
Негізгі бет
Жаңалықтар
18.12.2025
АБАЙ СТУДЕНТТЕРІ – СӘН ӘЛЕМІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ
Күнтізбелік жыл соңында студенттер қауымы күзгі ауысым бойынша қорытынды емтихандар тапсыратыны белгілі. Ал Абай университеті Өнер факультетінің білім алушылары үшін бұл емтихандар – шығармашылық табысты еңбектің нәтижесін көрсету. Бүгін «Сән-дизайн» мамандығы бойынша студенттер түрлі туындыларын комиссия мүшелеріне көрсетті. Комиссия еңбектердің тың идеялары мен мазмұндық сапасын бағалайды. Бір айта кетерлігі, талантты шәкірттердің өздері дизайн ойлап тауып, соған сәйкес маусымдық жаңа киім үлгілерін тіккен. Абай атындағы ҚазҰПУ тек педагогикалық бағытта ғана емес, өнер саласына да білікті маман даярлайтын жоғары оқу орны. Қарашаңырақ қабырғасында Өнер факультеті (бұрынғы Көркем-сурет) 1969 жылы құрылған. Содан бері елімізге белгілі суретшілер мен өнер майталмандарының қалың ордасына айналған. Қазіргі таңда өнертану бағытында сән, бейнелеу, медиа салаларында студент оқытады. Өнер факультеті білім алушылардың ауысымдық білім деңгейін саралау үшін қорытынды емтихандарды әртүрлі форматта өткізеді. «Сән дизайны» мамандығының студенттері «Киім құрастыру» пәні бойынша өз қолымен жасаған киім түрлерін таныстырды. Киім үлгілерін құрастыру бойынша емтиханға дайындалуда студентке шығармашылық еркіндік беріледі. Сызбасы мен моделін, матасы мен тігісін, тіпті түймелеріне дейін ізденуші өзі ойлап табады. Емтихан кезінде жасаған туындысы мен оның жобасын (қағаз жүзінде) комиссия құрамына тапсырады. Студенттер арасында халықаралық, республикалық сән байқауларының жеңімпаздары да баршылық. Елімізге танымал «Kazakhstan Fashion Week», халықаралық «Central Asia Fashion» сынды додаларда тың туындыларын жұртшылық назарына ұсынып, көпшіліктің ықыласына бөленгендер жеткілікті. Он саусағынан өнер тамған студенттер жайында Дизайн кафедрасының оқытушысы Назым Айыпханова мақтанышпен айтып берді. – Ұстаз ретінде осындай талантты студенттермен жұмыс істегеніме қуанамын. Өзім де Абай университетінің түлегімін. Отандық тәжірибелі дизайнерлермен жіті байланыс орнатқанбыз. Биылғы жылы екі студентіміз отандық сән әлемінде үздік бестіктің қатарына кірді. Олардың бірі Соколова Натальяның туындыларын «Alerma» компаниясы өндіріп, сатылымға шығаратын болды. Сондай-ақ, Доянбаева Ақжан есімді студент Санкт-Петербург қаласында халырақалық сән көрмесіне қатысты. Ал 4-курстың студенті Хапенко Анна «Kazplay» жанрымен жұмыс істейді. «Kazplay» дегеніміз – шығармашылық кейіпкерлердің костюмдерін жасау. Болашақта талантты студенттеріміз дүниежүзіне танылады деп сенемін, – дейді ол. «Дизайн» мамандығының студенттері коммерциялық ұсыныстар бойынша жұмыс істеп, олардың қаржы табуға да мол мүмкіндіктері бар. Соңғы үш жылда дипломдық жобалары толық немесе ішінара коммерцияландыруға ие болғанын да айта кету керек.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|