қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.11.2025

ПОЛЬШАНЫҢ УНИВЕРСИТЕТІНЕН РЕСМИ ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ


Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп Польшаның Слупск қаласындағы Померан университетінен келген ресми делегацияны қабылдады. Бұл екіжақты кездесу екі университет ынтымақтастығының 10 жылдығына арналып отыр.


Померан университетінің делегациясын ректор Збигнев Осадовский бастап келді. Сонымен қатар, ресми делегация құрамында Студенттер ісі жөніндегі кеңсе басшысы Урсула Севьерка-Повельска, Померан университеті Жарнама жөніндегі маманы Елизавета Окунькова және Слупск қаласындағы Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығының директоры Аманкүл Қазмағамбетова бар. Ал Абай университеті тарапынан Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова, Ғылым департаментінің директоры Марфуға Абсатова, Физика кафедрасының меңгерушісі Владимир Косов және Халықаралық бағдарламалар және ынтымақтастық бөлімінің басшысы м.а. Бекзат Кульбаев қатысты.


Кездесу барысында университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп  сөз алып, екі университет арасындағы ынтымақтастыққа 10 жыл толуымен құттықтады. Жылдар бойы қалыптасқан бұл сенім мен серіктестіктің алда да кеңейе беретініне сенім білдірді. Тараптар қосдипломды бағдарламаларды одан әрі дамыту, бірқатар мамандықтар бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларының аясын кеңейту және ғылыми ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Померан университетінің ректоры Абай университеті базасында Польша мәдениеті мен ғылымы орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді. ҚазҰПУ басшылығы бұл ұсынысты қолдап, орталықты құруға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.


Абай және Померан университеттерінің ғылыми-академиялық әріптестігі 2012 жылдан бастау алады. Нақты 2015 жылы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылып, содан бері 200-ден астам білім алушымыз Польшада семестрлік білім алып, тағылымдамадан өтті. 2017 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Бизнестегі және туризм саласындағы орыс тілі» мамандықтары бойынша қосдипломды бағдарлама іске қосылды.



Бүгінге дейін Абай университетінің 28 студенті еуропалық үлгідегі қос диплом алса, осы оқу жылында тағы бес студент оқуды аяқтайды. 2019 жылы Померан университетінде Абай орталығы ашылып, жыл сайын өткізілетін халықаралық «Абай оқулары» семинары екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланысты бекемдей түскен маңызды алаңға айналып үлгерді.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=