Негізгі бет
Жаңалықтар
14.11.2024 Абай университетінің ғылыми қызметкерлері Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінде Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылым департаменті, «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркіне қарасты Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері - ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділов AP23487260 «Алаш қайраткерлері және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің тарихы» жобасы аясында Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетіне ғылыми іссапармен барды.
Іссапар барысында ғалымдар ЖОО басшылығы мен құрылымдық бөлімдердің өкілдері ұйымдастырған арнайы жиынға қатысты. Ресми шара барысында Жастар ісі және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Радик Юлбаев Ақмула атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті қазақстандық жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық университетімен ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін атап өтті. БМПУ ғылым жөніндегі проректоры Светлана Гареева ҚазҰПУ-мен 2024 жылдың жазында екі жақты келісім-шарттың жасалғанын алға тартып, ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелден кейін Башқұрт филологиясы факультетінің деканы Ляйля Хусаинова Шерубай Құрманбайұлы мен Мәрлен Әділовті факультетке шақырып, ғылыми семинар ұйымдастырды. Жиын барысында академик ғалым Ш.Құрманбайұлы «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілінің дамуы және түркі терминологиясының мәселелері» атты дәріс өткізіп, осыдан жүз жыл бұрын алаш қайраткерлерінің тілдік идеялары, терминологиялық ұстанымдары башқұрт қаламгерлерімен бірдей болғанын дәлелдеді. Сонымен қатар Мәрлен Әділов Башқұрт тілі мен әдебиеті мамандығы студеттеріне «Абай тіліндегі қазіргі башқұрт пен татар тілдеріне ортақ сөздер» атты дәріс өткізді. Ғалымдар сондай-ақ университеттің бай кітапхана қорымен танысып, ХХ ғасыр басындағы башқұрт әдеби тілінің тарихы, башқұрт терминологиясы бойынша материалдарды жинақтап, құнды деректермен елге оралды.
Ғылым департаменті |