қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.01.2018


ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ АДАМИ КАПИТАЛ

 


 

2018 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жарияланды. Осы Жолдау айдарындағы төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз басқашалағанда цифрлық технологиялар революциясы. Бұл термин 2011 жылғы Ганновердегі көрмеден кейін пайдаланыла бастады да жаһандық саяси дискурста 2016 жылғы Давостық бүкіләлемдік экономикалық форумнан кейін тұрақтап қалды. Сол форумның төрағасы, танымал швейцариялық экономист Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» деген кітабының жарыққа шығуы да осы терминнің халықаралық тұрғыдан ғылыми айналымға енуіне себепкер болды.

 

Төртінші өнеркәсіптік революция немесе Индустрия 4.0 бұлттық технологиялар, үлкен деректер - BigData-мен жұмыс істеу, кванттық есептеулер, биотехнологиялар, Blockchain технологиясы, сол технологияға негізделген Bitcoin криптовалютасы және тағы сол сияқты басқа да көптеген инновацияларға сүйеніп отыр. Бұрын соңды көрмегендей жылдамдықпен өзгеріп отырған технологиялар адамзат тіршілігінің барлық салаларын қамтып қана қоймай, оны түбегейлі өзгерте аларлық әлеуетке ие болып тұр.


Қазіргі заман мәдениетіндегі цифрландыру үрдісі адамсыз технологиялар негізін салып, цифрландыру идеологиясын дүниеге әкелді. Төртінші өнеркәсіптік революция тікелей адами капиталға арқа сүйейтін білімге негізделген экономиканы қажет етеді. Сондықтан да Н.Ә. Назарбаевтың «Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді» деп нықтап айтуында еліміздің болашағын баянды ету үшін қажетті бірден-бір шарт анықталып отыр. Өйткені, қазіргі дамыған елдер экономикасында білім беру саласы шикізаттан да көп пайда түсіріп отырғаны немесе озық әлемдік университеттердің кейбірінің жылдық бюджеті бір елдің жылдық бюджетімен пара-пар келіп отырғандығы да жалтармас шындық.


Білім, ақпарат кез келген экономиканың басым бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткерлердің және шығармашыл тұлғалардың әлеуметтік тобының басым болуына жағдай тудырмақ. Бұл басымдық тек басқару ісіне, яғни саясатқа қатысты ғана емес, сонымен қатар, жекеменшікке де қатысты болмақ. Футуролог визионерлердің айтуынша, жекеменшік тұрғысынан алғанда, зияткерлік меншік өнеркәсіпке, табиғи қорларға, жылжымайтын мүлікке меншікті шетке ығыстыра отырып, меншіктің билеуші формасына айналады деп күтілуде.


Компьютерлік технологиялар жетістігінің арқасында адамда жаңа «өмір сүру» кеңістігі - киберкеңістік пайда болды. Желілік қауымдастық ретіндегі Интернет бүгінде жастардың ең бірінші тәрбиешісіне және білім алу көзіне айналып отыр. Бұқаралық ашық онлайн курстары (МООС), ашық университеттер озық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мүмкіншілігін тиімді пайдалана отырып, дәстүрлі университеттермен бәсекеге түсуде. Бұл дегеніміз жалпы білім беру саласының алдына, соның ішінде университеттік қауымдастық алдына қыруар жаңашылдықтарды енгізіп, жаңа өмір сүру кеңістігі - виртуалды кеңістікті игеру талабын, демек цифрландыру талабын қойып отыр деген сөз.


Елбасы айтқандай, «Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс». Осы тұста, әрине, біздің университеттің атына сай атқаратын шаруасы да, алатын жауапкершілігі де жоғары. Өйткені, университетке қатысты көп айтылып жүрген бір сөзді мен мектепке қатысты өңдеп: «мектеп дегеніміз болашақты даярлайтын машина ғой!» дер едім. Адами капитал негізі мықтап қалану үшін мектеп жасынан басталатын тиянақты да жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан да Жолдауда Н.Ә. Назарбаев көрсетіп өткендей, «педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау» керектігі - ұстаздар даярлайтын университет ретіндегі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті міндеттерінің басты идеологиясын анықтап беріп отыр. Демек, университет ұжымы цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, үнемі өзгерістерге даяр тұру және жаңартылған білім мазмұнын терең меңгеруге қажет жағдай жасау үшін жұмыла қызмет етуі қажет. Ол үшін өзіміз даярлайтын мамандықтардың білім беру бағдарламаларын төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі талап етіп отырған құзіреттіліктер мен қабілеттіліктер тұрғысынан дер кезінде жаңартып отыруға тиіспіз.


Геологияда тектоникалық (жер қыртысының тереңіндегі) қозғалыстар деген түсінік бар, яки жер бедерін түбегейлі өзгерістерге алып келетін күрделі қозғалыстар. Бір сөзбен айтқанда, төртінші өнеркәсіптік революция адамзат өмірінің, оның ішінде - білім саласының іргелі тектоникалық қозғалысының бастамасы.

 

Авторы: Ақтолқын Құлсариева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, профессор

19.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com