
Негізгі бет
Жаңалықтар
18.11.2025
«ТҮНГІ ТӘРТІП» РЕЙДТІК АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
«Заң мен тәртіп» қағидасы – еліміздің әрбір азаматы ұстануға тиіс ереже. Құқық қорғау органдары ғана емес, қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау баршамызға ортақ міндет. Абай университетінің бастамасымен, Алматы қаласының аудандық полиция басқармаларының қолдауымен осы аптада рейдтік науқандар жүріп жатыр. Ортақ іске университет қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының мамандары жұмылдырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел» деп Әділетті Қазақстан құру бағытындағы елдің бағыт-бағдарын нақты айқындап бергені белгілі. Бұған қазіргі уақытта 21 мыңнан астам студентке білім беріп отырған Абай атындағы ҚазҰПУ да жан-жақты атсалысып, студент жастардың арасында заң мен тәртіптің сақталуына үлес қосып келеді. Мұндағы университеттің негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және құқық бұзушылықтарды алдын алу. 2025-2026 оқу жылында 7 мыңнан астам талапкер ұлттық Абай университетінің табалдырығын аттады. Көпшілігі кәмелет жасына толмаған жастар. Сондықтан, университет және полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелерінде кәмелетке толмаған білім алушылардың түнгі уақытта (сағ. 22:00-05:00) жүруін қадағалау үшін «Түнгі тәртіп» рейдтік акциясын бастады. Тәртіптік шарада рұқсат етілмеген уақытта түрлі орындарда жүрген 18 жасқа толмаған білім алушылар анықталып, оларға құқықтық түсіндірмелер жүргізіледі. Сонымен қатар, баланың қауіпсіздігін бейжай қалдырмас үшін олардың ата-аналарына да ескерту жіберіледі. Егер қайтара ұсталып, көзге түсіп жатса, ата-аналары айыппұл арқалайтындай қатаң шаралар да қолданылмақ. Студенттердің сапалы білім алуына, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шара барысында шаһардағы лаундж-барлар, компьютерлік клубтар мен түнгі клубтарға дейін тексеріледі. Университет оқытушылары «Түнгі тәртіп» рейдтік акциясы жалғасатын қараша-желтоқсан айларында Медеу, Алмалы, Әуезов, Наурызбай аудандары бойынша полиция қызметіне қолдау жасамақ.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|