
Негізгі бет
Жаңалықтар
12.12.2025
ПЕДАГОГҚА АРНАЛҒАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҒЫЛЫМИ ЖОБАСЫ ДАЙЫНДАЛДЫ
Жаһандық ақпараттық технологиялардың жаңалықтары күн сайын дүниенің дидарын өзгертіп жатыр. Әлемнің дамыған елдері технологиялық өзгерістерді түрлі салаларға енгізіп, тиімділігіне көз жеткізді. Білім беру саласына да жасанды интеллект технологиясы өте қажет. Осы мақсатта Абай университетінің профессоры Айнұр Сағымбаева арнайы ғылыми жоба дайындады. «Генеративті жасанды интеллект технологиясының программалаудан ЖОО студенттерінің білімін бақылау әдістемесіне әсерін зерттеу» атты ғылыми жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асырылды. Бұл – оқу мазмұны мен білімді бағалау үдерісін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе, білімді бағалауда генеративті ЖИ-ді қолдану студенттің жұмысын автоматты түрде талдап, логикалық қателерін, алгоритм күрделілігін және даму динамикасын анықтау арқылы бағалау сапасын арттыруға көмектеседі. Қазіргі білім беру жүйесінде бәрін бірдей «cтандартпен оқыту» тәсілі тиімсіз. Бүгінде әрбір білім алушының қабілетіне қарай оқыту – білім берудің басты бағыты. Осы тұрғыда ЖИ студенттің оқу қарқынын, қателерін және білім деңгейін талдап, соған сай жеке оқу траекториясын құра алады. Сондай-ақ, жүйе бейімделген тапсырмалар ұсынып, жедел қайтарма байланыс құрып, студенттің даму динамикасын бақылайды. Нәтижесінде, оқыту үдерісі жекелендіріліп, оқытушы уақытын үнемдейді, ал білім алушы өзінің қабілетіне сәйкес білім алады. Жобаны меңгеру педагог мамандарға көп қиындық тудырмайды. Себебі, ЖИ құралдарының басым бөлігі арнайы программалау білімін талап етпейді. Олар дайын интерфейстер, визуалды платформалар және автоматтандырылған функциялар арқылы жұмыс істейді. Ғылыми жобаның авторы Айнұр Сағымбаева оны техникалық тұрғыдан меңгеру емес, педагогикалық мақсатқа дұрыс қолдана білу қажет екенін алға тартты. – Әрбір педагог жасанды интеллект платформасынан сапалы және қажетті ақпарат алу үшін өзінің кәсіби білімі мен педагогикалық шеберлігін тиімді пайдалануы тиіс. Ол үшін мұғалім «promt»-ты сауатты құрастырып, нақты мақсатқа бағыттаса және ЖИ ұсынған жауаптарды талдап, педагогикалық тұрғыда орынды қолданса болғаны. Демек, ЖИ-ді тиімді қолдану үшін саналы түрде сараптап, білім беру үдерісіне дұрыс интеграциялай алу қажет. Бұл нұсқаулық оқытушыға ЖИ-ді қолдануды үйретіп қана қоймай, оны педагогикалық мақсатқа дұрыс пайдалануға көмектеседі, – дейді ол. Ғылыми жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес, зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Атап айтар болсақ, программалаудан білімді бақылаудың қолданыстағы әдістемелерін талдау мақсатында Springer, Web of Science, Scopus базаларындағы 130-дан астам ғылыми еңбек зерттелген. Әртүрлі жоғары оқу орындарының тәжірибесі жинақталып, артықшылықтары мен кемшіліктері анықталған. Сондай-ақ, университеттердің 30-ға жуық студенті мен оқытушысы арасында онлайн сауалнама жүргізіліп, білімді бақылауда генеративті ЖИ қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Болашақта программалаудан GenAI негізіндегі бағалау жүйесінің тиімділігін анықтау мақсатында пилоттық жобалар жүргізіліп, олардың нәтижелері талданады. Жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік ұсыным әзірленіп, GenAI көмегімен программалаудан білімді бақылауды оңтайландырудың болашағы мен ұтымдылығы жөнінде қорытынды жасалмақ.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|