қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.04.2018

«Абай ауылындағы» наурыз-думан

 


 

М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында «Әз Наурыз - Абай ауылында» тақырыбымен Наурыз мерекесі өтті.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң ұйымдастыруымен шара аясында он бес киiз үй тігіліп, «Абай а­уылы» ұлттық мерекені көпшілікпен бірге тойлады. Мереке кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, бүгінгі ұрпақты ұлттық құндылықтарға, отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, халықтардың достығы мен ынтымақтастығын, татулығы мен бірлігін насихаттауға бағытталған театрландырылған көріністер, әр алуан қойылымдар көрсетіліп, мазмұны терең мәдени-рухани іс-шаралар өткізілді.


Наурыз думанына Алматы қалалық әкімдігі мен Медеу ауданы басшылығы және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Аталмыш шара кезінде сөз сөйлеген Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор Т.Балықбаев көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.


- Жоғары бiлiмнiң бастауы болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетi биылғы Наурызды ерекше көңіл-күймен қарсы алып отыр. Биыл университеттің құрылғанына 90 жыл болады. Ең үлкен жетiстiк ретiнде бiздiң университет 2017 жылы әлемнiң үздiк 500 университеттерiнiң қатарына және QS World University Ranking рейтингiсiне енгенiн мақтанышпен айтамыз, - деген университет ректоры оқу орнындағы атқарылып жатқан игілікті іс-шараларды да атап өттi.


Мерекеде жағалай тiгiлген «С.Асфендияров ауылы», «С.Сейфуллин ауылы», «О.Жәутiков ауылы», «Шоқан ауылы» киiз үйлерін аралап, қазақтың кең даласындағы көшпелi өмiрдiң сән-салтанаты берекелi болғанына тағы көз жеткiздiк. Шара барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері ғұрыпталып, ­Наурыз думанының көрігі қыза түсті.


Салтанатты шара соңында мини-футболдан жолдастық турнир өтіп, дәстүрлi әншiлер мен «Ақ әжелер» ансамблi ұлттық мерекенiң көрігін қыздырды. Түтiнi будақтап, алыста қалған ауылды еске түсiретiн қазан-ошақта пiскен ас пен бауырсақтан, наурыз көжеден дәм татқан Абай ауылының қонақтары мен алтыбақан теуiп, ұлттық ойын түрлерiнен жарыстарды тамашалаған балалар тамаша мерекелiк шаттық пен көңiл-күйге бөлендi.

 

Авторы: Абылайхан Жұмашев

19.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz