ӘДЕБИЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІ КЕҢЕЙДІ
Ғылым ордасында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының есеп беру кездесуі өтті. Шара барысында 2015-2017 жылдары гранттық жобалар бойынша жүзеге асырылған 48 кітаптың тұсауы кесілді.
2015-2017 жылдары жүзеге асырылған гранттық жобалар бойынша жалпы саны 48 кітаптың тұсауы кесілді. Оның ішінде 24 ұжымдық монография, 9 авторлық монография, 1 оқу құралы, 1 энциклопедия, 4 ғылыми жинақ, 1 аударма еңбек, 2 антология (қазақ, орыс, және ағылшын тілдерінде), 4 конференция материалдар жинағы, 1 электрондық альбом, «Электрондық жинақ» (Қазақ қолжазбалары) бар. Бұдан бөлек 2017 жылы «Керуен» журналының кезекті 6 саны мерзіміне сай басылып, таратылды.
Ұсынылып отырған еңбектер Қазақстан әдебиеті мен өнерін түрлі аспектіде зерттеу нәтижесінде қол жеткізілген нәтижелерді қамтиды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан баяндамасында институттың жетістіктері мен атқарылған жұмыстарын таныстырып өтті. Институттың басты ғылыми табыстарына институт ұжымының ғылыми-зерттеу субъекті ретінде аккредитациядан өткенін, 2015-2017 жылдары гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылған 26 жоба бойынша жоспарлы жұмыстар толық іске асып, тиісті нәтижелерге қол жеткізілгенін, 2017 жылы білім және ғылым интеграциясы аясында PhD докторантурада кәсіби даярлықтан өткен шәкірттердің алғашқы легі оқуларын аяқтап, жуырда 1 докторант диссертациясын сәтті қорғап шыққанын айта кету керек. Жуырда тағы 2 докторант қорғағалы отыр. Бұл - ғылыми кадрларды дайындау бойынша жаңа жүйедегі алғашқы нәтижелер. Тағы бір айта кететін жайт, нөлден жоғары импакт-факторға ие шетелдік рецензияланатын журналдардағы мақалалар саны 2017 жылы едәуір өскен. 2016 жылы осындай басылымдардағы мақалалар саны 3 болса, өткен жылы 11 мақала шыққан екен. Өткен жылғы жетістіктердің сүбелісі - мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында институттан 11 жас ғалым баспаналы болғанын айтуға болады.
Уәлихан Қалижан ғылыми кадрлар дайындау саласындағы жұмыстарға да тоқталды. «Ғылым мен білім интеграциясы аясында 2014 жылдан бастау алған жас кадрларды даярлау ісі сәтті жалғасып келеді. 2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлестікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылыми кадрлар даярлау орталығы арқылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша кәсіби дайындықтан өткен 5 түлегіміз оқуын аяқтап, магистр атанды. Жалпы, соңғы уақытта институтымыздың кәсіби біліктілік деңгейі айтарлықтай жоғарылады. 2012-2017 жылдар аралығында 24 жас маман магистратурада білім алып, академиялық біліктілік дәрежесін жоғарылатты. 2014-2017 жылдары 15 жас маман PhD докторантураға түскен, оның екеуі шетелдік білім гранттарына ие болып, Түркия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. 2015-2017 жылдары институтта жүзеге асырылған 5 жобаға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары қатысты» дей келе, институттағы ғылыми қызметкерлердің 30 пайызы жоғары оқу орындарында қосымша сабақ беретінін атап өтті.
Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әдебиет пен өнер саласы бойынша Нидерланды, Чехия, Молдова, Беларусь, Украина, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінің 23 шетелдік ұйымымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соның ішінде 3 мекемемен ғылыми ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт 2017 жылы жасалғанын айта кету керек. Олар: Алтай мемлекеттік мәдениет институты (Ресей), Гиресун университеті (Түркия), Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университеті (Ресей).
Институттың халықаралық байланысын нығайту хақында институт басшысы «Халықаралық байланыстың енді бір формасы - бірлесіп ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу және ғылыми еңбектерді бірлесіп дайындау. 2017 жылы АҚШ, Франция, Германия, Болгария, Румыния, Молдова, Литва, Словакия, Үндістан, Түркия, Қытай сынды алыс-жақын шетелдердің жекелеген ғалымдарымен серіктестікте ұжымдық монография, ғылыми жинақ және антология дайындалып, жарық көрді» деді.
2018-2020 жылдары институтта 4 гранттық жоба, 1 нысаналы бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Сонымен қоса, Уәлихан Қалижан келер жылы өткізілетін шаралар жоспарына тоқталды. Бұл тізімде әйгілі жырау, дана би, абыз, қазақ ауыз әдеби шығармашылығының көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуына орай өтетін республикалық конференция, «Абай оқулары» республикалық конференциясы, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өтетін жас ғалымдар конференциясы, «Әуезов оқулары» халықаралық конференциясы және басқа да бар. Аталған конференциялардан бөлек Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық жоспарына сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін шаралар да бар. Олар да жыл бойында жүйелі іске асырылатын болады. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру - күн тәртібінде тұрған мәселе екеніне назар аударған институт басшысы әсіресе, жас мамандардың тілдік курстардан өтуіне аса мән беру қажеттігін алға тартты.
Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов бүгінгі таңда әдебиетке ерекше көңіл бөліну керектігін сөз етіп, институт жұмысына жоғары баға берді. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі институттың мәдени байланыстарына тоқталып, ғылыми әлеуеті арта түскеніне айрықша мән берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алуа Темірболат ғылым мен білім интеграциясы аясында біріге атқарылып жатқан іргелі жұмыстарға тоқталса, Беларусь мәдени орталығының директоры Александр Войцеховский Беларусь мемлекетіндегі қазақ әдебиетін өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында өткізілген шаралардың маңызы жайында әңгімеледі. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Темірхан Тебегенов тұсауы кесілген еңбектердің ғылымды дамытудағы алар орны айрықша екенін айтып, қазақ әдебиетін ғылыми негізде дәлелдеп отырған институттың болашағына үлкен сенім артты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тұстарына тоқталып, қазақ әдебиетін өркендету жайында ойларымен бөлісті.
Авторы: Ақбота Исләмбек
02.03.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz