қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.02.2018

Қазақстанның үздік ЖОО оқытушылары анықталды

 


АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 2017 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

500-ге жуық үміткердің арасынан іріктеліп, үздік деп танылған 200 оқытушыны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттады.

 

«Бүгін еліміздің 53 жоғары оқу орнынан 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды. Оның ішінде 49 ғылым докторы, 121 ғылым кандидаттары, 29 PhD докторлары мен 6 магистр бар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын, бақыт, сәттілік және еңбекте табыс тілеймін. Бүгін ұзақ марапаттау кеші болғалы тұр, 200 адамды екіге бөлуді ұсынғанда, барлығы министрдің қолынан марапат алғысы келіпті», - деп күлді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттау рәсімінде.

 

Министрліктің хабарлауынша, байқауға республиканың 79 жоғары оқу орнынан 459 үміткер қатысты. Үміткерлердің ғылыми-педагогикалық қызметі сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша бағаланды. Оның ішінде, оқулықтарды, монографияларды, оқу құралдарын ағылшын тілінде әзірлеу, қатысу және басып шығару, кәсіби қызметі бойынша шет тіліндегі ашық онлайн курстардың платформасы базасында курстан табысты өткені туралы сертификаттың болуы және т.б. талаптар қойылған.

 

«Байқаудың басты маңыздылығы - өзімді бәсекелі ортада көрсету мүмкіндігі дер едім. Қазіргі бәсекелі орта көптеген қабілеттердің болуын талап етеді. ЖОО үздік оқытушысына қойылатын басты талап - ағылшын тілін білу. Себебі барлық инновациялардың 80 проценті ағылшынтілді құралдар арқылы жетеді. Екіншіден, үздік оқытушылар заманауи инновациялық технологияларды білуі қажет. Біздің университетте тоғыз немесе он мамандық ағылшын тілінде оқытылады, яғни студенттер - болашақ мұғалімдер өз білімін ағылшын тілінде шыңдауы керек. Әрине, оқытушы студенттерден екі есе білімді болуы шарт. Министрлік байқауды өте әділ ұйымдастырды. Мұндай байқаулар біз үшін өте маңызды», - деді байқау жеңімпазы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Владимир Косов.

 

Сертификат пен төсбелгіден бөлек, «Үздік ЖОО оқытушыларына» арнайы грант беріледі. Бұл грант жеңімпаздарға әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

 

Айта кетейік, Ерлан Сағадиев 2018 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарын үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын, мамандықтар бойынша ЖОО-лардың бірыңғай рейтингі жасалатынын хабарлаған еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Авторы: Айжан Серікжанқызы

09.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: lenta.inform.kz