қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.05.2018

Цифрлық жаһандану кезінде кітапханалардың даму тенденциялары

 



Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында ҚР БҒМ-нің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы мен Университеттің Ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Цифрлық жаһандану кезеңіндегі жоғары оқу орны кітапханаларының даму тенденциялары» тақырыбында жоғары білім беру кітапханалары басшылары мен қызметкерлеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.


Семинардың пленарлық бөлімін ашқан Университеттің оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Ғабит Кенжебаев алғы сөзінде:

 

- Жоғары оқу орындарын цифрландыру дәуірінде кітапханалардың алатын орны ерекше екенін атап өткім келеді. Себебі, кітапхана ақпараттарды жинап, сақтаушы орын ғана емес, оқырмандарды өз бетінше білім алуға, әр түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеуге үйрететін, олардың ізденіс әрекеттерін, ғылыми-зерттеу қызметін дамыта отырып, сауатты пайдаланушыны қалыптастыратын мекеме. Сондықтан да білім алушыларды цифрлық ақпараттық кеңістікте жетелеуде кітапхана ісінің басқалардан озық тұруы міндет деп ойлаймын, - деді.

 

ҚР БҒМ-нің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Айман Насырова қатысушыларды семинардың ашылуымен құттықтап, цифрлық әлемдегі кітапханалардың дамуы туралы «Цифрлық жаћандану жағдайында жоғары оқу орындары кітапханаларының даму үрдістері» тақырыбында баяндама жасады.

 

- Бүгінде біздер цифрлық технологиялардың белсенді пайдаланушыларына айналудамыз. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы - білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам құруға бағытталған «Адами капиталды дамыту» бағыты бойынша іске асыру қазақстандық жоғары оқу орындарының алдына міндеттер қойып отыр. Олар жаңа білімдер мен инновацияларды туындату орталықтарына айналуы, экономиканың басым секторларын білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуі, рухани-интеллигенттік элитаны тәрбиелеуі тиіс. Осы стратегиялық міндеттерді шешуде жоғары оқу орындары кітапханалары да маңызды орын алады, олар жаңа буынды инновациялық кітапханалар болуы тиіс.

 

Сөз соңында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орны кітапханаларының үздік қызметкерлерін, солардың ішінде ҚазҰПУ-дың Ғылыми кітапхана директоры Нұргүл Имансыдықоваға, кітапхананың эксперт менеджері Нәйля Сексенбаеваға Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен марапаттады.

 

Семинардың пленарлық бөлімде Мәскеу мемлекеттік мәдениет институты мәдениетті және электрондық кітапханаларды ақпараттандыру кафедрасының профессоры Вадим Степанов (Мәскеу қаласы), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Топлу Мехмет, К. Карасаев атындағы Бішкек гуманитарлық университеті ғылыми кітапханасының директоры Роза Турдукеева (Бішкек қаласы) баяндама жасады.

 

Халықаралық ғылыми-практикалық семинардың дискуссиялық мәжілісіне ҚР жоғары оқу орны кітапханаларының басшылары белсене қатысып, тәжірибелерімен алмасты. Жалпы семинар бағдарламасына мәдениет, білім беру салаларының және Ресей, Қырғызстан, Түркия, Қытай және Қазақстан жоғары оқу орны кітапханалары басшыларының 50-ден астам баяндамалары кірді.

 

Авторы: Римма Жанбаева

10.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz