Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы
Өткен ғасырдың 20-жылдарында Кеңес Одағы құрамындағы қазақ жерінде жоғары оқу орындарының ашылуы заман талабына айнала бастады. Қашан да ізгі бастамалардың алғы шебінен табылған Алаштың арыстары: Алматыда ұлтымыздың алғашқы жоғары оқу орны - Қазақ мемлекеттік университетін ашуды ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Қазақ (ол кезде Қырғыз) АКСР Халық Комиссарлары кеңесінің 1927 жылғы 23 наурыздағы қаулысы негізінде тұңғыш университет 1928 жылы қазан айында ашылды.
Бастапқы жоспарға сәйкес жоғары оқу қабырғасында педагогикалық, ауылшаруашылық және медициналық факультеттер құрылуы тиіс болатын. Сол замандағы еліміздің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы ескеріліп, ұстаздарды даярлаудың маңыздылығы бірінші шепке шықты. Осылайша, құрылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты қадамын физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерінен құралған жалғыз факультетінен бастады.
Алғашқы күндерінен бастап Алаштың арыстары мен ұлтымыздың аяулы перзенттері адал еңбектерін аяған жоқ. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы студенттерге тіл білімінен дәріс оқыды. Сонымен қатар ұлы ұстаз-ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл -құрал», «Әдебиеттанытқыш», Жүсіпбек Аймауытов - «Психология» («Жантану»), Мағжан Жұмабаев «Педагогика» оқулықтарын жазды. Ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов дәріс беріп, ұлттық кадрларды даярлауда өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаздар қатарында болды.
Алғашқы жоғары оқу орнының бірінші ректоры Санжар Асфендияров болды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, профессорлық - оқытушы құрамын толықтыруға, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты 1930 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты атанып, ал 1935 жылы алғашқы жоғары оқу орнына ұлы ойшыл, философ әрі ақын Абайдың есімі берілді. Ол - бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.
Бүгінде университеттің құрамындағы 7 институт, 39 кафедра, ондаған зертхана, магистратура, докторантурада еліміз үшін аса қажетті мамандар мен ғылыми кадрларды даярлануда. Ұлағатты көшті 883 профессор-оқытушы жүргізуде, оның 526-сы - білікті ғалымдар. Атап айтқанда, 157 ғылым докторы, профессор, 344 ғылым кандидаты, доцент, 25 РhD докторы. Сонымен қатар аталған ғалымдардың 14-і - ҰҒА-ның академиктері мен корреспондент-мүшелері, ал 45-і - ғалым басқа академиялардың академиктері. Білім алушылардың саны 7 мыңнан асады.
2014 жылы 8 ғасырдан астам тарихы бар, әлемнің жетекші университеттерінің бірі Сорбонна-Париж университетінің филиалы «Сорбонна - Қазақстан» институтының ашылған баршамызға мәлім. Сол жылы 6 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті Франсуа Олланд осы институттың меморалды тақтасын ашты.
Бұл институттағы білім берудің ерекшелігі - бакалавриат пен магистратураның қосарланған диплом бағдарламасы бойынша жүргізілуі, яғни Еуропалық үлгіде білім алуы. Сонымен, 2016 жылдың жазынан бастап университетіміздің түлектері Сорбонна - Париж университетінің дипломын қатар алып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосуда.
ҚазҰПУ өткен оқу жылында әлемнің үздік 500 университетінің қатарына және QS World University Ranking рейтингіне енді. Шығыс Еуропа және Орталық Азия арнаулы саралауында 30 елдің 200 алдыңғы қатарлы университеті арасында 91-орынды иеленді. Web of Science ақпараттар базасында импакт-факторлы журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша, педагогикалық жоғары оқу орындары ішінде 1-орын алды. Ұлттық рейтингі бойынша да университетіміз жоғары оқу орындары арасында - алдыңғы орында.
Келтірілген фактілер кездейсоқ емес, қайта ғылымға, соның ішінде ғылыми зерттеулерге көңілді терең бұрғанның салдары екеніне бірер мысал келтірелік. 2015-2017 жылдарда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 18 ғылыми-зерттеу жобасы жүргізілді. Ғылым қорының тапсырысымен 2 бағдарламалық арнайы қаржыландыру жұмысы, оған қоса 6 шаруашылық келісім бойынша зерттеулері атқарылды. Ал 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы негізінде университетіміздің ғалымдары 23 жоба және 2 бағдарламалық арнайы қаржыландыру жобасын жеңіп алды. Қаржыландыру сомасы да екі еседен асты. Осы жобалардың орындаушыларының 30 пайыздан астамы - жас ғалымдар.
Сонымен қатар кезекте жас ғалымдар арасында ғылыми-зерттеу жобаларына конкурс жариялауды жоспарлаудамыз. Осы маңызды мәселені Ғылыми кеңесте талқыға салып, жастарды ғылымға баулудың жолдарын жетілдіруді көздеп отырмыз. Оған қоса, жоғары импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалаларын жариялап, отандық ғылымды әлемдік ғылым кеңістігіне интеграциялауда үлес қосып жүрген ғалымдарымызды қаржылай қолдау жолын іздестірудеміз. Сондықтан сәйкес ереженің жобасын профессорлық-оқытушылар құрамына бағыттадық. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» үшін ереженің жобасын ашық және жариялық принциптеріне негізделген. Оған қоса ереже міндетті түрде Ғылыми кеңесте бекітілетін болады.
Ғылымды насихаттау және ғылыми-зерттеу нәтижелерін жариялау мақсатында университетімізде 18 ғылыми журнал жарық көреді. Оның 8-і БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне, 12-сі қазақстандық сілтемелер базасына енеді. Осы журналдардағы мақалалардың саны мен сапасын арттыру жолында да бірнеше маңызды қадам жасалды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес шаралар жүргізіле бастады. Атап айтсақ, барлық журналдардың редакторлар алқасы құрамына шетелдік жетекші ғалымдар енгізілді. Осы қадам біздің журналдардағы шетелдік ғалымдардың еңбектерін жариялауға және шет тіліндегі мақалалардың сапасын арттыратыны анық.
Ұлы ойшыл Абай «ақыл жастан...» дегендей, университет қабырғасында Жас ғалымдар кеңесі өз жұмысын жүргізуде. Әр жеті институттан өкілдері сайланған жас ғалымдар өздерінің жұмыстарын студенттермен тығыз байланыстырған. Яғни, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары - жүйелі жүргізілуінің айғағы болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстардың интеграциялық көрсеткішті келтіру жөн болар. 2015-2017 жылдар аралығында университетіміздің 77 білім алушысы - халықаралық, ал 459 білім алушы республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары атанды.
Университетіміздің беделді құрылымдарының бірі - Ғылыми-инновациялық паркі. Құрамында «Хакім Абай», «Айтылған тарих», «Авторлық ауызша әдебиет», М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану», «Педагогикалық білім беруді дамыту», «Қазақстан жоғары оқу орындарында инклюзивті білім берудің ресурстық кеңес беру және тұлға психологиясы», «Интеллектуалды ұлт», «Функционалды технология және қолданбалы зерттеулер» ғылыми орталықтары кіреді. Аталған парктің тек ҚазҰПУ ғылымына ғана емес, отандық ғылыми-зерттеулерді әлемге танытатын ізденестері әлі алда екендігіне күмәнім жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты ҚазҰПУ-ды «Цифрлы университетке» айналдыру мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Олардың бір бөлігі үлкен (халықаралық) және кіші (ғылыми) семинарлар аясында жүргізілуде. Алғашқы қадамы ретінде ақпандағы «Цифрлы университет» халықаралық Қазақстан-Ресей семинарын атауға болады. Әзірге аралық нәтижесі ретінде цифрландыру жөніндегі болашағы ашық Халықаралық ғылыми зертхана жұмысын бастағаны зерттеушілерге мәлім.
Кіші ғылыми семинарларда жетекші ғалымдарымыз университет қабырғасындағы жас ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға әлемдік деңгейдегі жаңа ғылыми жетістіктерді баяндаумен қатар, өздерінің қосып келе жатқан үлестерін жеткізуде. Жас ғалымдар аталған семинарларда өздерінің жетістіктерімен, ғылыми мақалалары мен зерттеулерінің нәтижелерімен бөліседі. Ұстаздары мен әріптестерінің сұрақтарына жауап іздеп, пікір алмасады. Сонымен қатар жас ғалымдарға жоғары импакт-факторлы журналдардағы шет тілдегі мақалалар таратылып, оларды түсінуге уақыт беріледі. Бекітілген тәртіп бойынша жас ғалымдар тапсырылған мақалаларға талдау жасап, семинарларда баяндайды. Мақаланың мақсаты мен ондағы қолданылған әдістер мен тәсілдерді меңгеру жас ғалымдардың ой-өрісі мен біліктілігін арттыратыны сөзсіз. Жоғарыда аталған жас ғалымдар арасындағы ғылыми жобалардың жеңімпаздарын кіші семинарларда баяндама жасау қажеттілігін айтпаса да түсінікті.
Авторы: Саябек Сахиев
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылым департаментінің басшысы,
физика-математика ғылымдарының докторы
13.04.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz