қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
06.03.2018

ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ - РУХАНИ ҚҰБЫЛЫС

 


 

Қазақстандық патриоттық ұстанымның негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, қағидаттары, құралдары бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбие арнасында солардың бірінің негіздері болмаса, ол жай сөз болып қалуы мүмкін.

 

Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол қоғамда ұстанған саясатымен анықталады. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарлама­сында осы мәселелер анық көр­сетілген болатын. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулыққа тәрбиелеудің жолдары мен құралдары - түрлі іс-шаралар, тәрбие сағаттары, гуманитарлық пәндердің мазмұны. Қазақ бала­сының ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу - білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйым­дардың міндеті. ХХI ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады.


Жаһанданған заманда қазақ халқын жаманшылықтан құт­қаратын нәрсе - ұлттық құнды­лықтар. Біз қаншалықты керемет білім алсақ та, теңдессіз техно­логияны меңгерсек те, елді ел қылатын ұлттық құндылықтар. Қазақты сақтайтын да солар. Одан айрылсақ, айдалаға адасамыз. Қорғансыз, тірексіз қаламыз. Қандай заман орнаса да, біздің тірегіміз - әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Адами болмыстың жоғары қасиеттеріне парасаттылық, білімділік, Отанын сүю, имандылық пен ғылымды меңгеруін, туған тілін құрметтеуін жатқызамыз. Тәуелсіз мемлекетіміздің мемлекеттік тілі - қазақ тілінің тарихына үңіле отырып, қазіргі жағдайын сарала­сақ, ұлттық тіліміздің болашағына көз жіберсек бабалар еңбегінің құндылығына бас иеміз. Тілімізді гүлдендіретін де, болашағын көр­кейтетін де ұлтын сүйетін ұлтжанды ұрпақ болмақ. Елбасымыз


Н.Назарбаевтың латын әліппесіне көшу жөнінде бастама көтеруі, тіліміздің өркендеуіне негіз болып отыр. Бұл бастама - рухани жаң­ғыруымыздың негізгі белгісі ретінде ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен мұраларын қайта жандандыру.


Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мәдениет пен тілді тұтас алып қарастыра отырып: «Өз тілін біл­меген адамдарды мәдениетті адам­дардың қасына қосуға болмайды» деп тілін білмеген, оның қыр-сы­рын жетік меңгермеген адамдарды мәдениетті адамдардың қатарына қоспаған. Туған тілін білген және оны құрметтеген адамды ғана, бойында тұлғалық қасиеті қалып­тасқан адам деп есептеген.


Патриотизмді қалыптастыру - қоғамның әлеуметтік тапсыры­сынан нәр алатын мемлекеттік міндет. Отаншылдық сезімді қа­лып­тастырудың тағы бір алғы­шарты - халық пен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайту. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру осы мемлекет пен халық арасындағы кәміл сенімді орнықтыруға тікелей байланысты. Адамдар мен мемлекет мүдделерінің ортақтығын, өзектестігін бұқа­ралық сана толық түсінген жағдайда қоғамның патриоттық сезімі арта түсетін болады. Тұтас елдің мүддесі мен жеке адам мүддесі әрдайым өзектес, сабақтас екенін әрбір азаматтың жете түсінуі олардың отаншылдық сезімін тәрбиелеуге тікелей қатысты екендігі сөзсіз. Адамдардың айқын азаматтық тұғырын қалыптастырмайынша, ұлттық рух туралы сөз етудің өзі артық. Елінің, жерінің өткенін сезінбей, оның ерлікке, адам­гершілікке толы тарихын, дәстүрін білмей мәдениетін, әдебиетін, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді оятудың өзі мүмкін емес. Өткен тарихты объективтік тұр­ғы­дан саралап зерделеуге ұмтылу - за­ман талабы. Патриотизм ұғымы дерексіз, психологиялық сезім күйінен нақтылы іс-қимыл әре­кетіне ауысқанда ол әр адамға түсінікті әрі әсерлі болады. Отан деген ұғымнан тарайтын бұл құбылыс қайткенде нақтылы сипат алады. Отан деген дерексіз дүние емес. Ол халықтан, жерден, судан елдің дәстүрі мен мәдениетінен, өнері мен әдебиетінен, тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен құра­лады. Онда патриотизм осылардың бәріне деген шексіз сүйіспеншілік сезімнен туындайды.


Қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы: «Атадан балаға мирас болып екі-ақ нәрсе қалады. Біріншісі - бай тіл, екіншісі - байтақ жер» деген екен. Біз, бүгінгі ұрпақ, осы екі нәрсені көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа табыстауымыз керек. Ол үшін бізге отансүйгіштік, патриот­тық, ұлттық сана-сезім қажет.


Қазақ халқы жастарды па­триотизмге тәрбиелеуде ұлттық мәдениеттің рөлін өте жоғары бағалаған. Ұлттық мәдениеттің рухани бағытын да, материалдық бағытын да назардан тыс қал­дырмаған. Қазақ халқының ауызекі шығармашылығын гуманизм мектебі десе болады. Өйткені он­дағы кішіпейілділік, мейірімділік, қонақжайлылық, обал-сауап, борыш пен парыз, имандылық, намыс сияқты гуманистік түсінік­тер жеке адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігінде моральдық норма ретінде шешуші қызмет атқару дәрежесіне көтерілді.


Патриотизмді қалыптастыру мен дамытудың бір жолы - тұлға бойында ұлттық сезім тәрізді құбылысты орнықтыру. Қоғамнан тыс өмір сүретін адам болмайды. Әрбір адам нақты ұлттың немесе ұлыстың өкілі ретінде бой көрсетеді. Туған халқының тағдырына, мақсат-мүддесіне, оның рухани құндылықтарына деген қарым-қатынас, тұлғаның ұлттық сана-сезімі - мұның барлығы ұлттық сезімге жатады. Ұлттық сезім - рухани құбылыс.


Патриотизмнің қалыптасу жолын былайша айқындауға болады. Адамдар ортақ аймақта мекен ететін, өмір сүру салты ұқсас, қарым-қатынас тілі ортақ, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі ортақ белгілі бір этникалық қауымдастықтың құрамына кіреді. Дәстүрлер ұлттық патриотизмді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Қазақ патриотизмі - ең алдымен, қазақ халқына, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарына деген құрмет пен сүйіспеншілік, осы құндылықтарды игеруге талпыныс.


Бүгінгі таңдағы әлемдегі тарихи, әлеуметтік-саяси оқиғаларға үңілсек, саны көп ұлттың саны аз ұлтқа үстемдік ете отырып жойып жіберуді, өзіне сіңіріп алуды мақсат ететіні, ал аз ұлттардың қалайда құрып кетпеу үшін жанталасқа түсіп келе жатқаны байқалады. Саны көп ұлтпен аралас-құралас тірлік кешкен саны аз ұлттың жойылып кетпеуге қарсы ең негізгі, ең басты қаруы - ұлттық дәстүрі мен тілі. Талай-талай қырғын соғыстар мен індеттерді бастан өткерген халқымыздың өніп-өсіп, ұланғайыр жерді иеленіп отыруы­ның басты себебі -көптеген дәстүрлерді сақтап қалуында.

 

Авторы: Қалдыгүл Тұрғынбайқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі

06.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF