
Негізгі бет
Жаңалықтар
17.11.2025
АБАЙ – ЖАСТАРДЫҢ БАҒДАРШАМЫ
17 қараша – халықаралық студенттер күні. Бұл күннің жастар үшін ғана емес, қоғам үшін маңызы өте зор. Демек, жалпыхалықтық мереке дей аламыз. Абай университеті албырт шақтың керемет кезеңін әрдайым қызықты өтуін орайластырып, есте қаларлықтай болуын бірінші кезекте қарастырады. Сондықтан үлкен өмірге қанат қағып бара жатқан түлектеріне университеттің басшылығы дәстүрлі түрде «Абайдың қара сөздері» кітабын тарту етеді. Бұл – оқу орнының өз шәкірттеріне ұлт ғұламасының өсиетіне адал болуды аманаттағаны деп түсінген абзал.
Халықаралық студенттер күні университет үшін тек мереке ғана емес, білім алушылардың рухани және интеллектуалдық дамуына бағытталған маңызды құндылық. Бұл күн студенттердің білімге деген құштарлығын дәріптеп, Абайдың «Толық адам» ұстанымы арқылы ұлттық құндылықты бойына сіңірген, елін сүйетін және адамдық қасиеттерді биік қоятын жаңа буынның қалыптасуын нақтылайды.
Абай университеті – ұлы ақынның рухани мақсатын болашақ ұрпаққа жеткізетін киелі білім ордасы. Университет студенттерді тек кәсіби біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық құндылықтарға, адамгершілікке тәрбиелеу арқылы толыққанды тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасайды.
– «Тал шыбықты қалай исең, солай қарай өседі» деген тәмсіл тәжірибемен дәлелденген. Студент те дәл сондай қабілетке ие. Университетіміздің оқытушылары студенттерді аялай отырып ақылын айтып, заманауи білікті педагог мамандарды даярлауға қызмет етуде. Алыс-жақын шет елдердегі, республиканың түкпір-түкпіріндегі түлектеріміз әрдайым студенттік шақтарын, білім алған қасиетті ордасын, ұстаздарын сағынышпен еске алып отырады. Бұл – Абай университеті ұжымы үшін зор мәртебе, – дейді өз құттықтауында университет Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп.
Бұл білімге құштар жастардың мерекесі студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ізденіске ынтасын арттыруға және Абайдың адамгершілік пен парасатқа шақыратын мұрасын бойына сіңіруге арналған ерекше сәт. Университеттің әрбір студенті кәсіби біліммен қатар рухани тәрбие мен жаһандық ойлауды қатар дамытып, елге пайдасын тигізетін парасатты тұлға болуға ұмтылады.
Биылдан бастап Диплом тапсыру рәсімінде түлектерге «Абайдың қара сөздері» кітабын Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры атынан естелік сыйлық ретінде табыс ету жолға қойылды. Бұл жаңа дәстүрдің мақсаты – әрбір түлек үшін маңызды естелік болып, өмірлік бағдар мен адамдық өлшемдерді көрсететін рухани мұра қызметін атқару. «Абайдың қара сөздері» түлектерге кәсіби өмірде де, жеке тұлғалық қызметте де дұрыс бағыт таңдауға көмектесетін рухани құбылнама болмақ.
Университеттің оқу процесі мен тәрбие жұмысы заманауи білім және ұлттық рухты үйлестіріп, әлемдік стандарттарға сай кадр даярлауда басты арнада қарастырылады. Мұнда білім алған түлектер ауылда да, қалада да елдің болашағына қызмет етуді, ұстаздықты тек кәсіби міндет емес, ұлттық жауапкершілік ретінде қабылдайды. Ұстаздық – елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына үлес қосу, жастарға білім мен тәрбие беру жолындағы ұлы миссия. Ал ол Абай ілімі және қарашаңырақ аманатымен қабысып жатса, мақсаттың орындалғаны.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|