қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
20.11.2025

МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ


Биыл қазақтың даңқты батыры, академик ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына – 110 жыл. Осыған орай, бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ұлт арысының өмір жолы мен рухани мұрасы» тақырыбы аясында жиын өтті. Оған Ақмола облысы мәдениет басқармасына қарасты Мәлiк Ғабдуллин атындағы музей қызметкерлері арнайы қонақ болып келді.

Біртуар перзенттің мерейтойына арналған іс-шараға М.Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Мұхаммед Қонқаев, музей қызметкерлері Мейрамгүл Шаяхметқызы, Аягөз Мұратқызы және Абай университеті Филология факультетінің студенттерді қатысты. Онда Мәлік Ғабдуллиннің ұлттық ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, азаматтық болмысы және жас буынға қалдырған өнегелі өсиеті туралы сөз қозғалды.

Жиынды филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы ашып, Мәлік Ғабдуллин туралы жүрек жылытқан естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ кездесуде сөз алған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Қонқаев та батыр тұлғаның адамгершілігін айғақтайтын ерекше оқиғаны айта өтті.

– Мәлік Ғабдуллин Абай атындағы ҚазПИ-де ректор болып жүрген кезінде «халық жауы» атанған ер адамның 6 жастағы Азалия есімді қызына көмектескен. Ол әке-шешесінен айрылып, Қырғызстанға жіберілген Азалияны Абай атындағы университетке оқуға түсіріп, стипендия тағайындап, үздік бапкерлердің қолына тапсырады. Сол күннен бастап Азалия халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, қазақтан шыққан тұңғыш жеңіл атлетикадан спорт шебері атанған», – деді ол.

Сондай-ақ, Мұхаммед Қонқаев Көкшетаудан арнайы арқалап әкелген Мәлік Ғабдуллиннің бірнеше кітабын Абай университетінің кітапханасына сыйға тартты. Жиын соңында музей қызметкері Аягөз Мұратқызы батырдың өмір жолына тоқталып, ел үшін еткен еңбегі мен қалдырған өшпес мұрасына кеңінен шолу жасады.

Айта кетейік, Мәлік Ғабдуллин 1944–1951 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) ректор қызметін атқарып, білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=