Негізгі бет
Жаңалықтар
17.04.2018 «Әз Наурыз Абай ауылында» мерекелік думан өткізілді
2018 жылдың 14 сәуірі күні Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде қалыптасқан игі дәстүр бойынша Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай М.Горкий атындағы саябақта, «Спартак» спорт кешенінде жалпыуниверситеттік «Әз Наурыз Абай ауылында» қалалық деңгейде мерекелік думан өткізілді.
Университетіміздің әр Институты киіз үй тігіп, әр киіз үйге ауыл атаулары берілді. Университет студент жастары мен флешмоб ұйымдастырылып, ұлттық нақышта киінген студенттер алаңның көркін ашты. Жаңа өмір бастауы Көктемді қарсы алып, көш-керуен жүргізіліп, Қыдыр ата батасын берді. Мерекелік думанды университет ректоры Такир Балықбаев құттықтау сөзімен ашты.
Қазақстанның тұңғыш оқу орны, білімнің ошағы болған университет 90 жылдық мерей тойына байланысты «Наурызнама» мерекелік думаны биыл ерекше аталып өтті. Театрландырылған қойылым көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Қазақ эстрада жұлдыздарының ән шашуы тамашаланды. Мерекелік думанға көптеген арнайы қонақтар шақырылып, олардың ішінде қазақ эстрада жұлдыздары Қоңыр тобы, Құдайберген Бекіш, «Жігіттер» тобы, Әділ Сламхан, Талғат Жорабаев, Алматы қалалық Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев мырза жаңа өмірдің бастауы Наурыз мерекесімен құттықтап, өзінің жылы лебіздерін білдірді.
Университет профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері арасында «Наурызнама» қазақ халқының ұлттық ойындары мен спорттық сайыстары бойынша қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту, асық ойыны, алтыбақан, тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылып жеңімпаздар марпатталды. Қазақ эстрада жұлдыздарынан құралған футбол командасы мен «ҚазҰПУ» құрама командасы арасында дәстүрлі «Жұлдызды футбол» ойыны ойнатылып мерекелік думан одан әрі қыза түсті.
Осы үлкен шараны ұйымдастырып отырған университеттің тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент «Үздік өнер» байқауын ұйымдастырып, «Үздік киіз үй», «Үздік дәстүр» номинациялары бойынша сый-сыяпаттар тапсырып, алғыс хаттармен марапаттады.
«Мәдениет» ауылы мен «Жастар» ауылы қазақи қонақжайлылық пен ұлттар достастығы дәстүрлерін көрсетіп, ауылды еске түсіретін қазан-ошақта ас пісіріп, бұл ауылдардың дастарханынан бауырсақтан, наурыз көжеден, палаудан студент жастар мен думанның арнайы қонақтары, тіпті саябақтағы турист-қонақтар да дәм татты.
Тәрбие әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент |