қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.02.2018

 

«Қазақтың бір қызы...»

 


 

Жыр сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл туған топырақтың түлегі, атақты айтыс ақыны Надежда Лушникованың есімі иісі қазаққа ежелден белгілі. Кезінде халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың батасын алған Надежда Лушникованың өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы айтыстары қазақ айтыс өнерінің озық үлгілері қатарынан орын алды.

 

1964 жылы Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан өлкелік ақындар айтысында қазылар алқасы оны жассынып, жүлдеден құр қалдырғанда батыр Бауыржан Момышұлы орнынан қарғып тұрып, қазылар алқасына: «Бармақтай ғана орыс қызы сенің ана тіліңде асқақтата жыр төгіп, қазақтың айтыс өнерін айбарландырып отырғанда оның өнерін неге бағаламайсыңдар?!» деп Надеждаға білегіндегі алтын сағатын шешіп бергені туралы әңгіме халық арасында әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Бұл жөнінде «Ақиқат пен аңыз» романында халық жазушысы Ә.Нұршайықов та төгілдіріп жазған еді. Батыр Баукеңнің 30 томдық шығармалар жинағында да оның Н.Лушникова туралы жақсы пікірлері бар.


Надежда Лушникованың белгілі халық ақындары Мұқаш Байбатыровпен, Манап Көкеновпен, Әбдікәрім Манаповпен сайыстары қазақ ай­тысының классикалық үлгілеріне айналды. Надежда Лушникова белгілі ақын-жыраулар Сүйінбайдың, ­Жам­был­дың, Үмбетәлінің әдеби мұ­раларын халық арасында насихат­тауға бүкіл өмірін арнап келеді. Оның тікелей бастамасымен, ізденуімен Алматы облысы Жамбыл ауданында халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайы ашылып, ол халық игілігі үшін қызмет етуде...


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факуль­тетінің деканы Ғалия Таубаева ұйымдастырған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан ­Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, ҚазПИ-дың түлегі, ақын Н.Лушниковамен кездесуге арналған «Қазақтың бір қызымын» сырласу кешін ашқан университет ­ректоры, профессор Такир Балықбаев ақынның шығармашылық жолына қысқаша шолу жасады.


«Надежда апамыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнерінің жалындап жанып, қарыштап дамуына арнаған тұлға» деді Т.Балықбаев. - Біздің университетімізді бітіріп, ең алғашқы еңбек жолын ауыл мек­тептерінде шәкірт тәрбиелеуден бастаған ол жас ұрпаққа білім бере жүріп өзінің шығармашылығын одан әрі дамытты. Қазақтың кең жазира даласына, халықтың дарқан пейіліне деген махаббатынан туған «Елім менің» атты жыр жинағы дүниеге келді. Ол қазақтың суырыпсалма айтыс өнерінің дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Өзінің қара тасты қақ жаратын суырыпсалмалық, шешендік өнерінің арқасында талай дүлдүлдің аптығын басты.


Ол қазақ әдебиетінің жанашыры ретінде қазақ жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Әкім Тарази шығармаларын орыс тіліне аударып, төл мұрамыздың одан әрі танылуына өлшеусіз үлес қосқан саңлақ. Оның қаламынан туған «Елім менің», «Көңіл қошы» және басқа да жыр жинақтары қазақ поэзиясының антологиясына енгізілді. Бүгінгі кездесу жас ұрпаққа Надежда апайы­мыздың өмір жолын үлгі ету мақсатында ұйым­дастырылып отыр. Оның еліміз үшін атқарған еңбектері мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алып, құрметке бөленуде. Соның бір дәлелі, былтырғы жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталуы. Бұл Сіздің еңбегіңіздің лайықты бағасы деп білеміз».


Ректор ақын Надежда ­Лушни­кова­­ға университеттің Абай атын­дағы ме­да­лін тапсырып, үстіне қамзол жапты. Филология ғылымы­ның докторы, профессор Темірхан ­Тебегенов Н.Лушникованың шығар­ма­шы­лығы туралы баяндама жасады.


Өз кезегінде Надежда Лушникова қазақтың айтыс өнері, өзі ұстаз тұтқан халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев шы­ғармашылығы, жыр саңлақтары Сүйінбай мен Жамбылдың ақындық дәстүрлері, әсіресе осы өңірден шық­қан Нүрила қыздың ақындық әлеуеті туралы сыр шертті. Өзінің орыс тілінде жазатын ақын қызы Қарлығаш (Алена) Нұрбекованың өлеңдерін оқыды. Университеттің талантты шәкірттері Надежда апасын өз өнерлерімен қуантты.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

15.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz