қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.12.2025

ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

  

Бүгін айтыс өнерінің ақтаңгері, от ауызды, орақ тілді ақын Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы заманауи үлгіде жасақталып, ресми түрде ашылды. Өз алдына отау тіккен жаңа орталықта республикалық жас айтыскер ақындар түрлі дәрістер алып, өнерлерін жетілдіреді.


Абай университетінің түлегі, айтыс өнеріне жаңа леп, түрленген теңеу әкеліп, халықтың жүрегінен жылы орын алған Оразалы Досбосынов биыл тірі болғанда ердің жасы 50-ге толар еді. Қазірде оның білім алған ордасы ақынның есімін ел есінде сақтау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отыр. Осы мақсатта бүгін Оразалы орталығы жеке ғимаратқа ие болып, күрдеолі жөндеуден өтіп, қайтадан жаңғырып тұсауы кесілді.


Орталық басты мақсаты – төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып-салмалық қабілеттерін шыңдау. Қара өлеңнің көрігін қыздыратын ғимараттың лентасын Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп пен белгілі айтыскер ақын, Оразалы Досбосыновтың ұстазы Даубай Әбдісаев қиды.


– Оразалы Досбосынов біздің университетіміздің төл түлегі. Елімізге белгілі айтыскер ақынның өмірі мен өнерін қайта түлету мақсатында осындай шағын орталықты жандандырып отырмыз. Ниетіміз – осы саф алтындай өнердің университет қабырғасында қайтадан жаңғырып, жаңа тыныспен жалғасуына жол ашу. Бүгін тұсауы кесілген бұл орталықтан Оразалыдай елге белгілі айтысқар ақын жастардың қанаттанып шығуына тілектеспіз», – деді Болат Анапияұлы.


Тұсаукесер рәсіміне еліміздің әр облысынан келген студент айтыскер ақындар қатысып, олардың алдында ертеңінен зор үміт күттіретін оқушы айтыскер ақындар арнау айтты. Салтанатты басқосу соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақтаңгер ақынның алғашқы тәй-тәй басқан қадамына куә болған ұстазы Даубай Мамытұлы Оразалының айтыс өнеріндегі ерекше даралығына тоқталып, орталықтан ел намысын қамшылайтын арқалы азаматтар тәрбиеленіп шығуына өз батасын берді.


– Қазақ айтыс өнерінің биік шыңында тұрған Құлманбет, Сүйінбай, Жамбыл сынды алыптардың дәстүрін жалғаған жаңа дәуірдің дара дарындарының бірі – Оразалы Досбосынов екенін мойындау керек. Сүйінбайдан кейінгі ұлтаралық деңгейдегі ірі жеңіс те дәл осы Оразалының еншісінде. Поэзия әлемінде Мұқағали Мақатаев қалай жарқырап тұрса, айтыс өнеріндегі ақтангер, сөздің сүрінбес сәйгүлігі – Оразалы Досбосынов», – деді ол.


Айта кетейік, ізгі іс-шара ертең «Қазақта қара сөзге дес бермедім» атты І республикалық жас ақындар айтысына жалғасады. Алатау аспанын айшықты жырға толтыратын дүбірлі дода – айтыстың алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және айтыстың ақтаңгері, Абай университетінің түлегі Оразалы Досбосыновтың 50 жылдық мерейтойына арналмақ.


 Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=