтыр Шығыс Қазақстан техникалық университетінде электрмобильдерді жөндейтін, инженерлер даярлайтын орталық ашылғанын қаперге алатын болсақ, еліміздің шығысындағы бастамаға Қытайдың электрмобиль өндіретін компаниясы да қызығушылық білдіріп отыр екен. Бұған қоса министр елімізге келіп оқитын шетелдік студенттер санының едәуір артқанын жеткізді. Бүгінде елімізге оқуға келген шетелдік студенттер саны 30 мыңға жуықтаған. Көрсеткіш кейінгі жылдармен салыстырғанда 10 мыңға артты. Ал шетелдерде жүз мыңға жуық жас білім алып жатыр.
«QS Quacquarelli Symonds» сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман әлемдегі жоғары оқу орындарының бір-бірімен тығыз ықпалдастығы академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуға, ғалымдардың тәжірибе алмасуы мен әлеуетін жандандыруға серпін беретінін атап өтсе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, жаhандық экономиканы дамытуда университеттік ғылым маңызды рөлге ие. Сондықтан білікті маман даярлауда, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде озық тәжірибелерді жетілдіріп отыру қажет. Ал ғаламдық сын-қатерлер жоғары білімнің алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр.
Жиын барысында ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов «QS World University Rankings 2025» рейтингіндегі университеттерге сертификаттар табыстады.
«QS рейтингі еліміздегі жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекедегі рөлін айқындайды. Бүгінде республикада 120 университет бар болса, QS рейтингіне негізінен мемлекеттік және ұлттық университеттердің қатысып отырғанын көреміз. Бұл мемлекеттің білім және ғылым саласын, жоғары оқу орындарын ресурс ретінде әрі қарай дамытуға басты назар аударып отырғандығын көрсетеді», дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проекторы Бану Нұрбекова. Оның айтуынша, елімізге шетелдерден студенттердің көптеп келуі, Орталық Азияда танымалдығымызды айқындап, сапалы карлар даярлаудың деңгейін көрсетеді. Қазіргі кезде түлектеріміз шетелдерде де жемісті жұмыс істеп жатыр. Бұл біздің дипломдарымызды бірден тануға ықпал етіп, халықаралық нарық талаптарына лайық екенін айғақтайды. QS рейтингі білім, ғылым деңгейін ғана емес, экономикалық әлеуетіміздің де көрсеткіші бола алады. Бәсекеге қабілетті, жоғары білімді кадрлар даярлау, адам капиталын дамыту мемлекет тарапынан ауқымды қорды талап етеді. Сондықтан халықаралық рейтингтегі орнымыз еліміз әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Рейтинг талаптарына сәйкес жұмыс берушілер бағасы да басшылыққа алынған. Мұнымен қоса еліміздегі шетелдік оқытушылардың пікірі, студенттердің үлесі де айтарлықтай рөлге ие. Шетелден келіп оқитын студенттер тарапынан қызығушылықтың артуы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетті мамандар даярлай алатынын айғақтайды. Бүгінде мемлекеттік қолдау нәтижесінде университеттерге академиялық еркіндік берілді. Жыл сайын грант саны артып келеді. Бұл инфрақұрылым, оқытушылар жалақысын көбейтуге ықпал етіп жатыр. Осы орайда ғалымдар дәріс берумен ғана шектелмей, ғылыми тәжірибесін, шетелдік импакт журналдарда жарияланымдар санын арттыру бағытындағы жұмыстарын жандандыруға тиіс. Ал жоғары оқу орындары мүмкіндігіне қарай оқу кабинеттерін, зертханаларды жаңартып, заманға сай жабдықтау ісіне көңіл бөлгені абзал. Бүгінде салада баяу болса да, ілгерілеу бар. Ал бәсекеге қабілетті болуға әр жоғары оқу орны мүдделі болуы қажет.
Халықаралық ықпалдастық еліміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндігінің жоғары екенін айғақтайды. Десек те, бірқатар сарапшы алдыңғы қатарлы рейтингтік агенттіктер жоғары оқу орындарындағы білім сапасының дәлме-дәл көрсеткішін анықтай алмайды деген пікірді алға тартады. Бүгінде әлемде білім сапасын бағалайтын ауқымды үш рейтинг бар десек, олардың бағалау критерийлері де әртүрлі. Рейтингте жоғары оқу орнының жекелеген жетістіктері мен көрсеткіштері қаперге алынуы мүмкін. Ал халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілеттілікті арттыру қашанда жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеу жетістіктері, зертханалардың жаңа технологиялармен жабдықталуы, оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігі, түлектердің жұмысқа орналасуы сияқты білім сапасына тікелей әсер ететін факторлармен тығыз байланысты екенін көрсетеді.
АЛМАТЫ
11.11.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |