
Негізгі бет
Жаңалықтар
11.12.2025 АБАЙ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МЕКТЕП ӨЗАРА КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
2025 жылғы 11 желтоқсанда Абай университеті мен Абай ұлттық мектебі стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат екіжақты ғылыми-әдістемелік, педагогикалық және инновациялық бағыттардағы өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Меморандумға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп пен «Абай ұлттық мектебі» РММ директоры Қайрат Мұқашев қол қойды. Тараптар білім беру ұйымдарының рухани-мәдени миссиясы мен педагог кадрларды даярлау бағыты бойынша ортақ мақсаттарға бірлесе қызмет етудің маңызын сөз етті. Болат Тілеп өз сөзінде университет пен мектеп арасындағы серіктестік Абай мұрасын жас ұрпақ тәрбиесінде жүйелі қолдануға, сондай-ақ болашақ педагогтарды ғылыми және практикалық тұрғыда сапалы даярлауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Меморандум аясында тараптар бірлескен ғылыми және білім беру іс-шараларын жүйелі түрде өткізуге келісті. Олардың қатарында семинарлар, вебинарлар, симпозиумдар, ғылыми-практикалық форумдар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, қысқамерзімді бағдарламалар және конференциялар бар. Бұл бастамалар педагогтардың кәсіби дамуын қолдап, білім беру мазмұнын жаңғыртуға және ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізуге ықпал етпек. Келісім негізінде педагогтардың біліктілігін арттыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылмақ. Университет пен мектеп қызметкерлеріне арналған тағылымдамалар, біліктілік курстары, тренингтер және әдістемелік қолдау бағдарламалары жүзеге асады. Сонымен қатар, мектеп-интернат базасында Абай университеті студенттеріне арналған тұрақты педагогикалық тәжірибе алаңы құрылып, болашақ мұғалімдердің кәсіби тәжірибе жүйесі жетілдіріледі. Мектепте педагогикалық және инновациялық жобаларды сынақтан өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Ғылыми-зерттеу бағытында тараптар пәндер бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми жобалар әзірлеуге, әдістемелік материалдар дайындауға, талдамалық шолулар мен ғылыми жинақтар шығаруға уағдаласты. Бұл екі ұйымның ғылыми әлеуетін біріктіру арқылы педагогикалық зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыруға жол ашады. Жасалған Меморандум – Абай университетінің мектеп-интернаттармен серіктестігін кеңейтудің, болашақ педагогтарды даярлау жүйесін күшейтудің және Абай мұрасын жас буынға терең танытудың маңызды қадамы. Ұзақмерзімді стратегиялық серіктестік қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосады деп күтіледі. Абай атындағы ҚазҰПУ
|