Ұстаз ұлағаты
Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіндегі оқу үдерісі, ғылыми-зерттеу және тәлім-тәрбие жұмыстарымен өмір бойы айналысқан ғалым-ұстаздар Отанымыздың рухани құндылықтар құрамында бағаланады. Олар материалдық және мәдениет жетістіктерін жүзеге асыруға қосқан үлестерімен елімізге өнегелі тұлғалар қатарында дараланады. Осы орайда, Қазақстандағы жоғары білім берудің тұңғышы - қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Құдайбергеновтің де есімін даралап бағалаймыз.
Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагиогикалық университетінің (ол кезде Абай атындағы ҚазПИ) Тарих-филология факультетін 1957-1962 жылдары оқып, жоғары білім алған. Атамекені, туған жері - Баянауылдың «Белағаш» (Кеңес кезінде 7 Май колхозы) мекені.
ХХ ғасырдың 30-жылдарының басындағы тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтарға байланысты Ресейдің Омбы облысына қоныс аударған ата-анасы да Екінші Дүниежүзілік соғыс зардабына ұшыраған. Соғыстағы еңбек армиясына аттанған әкесі ауырып оралып, 1944 жылы қайтыс болады. Одан кейін әкесінің ағасы Бейсеннің тәрбиесімен өскен бала Әділхан оқумен есейген өмір белестерінен өтіп келеді. Жеті жылдық мектепті бітіріп, (1945-1952 жылдары), одан кейін Омбының педагогикалық училещесіне қабылданады, оны бастауыш класс мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіреді.
Оқуға құштар жас жігіт Әділханның Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетінде тарихшы мамандығы бойынша жоғары білім алған жылдары (1957-1962 жылдары) оның кәсіби білікті маман және ғылыми зерттеуші тұтастығындағы мұрат ұстанымын қалыптастырды. Әсіресе, академик М.Сильченконың басшылығымен ғылыми-зерттеу үйірмелеріне қатысқаны, алғашқы жүлделі орындарға ие болғаны, бес жыл бойы үздік оқып, 5-курста лениндік стипендиат, Алматыдағы жастар ұйымының жетекшісі болуы - Әділханның білімді, ғалым-тарихшы болуының тиянақты негізін қалыптастырды.
Тарихшы Әділханның алғашқы педагогикалық еңбек жолы Павлодар облыстық мектеп-интернатындағы мұғалімдік қызметінен басталды. Жас маманның Қазақ КСР Министрлер кабинеті жанындағы әскери және мемлекеттік құпияны баспасөзде сақтау жөніндегі бас басқармада (Главлит) цензор, редактор, бас редактор, сонымен қатар Абай атындағы ҚазПИ-дың партия тарихы кафедрасының ізденушісі болып кандидаттық минимум емтихандарын тапсырған жылдары - оның алдағы ғалымдық-ұстаздық қызметінің жемісті болуына ықпал етті.
Алматы медициналық институтында (1971-1972 жылдары) оқытушы, Алматы шетел тілдері институтында (1972-1992 жылдары) аға оқытушы, доцент, аға ғылыми қызметкер, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған жылдары - Әдекеңнің ұстаздық қызметінің жемісті кезеңі болды. Ғалым-ұстаз Әділхан Нұрғалиұлының «1961-1965 жылдардағы Қазақстанның ауыл-селоларындағы мәдени құрылыс» тақырыбымен докторлық диссертациясын (1991ж) қорғағаны, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарғаны, тікелей белсенді ұйымдастыруымен сол институтта Қазақстан тарихы, философия, психология, мәдениет тарихы, биология мамандықтары бойынша аспирантураның ашылуына ұйытқы болғаны - Тәуелсіз Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан маңызды көрсеткіштері.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі ғылыми-педагогикалық еңбек жылдарында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқара жүріп, аспиранттарға, ізденушілерге ғылыми жетекшілік етті. Өзі басқарған кафедра оқытушыларының басым бөлігі кандидаттық диссертациялар қорғады. Өзінің жетекшілігімен 20 кандидаттық, бірнеше магистрлік, 2 докторлық диссертация қорғалды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа тарихының өркендеуіне өзіндік ұстаздық және ғалымдық қызметімен мол үлес қосып жүрген ағамыз Ә.Құдайбергенов Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих және құқық институты Ардагерлер кеңесінің төрағасы (2015-2017 жылдары), Білім беру ісінің құрметті қызметкері сияқты ғылыми және қоғамдық-әлеуметтік атақтарымен-дәрежелерімен абыройлы еңбек мәртебесі тұғырында танылып отыр.
Авторы: Темірхан Тебегенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор
18.05.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz