Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
25.01.2018 Шоқан заманында шешім таппаған түйткілдер
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, география ғылымының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының» меңгерушісі Бейсенова Әлия Сәрсенқызы ұстаздық қызметте жүріп география және экология ғылымдарын дамытуға белсене атсалысып келе жатқан еліміз бен шетелдерге кеңінен танымал ғалым. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстан табиғатын жүйелі түрде зерттеумен қатар, еліміздің табиғатының зерттелу тарихы мен оны зерттеушілер жайлы қомақты ғылыми деректемелік қор жинап, әрі көптеген іргелі еңбектер жазды. Осы тақырыпта кандидаттық (Мәскеу, 1967) пен докторлық (Баку, 1984) диссертацияларын қорғаған және «Қазақстан табиғатын қорғау» (1979), «Қазақстанды физикалық-географиялық тұрғыда зерттеу» (1982), «Алғашқы зерттеушілер» (1987), «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы» (1989), «Қазақстандағы географиялық зерттеулердің тарихи негізі» (2001), «Қазақстан табиғатының зерттелуі» (2011), «Динамическое развитие географии и экономики Казахстана» (2015) және «Қазақ Елі - Мәңгілік Ел» (2016) атты және т.б. монографияларын жариялаған. Оның ұзақ жылдар бойғы жинаған ғылыми-әдістемелік тәжірибесі мен дәйекті шығармашылық қызметінің нәтижесіне негізделіп жазылған жоғарыда аталынған сүбелі еңбектері өзінің өте құндылығымен және аса тартымдылығымен, тек қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-техникалық ғылым салалары бойынша ғалымдардың тарапынан ғана емес, сонымен қатар жоғары және орта мектеп ұстаздарының, әрі докторанттар мен магистранттардың және студенттердің де үлкен қызығушылығын тудыруда.
Академик апайымыздың қаламынан туындаған, біз қарастырғалы отырған монография «Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен даму тарихы» деп аталады. Ғылыми-педагогтік іске аса шынайы берілген ізденімпаздығы мен тынымсыз ерен еңбегін айқын көрсететін бұл айтулы еңбек еліміздің табиғатының қалыптасуы мен оның дамуы мәселесіне жаңаша көзқараста қарау мен оны заманауи тұрғыдан саралауға жетелейді. Өйткені, ғалымдар арасында Қазақстанның табиғатын зерттеу, оның қалыптасу тарихы мен даму үдерісін зерделеу, сонау Шоқан заманынан бері қолға алынып келе жатқанымен, әлі де онда өз шешімін таппаған мәселелер мен ақтаңдақтар жеткілікті. Осы тұрғыда Ә.С.Бейсенованың бұл еңбегінде қазіргі Қазақстанның табиғаты мен оның құрамдас бөліктерін және олардың өзара байланыстылығын дәстүрлі заңдылықтар көзқарасы негізінде жаңаша тұжырымдық қағидаларымен сабақтастыру арқылы тиянақты, жан-жақты сипаттау барысында, оның ерекшеліктері мен проблемалық мәселелері біртұтас қарастырылып және еліміз табиғатының болмысы мен дамуы зерделеніп, кешенді түрде талданған.
Аталмыш монография 2014 жылы жарыққа шыққан. Еңбек 472 беттен, көптеген түрлі-түсті суреттер мен карталардан және кең форматты геохронологиялық кестеден тұрады. Автор өзінің «Қазақстан табиғатының қалыптасуы мен даму тарихы» атты ғылыми еңбегіндегі материалдарын он тарауға топтастырып қарастырған. Ал ол тараулар болса, өз кезегінде жекелеген тақырыптарға бөлініп берілген. «Жердің тарихы - елдің тарихы» демекші, осы аса құнды еңбекте еліміздің табиғаты мен оның компоненттерінің қалыптасуы мен дамуы, табиғи-ресурстық әлеуетінің ұтымды пайдалануы мен табиғатты қорғау мәселелері кешенді түрде қарастырылған. Бұлар болса, логикалық тұрғыдан алғанда, республикамыздың экономикасының орнықты дамуына іргетас болып қаланатыны айдан айқын. Төменде біз академик Ә.С.Бейсенованың «Мектеп» баспасынан шыққан аталмыш монографиясында қарастырылған мәселелермен парасатты оқырман қауымды қысқа да нұсқа түрінде таныстырмақ ойдамыз.
Монографияның кіріспе бөлімінде табиғаттың біртұтас болмысы мен оның нысандарының даму заңдылығынан туындайтын ырғақтылық және басқа да географиялық қабықтағы құбылыстар мен көріністер, олардың арасындағы өзара байланыстылық мәселелері жан-жақты баяндалған. Ал оның бірінші «Қазақстанның физикалық-географиялық сипаттамасы» тарауында автор еліміздің географиялық орнын сипаттауды «Қазақстанның физикалық картасына» жүгіне отырып қысқаша шолу бойынша жасаған.
Екінші тарауда автор «Қазақстан табиғатының зерттелу тарихы» бойынша оны сипаттау барысында: Ежелгі заман географиясындағы қазақ жері туралы деректер; Орта ғасырлардағы географиялық деректер; Ұлы Жібек жолы және оның Қазақстан табиғаты жайлы мәліметтері; Қазақстан жерін физикалық-географиялық тұрғыдан зерттеудің классикалық кезеңі; Қазақстан жерінің жаңа дәуірдегі зерттелуі атты тақырыптары аясында олардың мазмұнын терең тарихи тұрғыда ашқан.
Үшінші, «Қазақ жерінің геологиялық дамуы мен палеогеографиясы және тектоникалық құрылымы» тарауында: Жердің қысқаша эволюциялық даму тарихы; Географиялық қабықтың қалыптасуы мен даму заңдылықтары; Геология ғылымының негізгі салалары; Геологиялық жыл санау; Геохронологиялық кесте; Тектоникалық құрылымы мен оны аудандастыру; Пайдалы қазбалары; Жерасты сулары; Жер бедерінің қалыптасу тарихы; Ойпаттар; Жазықтар; Үстірттер; Қыраттар; Таулар тақырыптары қамтылған.
Оның төртінші «Қазақстанның климаты» тарауы бойынша: Климат құрушы факторлар және климаттық аудандастыру тақырыптарына қатысты оларды айқындаушы факторлар жан-жақты қарастырылған.
«Қазақстанның ішкі сулары» айдарындағы бесінші тарауында келесі тақырыптар: Өзен алаптарының қалыптасу заңдылықтары; Көл қазан шұңқырларының қалыптасу заңдылығы; Мұздықтар жайлы кеңінен айтылған.
Ал алтыншы «Топырақ, өсімдіктер мен жануарлардың таралу заңдылықтары» тарауындағы: Қазақстан топырағының даму заңдылығы; Қазақстанның қазіргі өсімдік жамылғысының қалыптасу заңдылығы; Жануарлар дүниесінің қалыптасу заңдылығы тақырыптарында олардың құрамдары анықталып, әрі заңдылықтары зерделену арқылы баяндалған.
Монографияның жетінші тарауы «Қазақстанның табиғи ландшафтысының қалыптасу және таралу заңдылықтары» деп аталынып, мұнда: Жазық жер ландшафтысы; Таулы аймақтар ландшафтысы; Антропогендік ландшафт мәселелеріне байланысты тақырыптар ғылыми тұрғыда тиянақты сараланған.
Келесі сегізінші «Физикалық-географиялық аудандастыру» тарауы бойынша: Шығыс Еуропа жазығы; Тұран жазығы; Солтүстік Қазақ жазығы; Қазақтың қатпарлы аймағы (Сарыарқа); Мұғалжар (Оңтүстік Орал); Қазақстандық Алтай таулары; Жетісу (Жоңғар) Алатауы; Сауыр-Тарбағатай; Тянь-Шань атаулы тақырыптарда оларға шолу жасау барысында, олардың жалпы және сонымен қатар ішкі айырмашылықтары да сын тезінен өткізіліп, салыстырмалы сипатталынған.
Ендігі «Табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» атты тоғызыншы тарауының мазмұнында: Қазақстанның табиғатты қорғау жөніндегі заңдары; Табиғи қорлар және оларды тиімді пайдалану; Қазақстанның экологиялық мәселелері; Қазақстандағы ерекше қорғауға алынған аумақтар тақырыбындағы мәселелердің жігі айқындалып, ғылыми талдау арқылы сараптан өткізіледі.
Аталмыш монографияның соңғы «Қазақстан табиғатын зерттеушілердің еңбектерінде физикалық-географиялық идеялар мен тұжырымдардың дамуы» бойынша оныншы тарауы өз кезегінде: Қазақстан табиғатын зерттеудің жалпы жағдайы мен идеялардың сабақтастығы; Арал-Каспий ойпатының геологиялық, географиялық проблемалары; Тянь-Шань тау жүйелерінің орографиялық-тектоникалық проблемалары; Физикалық-географиялық аудандастыру проблемалары тақырыптарын талдауға арналған.
Ал оның қорытынды бөлімінде осы монография мазмұнындағы еліміз табиғатының қалыптасып дамуы жайлы жинақталған мағлұматтарды жүйелі талдау арқылы терең тұжырым жасалынған. Осы жерде монография авторының мына тәмамдаушы сөйлемін (436-бет) сөзбе-сөз келтіруді жөн көрдік: «...Қорыта айтқанда, Қазақстанда адам әрекетінен туындаған тақыр нысандар мен жарамсыз жерлердің ауқымы кеңейе түсті - антропогендік ландшафт жүйесі қалыптасты. Қазақстан табиғатының қазіргі болмысын зерттеу, жаңалықтар ашу - болашақтың ісі», - деп, еліміз табиғатының бүгінгісіне алаңдаушылық білдірумен қатар, келешекте ғылыми тұрғыда атқарылуға тиісті өзекті мәселелерді де меңзейді.
Ал монографияның соңында берілген «Географиялық терминдердің қысқаша анықтамалық сөздігі» қосымшасына келсек, оның атауындағы «қысқаша» деген сөз, өз мәнінде - көлемі жөнінен де және қамтылған терминдердің саны жағынан да сәйкес келмейді деуге болады. Өйткені, осы қосымшадағы сөздікке 15 бет шамасы (437-451 беттер) көлеміндегі парақ арналған, әрі аталмыш монографияда келтірілген терминдер ұғымдарына берілген анықтамалар өте ықшам түрде жазылғанымен де, мағынасы бойынша ауқымды нұсқадағы терминологиялық анықтамалық іспеттес.
Пайдаланылған әдебиеттердің аса қомақты екендігін мұнда берілген 500-ге тарта оның көздерінің тізімінен көруге болады. Олардың сапында съезд, конференция және симпозиумдар материалдарымен бірге, отандық және шетелдік ғалымдар мен саяхатшылардың еңбектері, кітаптар мен мақалалар да бар. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық басылымдар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер мен жинақтар, мерзімді баспасөз бен есептік баяндамалар материалдары, басқа да дерек көздері пайдаланылған.
Академик Бейсенова өз монографиясын ұстазы Ақжан Жақсыбайұлы әл-Машаниге арнаған. Осы ұлы тұлғаның өмірдерегіне қысқаша тоқталсақ, соғыс жылдары еліміздің әскери өндірісін дамытуға қомақты үлес қосқан адам. Мәселен, ол Текелі және Өскемен өндіріс ошақтарын ашуға, мұндағы қорғасын-мырыш комбинатының құрылысына белсене атсалысқан. Ол жаратушы берген дарыны мен ғұламалық қабілетінің арқасында үлкен іс тындырған көрнекті табиғат зерттеушісі. Өз кезегінде Ақжан Машановтың аты тарих бетінде жер ғылымдарының жаңа саласы - «Геомеханика» ғылымының негізін қалаушылардың қатарында алтын әріппенен жазылып қалды. Ал соғыстан кейінгі кезеңде Ақжан Жақсыбайұлы Машанов «қарт КазПИ-дің» география факультетінде мұғалім болған ғалым. Сол кезде біздің геофакта қызмет атқарған: А.Машанов. М.Өтемағанбетов, Ғ.Қоңқашпаев, М.Ярмұхамедов тәрізді әйгілі ғалымдардан дәріс алған шәкірт ретінде Әлия Сәрсенқызы олардың ғылыми еңбектерін жалғастырушы және оны заман талабына сай түлетуші белгілі тұлға.
Ә.С.Бейсенова ғылымның қия жолындағы табанды да лайықты еңбектерінің арқасында көптеген орден-медальдар, құрметті марапаттар иегері атанған ғалым. Ал академик апайымыздың пайымдауынша, олардың ішіндегі ең мәртебелісі: Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы және Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтар мен «Ғылым сардары» атағы болып табылады. Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жарияланған ғылыми жобалар байқауы бойынша Ә.С.Бейсенованың жетекшілігімен ұсынылған көптеген іргелі ғылыми зерттеулер бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, өз кезегінде талай гранттарды ұтып алғанын айту орынды. Биылғы жылы да еліміз ғылымы дамуының «Мәңгілік ел» ғылыми негіздерінің басым бағыты бойынша, оның «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері: Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» аясындағы жобалар байқауы бойынша академик апайымыз ұсынған ғылыми жоба жеңімпаз атанып отыр. Ал бұл жобаның маңыздылығы сол, «Туған жер» бағдарламасын оқыту процесіне енгізу арқылы білімгерлер бойына шынайы түрде қазақстандық патриотизм, ұлттық және мемлекеттік бірегейлік пен біртектілікті сіңдіреді. Және де біздің елдің жастарына шынайы түрде дамыған елдерге тән тұлға сипатының жалпы адамгершілік ізгіліктерін, яғни олардағы тарихқа, мәдениетке, табиғатқа, жанұяға, туған өлкеге деген тұрақты ұқыптылық дәстүрлерін меңгертеді. Осы ғылыми-зерттеулерден алынған жұмыс нәтижелері жалпы білім беретін мектептердегі оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңғыртуға себепші болуы тиіс.
Бұл жоба өз кезегінде, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы педагогикалық-психологиялық процесті белсендіріп, оқушылардың өз өлкесін тануға деген құштарлығын арттырады, осылайша мектеп оқушысының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына маңызды жағдай жасалынады. Нәтижесінде осы «Туған жер» бағдарламасы аясындағы өлкетанушылық жұмыстың ауқымы кеңейе келе ол «Туған елге» ұштасып, бұл орайда ол Әлия Сәрсенқызының монографияларының айғақты мазмұнымен үндеседі. Пікір нұсқасындағы мақаламызды қорытындылай келе айтарымыз: жоғарыда аталынған оның ғылыми еңбектері, өзі оқып білім алған және саналы өмірін толықтай осы оқу ордасындағы ұстаздық қызметке арнаған академик Әлия Сәрсенқызының құрметіне лайықты тарту ретінде, туған университетіміздің торқалы 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жеке жинақ түрінде басылым көру арқылы оқу орнымыздың білімгерлеріне ұсынылса деген ізгі тілек.
Осы еңбектің құндылығы жаратылыстану бағытындағы геология ғылымының жетістіктерін талдап, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы бірінші рет Жаратылыстану ғылымдарындағы үлкен еңбегі үшін 2017 жылдың 15 желтоқсан айында академик Бейсенова Әлия Сәрсенқызын академик Қ.И.Сәтбаевтың сыйлығымен марапаттады.
Авторлары: К.Каймулдинова, Абай атындағы ҚазҰПУ «Жаратылыстану және география» институтының директоры г.ғ.д., профессор. Т.Увалиев, Елтану және туризм кафедрасының доценті, п.ғ.к. 25.01.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|