қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.12.2013

Әріптестік сапары
Соңғы жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары бірлескен халықаралық ғылыми және білім беру бағдарламалары мен ДААД желісі бойынша жобаларға белсене қатысып келеді. Мұнда қазақтың қарашаңырақ жоғарғы оқу орны мен Германияның Фрайбург қаласындағы педагогикалық университеті арасында 2010 жылы қол қойылған екі жақты ынтымақтастық туралы келісімшарт өзара әріптестік байланысқа ерекше серпін беріп отыр.

Желтоқсан айының ортасында аталған келісімшарт аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бір топ өкілдері Фрайбург педагогикалық университетінде  болып, өзара тәжірибе алмасып қайтты. Құрамында жоғарғы оқу орнының бірінші проректоры, профессор М.Ермағанбетов, әкімшілік-шаруашылық істері жөніндегі проректор Т.Еділбаев, Аппарат жетекшісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Б.Сманов, Бас бухгалтер, қаржы басқармасының басшысы Ғ.Тұрабаев, неміс тілінің маманы, доцент Несібелді Нұртаева болған делегация өкілдері құрылғанына жарты ғасырдан асқан әріптес жоғары оқу орнының оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу, ұйымдастыру-үйлестіру, материалдық-техникалық, қаржы- шаруашылық салаларындағы атқарып жатқан жұмыстарымен жан-жақты танысты. Қазақстандық әріптестерді Фрайбург педагогикалық университетінің ректоры профессор, доктор Ульрих Друве мырза қабылдап, университеттің 50 жылдан астам мерзім ішінде қол жеткізген оқу-ағарту, ғылым-білім жөніндегі жетістіктері мен халықаралық байланыстары жайлы айта келіп, оның ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастыққа өз ризашылығын білдірді. Онда сол университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор, доктор Ганс-Вернер Хунеке (2011ж.), профессор Хессе (2013ж.) Абай университетінде болып, 

Германиядағы білім беру жүйесінің ерекшеліктері, заманауи университеттік білім берудің өзекті мәселелері мен білім беру саласындағы соңғы жаңалықтар туралы дәрістер оқығанын, тәжірибе алмасқанын, өздерінде қазіргі кезеңде қазақстандық педагогикалық университеттің екі шет тілі - ағылшын, неміс тілдері мамандығы бойынша оқитын 3 курстың 7 студенті академиялық ұтқырлық жобасы бойынша оқып жүргенін тілге тиек етті. Оған, әсіресе, «Германистика институттары арасындағы әріптестік байланыс» атты бірлескен халықаралық жоба тілдік және педагогикалық тәжірибеден, ғылыми тағылымдамадан өту, ғылыми конференциялар мен әдістемелік семинарлар жұмыстарына бірлесе қатысу, кітаптар мен ғылыми баяндамалар жинақтарын бірігіп шығару мүмкіндігіне оң ықпал етіп отырғанын атады. 
Іссапар барысында оқу орнының проректоры, профессор, доктор Ганс-Вернер Хунеке қазақстандық әріптестерін студенттердің тұрмыс-тіршілігімен, асхана, жатақхана жағдайымен, бізден барып оқып жатқан білімгерлеріміздің жай-күйімен таныстырды. Әрине, бұл жерде, германиялық әріптестерден біздің 

білім беру саласын материалдық-техникалық жағынан жабдықтауда үлгі алатын тұстарымыз көп екенін айтқан орынды. Мәселен, оқу орнына мемлекет тарапынан жылына оқу-тәрбие жұмысына 18 млн. еуро, ал ғылыми-зерттеу жобаларына арнайы

 7 млн. еуро, басқа (Еуроодақ, т.б. қорлардан) қаржы көздерінен 3-4 млн. еуро қаражат (жалпы жиыны 29-30 млн. еуро) бөлінетіні, ал әр студентке бір жылға 5000 еуро қаржы бөлінетіні, үш-төрт бөлмелі ортақ ас үйі бар жатақханада әр студентке жеке бөлме беріліп, олардың әрқайсысында қазіргі заманғы ақпараттық-технологиялық құралдар орнатылғаны назар аударарлық екен.
Фрайбург жоғарғы педагогикалық оқу орнының канцлері Хендрик Бюггель, халықаралық қатынас департаментінің басшысы Иоханнес Лебфромм, үш факультеттің, институттарының декандары мен директорлары, профессорлары Уве Биттлингмайер, Анна-Мария Грунд Майер, Ева Мария Плюд, Петра Буркле, Сенганата Мюнст, Габриелла Книффка, Наталия Хан, Улрике Вайс, Волфарт, Пойкер Лутц өздеріндегі атқарылып жатқан игілікті істермен бөлісті.
Сондай-ақ , неміс ағайындар қазақстандық әріптестерін Германияның сол өңірдегі әйгілі курортты қаласы Баден-Баденге апарып, ондағы Фаберже, Фриндер Бурда мұражайларымен, қаланың мемлекеттік өнер сарайларымен, олардағы көне ескерткіш-мұралармен , бағзы кезеңдердегі жәдігерліктермен таныстырды.