Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
01.03.2018 «Цифрлық университет» Халықаралық Қазақстан-Ресей семинары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 21-23 ақпан аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын және «Цифрлық Қазақстан»мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Цифрлық университет» халықаралық Қазақстан-Ресей семинары өтті.
Халықаралық семинардың мақсаты - цифрлық университеттің мәні, ерекшелігі және технологиясын талқылау, Абай атындағы ҚазҰПУ-де Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері халықаралық ғылыми зертханасын ашу.
Семинар жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Такир Балықбаев, МҚПУ-нің профессоры Сергей Григорьев, МҚПУ-нің профессоры Вадим Гриншкун, В.Астафьев атындағы КМПУ-нің профессорыНиколай Пак, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің бірінші проректоры Мактағали Бектемесов, п.ғ.д., профессор Есен Бидайбеков, профессор Бахытжан Ахметов, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ өкілдері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы (Техас университет) бойынша біліктілікті арттыру курсының түлегі Гүлзада Сержан қатысы.
Семинар барысында университет ректоры Такир Балықбаев халықаралық семинардың маңыздылығын атап өтті: «Білім және ғылым еліміздің әлеуметтік-экономикалық капиталын дамытудың негізгі факторлары болып табылады. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық білім беру технологияларын енгізу Қазақстан Республикасының білім беру ақпараттық инфрақұрылымының дүниежүзілік білім беру ортасымен интеграциялануына ықпал етеді. Халықаралық Қазақстан-Ресей семинарын өткізу университетіміз үшін маңызды оқиға болып табылады, әрине, ғылыми зерттеулер процесін жетілдіруде өз үлесін қосып, жемісті жұмыстарды атқаруға ынталандырады. Білім беру үрдісінде цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылау жаңа зертхана қызметінің негізін және зерттеу бағытын айқындайтын тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Университетіміздің базасында серіктестеріміз - Мәскеу қалалық педагогикалық университетімен және В.Астафьев атындағы Краснояр мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесе ашылған халықаралық ғылыми зертхана білім беруді цифрландыруда күш біріктіре отырып, күрделі міндеттердің орындауына мүмкіндік береді».
МҚПУ-нің профессоры Сергей Григорьев, МҚПУ-нің профессоры Вадим Гриншкун, В.Астафьев атындағы КМПУ-нің профессоры Николай Пак баяндамаларында ақпараттарды цифрлық өңдеуерекшеліктері, мұғалімдерге арналған бағдарламалық құралдар, STEM-технологияларды (STEM - scіence, technology, engіneerіng, mathematіcs) пайдалану арқылы зерттеу дағдыларын дамыту және цифрлық университеттің ақпараттық білім беру ортасын қалыптастыру аясында жоғары оқу орнын ақпараттандырудың жүйелік тәсілдері, университетті «цифрландырудың» 40 идеялары, білім берудің жаһандану жағдайында мега-сабақтарды ұйымдастыру және өткізу туралы айтылды. Сондай-ақ, ҚазҰПУ-нің цифрлық педагогикалық университет болып қалыптастуы үшін «Білім берудегі цифрлық технологиялар» курсын өткізу туралы ұсыныс жасалынып, цифрлық университет құрудағы теориялық және тәжірибелік тәсілдер; білім беруде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану үшін педагогтардыдаярлау жүйесін қалыптастыру; цифрлық университетте студенттерді даярлау технологиялары мен құралдары талқыланды.Үш күндік семинар аясында «Дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды.
Ректор Такир Балықбаев семинарды қорытындылай отырып, Абай атындағы ҚазҰПУ педагогикалық білім беру орталығы ретінде цифрлық педагогикалық университет үлгісі болуы керектігіне тоқталды. Ол үшін STEM-технологиялардың дамуына, сонымен қатар робототехника саласындағы жас ғалымдарымыздың туындыларына қолдау көрсетілетіндігін айтты. Ректор аталмыш семинардың ұйымдастырушыларына және қатысушыларына алғысын білдіріп, алдағы уақытта жаңа ғылыми зертхана жұмысына жетістік тіледі.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Авторы: Римма Жанбаева 01.03.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|