қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.12.2024

                 Алматылық шебер 50 жыл ішінде қамшының екі мың ерекше түрін жасап шығарды

 

                

 

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Әрбір қазақ шаңырағы қамшыны қастерлі мұра санайды. Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі. Бүгінде қамшы жасау өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жандар көп. Солардың бірі - алматылық Есенкелді Құлжабаев.

 

Есенкелді Құлжабаевтың айтуынша, өрімшілік өнерге жастайынан қызығушылық танытқан. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қайыстан өрім өріп, түрлі бұйым жасауды әкесінен үйренген.

 

- Бұл өнер менің бойыма әкемнен дарыған деп ойлаймын. Әкем шебер кісі еді. Бала күнімнен қызығушылық танытып, қамшы жасауды үйрендім, - дейді Есенкелді Құлжабаев. 

 

Шебер қамшы жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінетінін атап өтті.

 

- Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы да бар. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған материалына, ерекше салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы деп түр-түрге бөлінеді. Қамшы мынандай бөліктерден тұрады: сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, сақинасы, шашағы, өзегі, түйіні, шырмауығы. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады, - дейді ол. 

 

Өрімнің барлық түрін меңгерген ол, осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрген. Бұдан бөлек, теріден заманауи белдіктер мен түрлі қолдорба да жасайды.

 

«Шебердің қолы ортақ» демекші ата кәсіпті серік еткен Есенкелді Құлжабаев көпшілікке бұйым жасаумен ғана шектелмейді. Өрім түрлерін үйрететін арнайы методикалық кітап шығарды. 

 

- Мен бұл өнермен 50 жыл айналысып келемін. Осы күнге дейін 2 мыңға жуық қамшы өрдім. 35 жылдай Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қолөнерден сабақ беремін. Ұлттық құндылығымызды дәріптеуді балабақшадан бастадым,- дейді ол.

 

Айтуынша, кішкентайлар қамшы өруді аз уақыт ішінде меңгеріп алған. Мысалы, бес жастағы Дариға бауырына өз қолымен қамшы тоқып беріпті. 

 

- Мен атаның сабағына қатысып жүрмін. Қамшы өруді тез үйренідім. Өйткені мен шаш өру білем ғой. Маған ұнайды,- дейді бес жастағы Дариға Халила №153 бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Айгерім Сейсенбекованың сөзінше, шеберді ұзақ уақыт іздеген. 

 

- Есенкелді ағаны іздеп жүріп таптық. Ол кісі сияқты шебер жандар саусақпен санарлық. Мақсатымыз- баланың бойына ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңіру,- деді ол.

Есенкелді Құлжабаев қамшының қазақтың тұрмысы мен мәденитінде орны ерекше екенін айтты. 

 

- Қамшының тарихы ата-дәстүрде жатыр. Қазақ халқы көшпенді ел бола тұра салт-дәстүрді берік ұстанған. Қолөнер бұйымдарына қашанда сұраныс болады. Ата- бабадан қалған асыл мұраны өзгеге үйрету мен үшін мәртебе,- дейді шебер. 

 

09.12.2024

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz