Ғылым әлеуеті кеңейеді
Абай атындағы ҚазҰПУ Математика, физика және информатика институтында білім ордасының 90 жылдығына орай ғылыми онкүндік жұмысын бастады. Шара барысында оқытушы-профессор құрамы студенттер мен жас ғалымдарға арналған семинарлар өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қоса, әр кафедра өз жаңалықтарын ұсынған ғылыми жетістіктер көрмесін өткізуде.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылым департаментінің директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Саябек Сахиев университеттің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шара ғылыми жетістіктерді, институт жұмысының нәтижесін айғақтайтынын баса айтты. «Биыл қазан айында халықаралық деңгейдегі қорытынды іс-шара өткізілмек. Шетел университеттерінің басшылары қатысады. Онда ғылыми жаңалықтарымыз бен жетістіктерімізді таныстырмақпыз. Сондықтан осы он күндік ауқымды шара алдындағы дайындық іспеттес» дей келе, шара жас ғалымдарды қолдауға бағытталғанына мән берді.
Математика, физика және информатика институтының директоры, профессор Әбдімәулен Бердышев оқу ордасы ашылған уақыттан бері бұл ең алғашқы құрылған институттардың бірі екенін тілге тиек етіп, ғылыми онкүндікке арналған көрме жұмысына тоқталды. «Университет мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеде төрт кафедрамыз ғылым мен техникадағы жетістіктерін, ғылыми-техникалық инновацияларын, патенттелген жаңалықтарын, ғылыми мақалаларын, монографияларын, оқу-құралдарын және оқулықтарын таныстыруда» деді.
Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Алма Әбілқасымова оқу ордасы елімізде ұстаздар қауымын даярлайтын ең басты жоғары оқу орны екенін, соның ішінде математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімін даярлауда орны бөлек екеніне баса мән берді. «Кафедра аумағында бүкіл әдістемелік, ғылыми-педагогикалық жұмыстар жасалуда. Оның айғағы -Қазақстандағы 7500-ге жуық мектептің стандарттарының авторлары кафедрада қызмет етеді. Көрмеде ұсынылған оқулықтардың бәрі кафедра ұстаздарының еңбектері. Балалардың функционалдық сауаттылығын ашу бағытында, педагогикалық білімді дамыту бойынша монографиялар да ұсынылған. Осының барлығы оңтайлы қарастырылған» деген ол өз авторлығымен жарыққа шыққан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылған жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды таныстырды.
Профессор, техника ғылымдарының докторы, академик Гахип Уалиев бүгінгі индустриялық-инновация дәуірде білімді де кәсіби маман даярлау оқу ордасының міндеті дей келе, робототехниканың болашағы хақында ойын өрбітті.
Ғылыми онкүндік аясында «Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы радиациялық үдетуші кешен» тақырыбында ғылыми семинар өткізген физика кафедрасының меңгерушісі Қайрат Тлебаев онкүндіктің жас ғалымдар үшін берері мол екеніне айрықша мән бере келе, өткен оқу жылынан бастап физика кафедрасында физика пәндерінің бакалавриат, магистрант, докторанттарға ағылшын тілінде оқытыла бастағанын атап өтті.
Жаңартпа және нанотехнология зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Әділхан Шоқанов дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында нанотехнологияның болашағы зор екенін, сол үшін осы мақсатта мамандар дайындаудың қажеттілігі бар екеніне мән берді. Институтта білім алушы магистрант, докторанттар үшін нантотехнологияның негізгі принциптерімен танысып, тәжірибе жүзінде заттардың атомдық, молекулалық құрылымдарын зерттеу ісіне арналған «Наноэдьюкатор II» қондырғысы зертханада қойылыпты.
Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі, профессор Есен Бидайбеков Елбасының цифрландыру саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Болашақ педагогтар білім беру саласында ақпараттық коммуникациялық технологиялармен қатар цифрлы технологияларды да қолдану керек. Бұл - заман талабы екені анық. Ғылым онкүндігі бүгінгі ақпараттық дәуірде ғылыми жаңалықтарды, жаңа технологияларды зерделеу аса маңызды екенін көрсетті.
Авторы: Ақбота Исләмбек
07.04.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz