Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
26.05.2018 Мұғалім мамандығына құрмет
Үш кезең бойынша өткен кезең барысында болашақ мұғалімдер оқу сауаттылығы мен математикадан тест тапсырса, «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында өзінің мамандығына деген махаббаты туралы эссе жазған еді. Үшінші ақтық кезеңде үміткерлер «Қазақстанның дамуына қосатын менің үлесім» деп өз ойларымен бөлісті. Осылайша мұғалім болсам деген үміткерлер барлық сынақтан өтіп, өздеріне қойылған шарттарды орындады. Тұлпар деп танылғандар бағалы сыйлықпен, жүйріктер де құр қол қайтпады. Сөз кезегін алған байқау демеушісі «Koktem Group LTD» компаниясының директоры, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлы барлық үміткерлерді құттықтады.
- Бүгін мен толқып тұрмын. Анамның бейнесі, айтқан ақылы, мейірленген сәттері бәрі-бәрі көз алдыма келіп, көңілімнің босап тұрғанын да жасырғым келіп тұрған жоқ. Жер бетінде анадан асқақ, анадан артық жан жоқ. Сондықтан өмір берген, жарық сәуле сыйлаған аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды дер едім. Ал ата-анадан кейінгі ақылшы, ең қамқор жандар, әрине бұл біздің ұстаздарымыз. Сондықтан ұстаз болғысы келетін, жүрегі осы мамандықты қалаған жастарға қолдау көрсетуді мен де өзімнің бір парызым деп санаймын, - деген Мұрат Әділханұлы 200 мың қаржылай сыйлық пен арнайы дипломды 3-орын алған №172 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Маржан Қожахмет пен №188 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Ботагөз Ғалымжановаға табыс етті.
Қазақ білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне биыл 90 жыл толып отыр. Екінші орын игерлерін осы оқу ордасының ректоры Такир Балықбаев құттықтап, арнайы сыйлықтарды табыс етті. Қаламыздағы Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназияның 11-сынып оқушысы Арна Ағыбай мен Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Құралай Әбутәліп арнайы диплом мен 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Келесі кезекте қоғам және мемлекет қайраткері, білім саласының ардагері Шәмша Беркімбаева болашақта мұғалім боламыз деген жас түлектерге ақыл-кеңесін айтып, сәттілік тіледі. Байқаудың бірінші орнын жеңіп алған Ж.Жабаев атындағы №161 лицейдің 11-сынып оқушысы Диас Оразовқа арнайы диплом мен 500 мың теңгені табыс етті. Осыдан соң өздері аңсаған мамандықты таңдаған түлектерді құттықтауға арнайы келіп отырған қала әкімі Бауыржан Байбек сөз кезегін алды.
Біз қала өміріндегі тағы бір тамаша оқиғаға куә болып отырмыз. Еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азамат Мұрат Әділханұлы тамаша бастама көтеріп, мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің елімізді көркейтіп, гүлдендіруге бағытталған бағдарламаларында әркез азаматтарымыздың туған жерге қолынан келгенше көмек көрсетіп, перзенттік борышын өтеуі баса айтылады. Міне, патриотизмнің бір көрінісі Мұрат Әділханұлының балабақша, мектеп, басқа да әлеуметтік мысалдар тұрғызып мемлекетке тарту еткені дер едік.
- Бүгін енді өзінің ана алдындағы перзенттік борышын өтеп, тағы да бір сауапты іс жасап отыр. Қасыл Қатықбаева анамыз ері ерте өмірден озып, бір өзі 12 баланы өсірген. Еңбек ете жүріп бала тәрбиесінен де айналысты. Ата-ана үшін баланың азамат болып елге еңбек етуінен артық бақыт жоқ, - деген қала басшысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқу үшін берілген грантты жеңіп алған №184 мектептің 11-сынып оқушысы Әбек Бақытжанға Бас жүлде - оқу грантын табыс етті.
Барлық жеңімпаздар атынан сөз алған Бақытжан Әбек болашақта үміт ақтап, мықты маман боламыз деген тілегін жеткізді. «Алтын белгіден» үміткер Бақытжан Әбек сәтін салып оқуға түсе қалған жағдайда, төрт жылға төленетін оқу ақысын алатын болады.
26.05.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |