қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.06.2018

Кемел елдің кемеңгері

 


 

«Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға бәрі анық» деген екен ұлы Абай. Сол айтқандай, ғылымның «тар жол, тайғақ кешуінен» жасқанбай, осы жолға өз жүрегінің қалауымен түсіп, үнемі алға ұмтылған Көпжасар Нәрібаев - өз биігіне шыққан ғалым. Ғылымды атақ-абырой немесе күнкөріс үшін іздемей, шынайы өмірлік мұратына балаған оның осынау ұзақ жолдағы асқан асулары біздің көз алдымызда: бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтерілген Көпжасар Нәрібайұлы елімізге және одан тыс жерлерге кеңінен белгілі экономист-ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

 

Алғашқы қадам арманнан басталды


Көпжасар Нәрібайұлының мақсат-мұраты Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінің Экономика факультетінде оқып жүрген алғашқы жылдары-ақ қалыптас­қан болатын. Оқу орнындағы көрнекті экономист-ғалымдардың дәрістері, ақыл-кеңестері оны ғылым айдынына шындап құлшындыра түскен еді. Университетте жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен бірге студенттердің ғылыми жұмыстарына да үзбей атсалысқан талантты жас «Халық шаруашылығын жоспарлау және есеп­теу» кафедрасының ұйғары­мымен Мәскеу қаржы институты­ның аспиран­турасына жіберілді.


Кеңес Одағындағы жетекші оқу орнының бірі саналатын бұл білім ошағының ұстаздары алғашқы күннен аспирантты баурап әкетті. Экономика теориясы бойынша дәріс оқыған атақты экономист-ғалымдар М.Атлас, А.Рэуль, А.Яковлев сияқты көрнекті профес­сорлардың сабақтары қандай терең еді десеңізші. Есеп пен экономикалық тал­дау пәні бойынша осы саланың ірі мамандары А.Маргулис, С.Татур, А.Додоновтың дәрістері де жүрекке кере­мет жылы ұялайтын. Сол ұстаздар­дың дәрістерін мұқият тыңдап, ақыл-кеңестерін басшылыққа алған Көпжасар Нәрібайұлы да оқу-ғылыми зерт­теуге зор құлшыныспен кірісті. Көлде­нең шаруаны жиыстырып қойып, өзі алған тақырып бойынша жан-жақты ізденіп, тың жаңалықтар ашуға ұмтылды.


Адамды мақсатына жеткізетін еңбек пен ізденіс екенін жақсы түсінген ол М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемле­кет­тік университетінің Экономика факультетінде, Г.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында, С.Орджоникидзе атындағы эконо­ми­ка­лық-инженерлік институтында, Мәскеу экономика-статистика институтында жиі болып, бұл оқу орындарының аспиранттарымен араласып, зертха­на­ларымен танысып, дүниетанымын кеңейте түсті.

 

Есепті білгеннің есесі кетпейді


Аспирантурадан кейін, 1964 жылы «Өндірісті механизациялау жағдайында есептеудің қазіргі формаларын дамыту» тақырыбында кандидаттық диссер­тация­сын табысты қорғап, Алматы халық шаруашылығы институтында ғылыми-педагогикалық қызметін баста­ды. Мұнда Көпжасар Нәрібайұлы аға оқытушыдан доцент, кафедра меңгеру­шісі, факультет деканы, институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі прорек­торына дейінгі жолдардан өтті.


Осы оқу орнында қызмет істеген жылдарында Көпжасар Нәрібайұлы оқу-ғылыми зерттеу жұмыстарын үйлестіре жүргізу арқылы білім берудің түпкі нәтижесіне қол жеткізді. Оның мазмұнды дәрістері студенттердің білі­мін тереңдетіп қана қоймай, олардың білім мен ғылымға деген құлшынысын арттыра түсті. К.Нәрібаев бұл кезде АСУ, бухгалтерлік есеп және есепті механикаландыру курстары бойынша бірнеше оқулық пен оқу-әдістемелік құралын жазды, өндірістегі есептеу мен қадағалауға, басқару мәселелеріне байланысты терең зерттеулер жүргізіп, көптеген ғылыми еңбектерін жария­лады. «Есептік мәліметтерді өңдеуді толық механикаландыру» (1969), «Есептік-экономикалық мәліметтерді машиналық өңдеу» (1971), «Есеп және есептеу жұмыстарын механизациялау» (1971) және «Колхоздар мен совхоздарда бухгалтерлік есепті ұйымдастыру» (1971) сияқты еңбектері сол кезде құнды оқу құралдарына айналды. Көпжасар Нәрі­бай­ұлы есеп және басқару ісі бойынша ғылыми еңбектерді қазақ тілінде жазған ғалымдарымыздың бірі болды. Оның еңбектерінде есептеу теориясы, есептеу мен басқаруды меха­ни­каландыру және автоматтандыру принциптері, бақылау мен тексерудің негіздері және басқа да көптеген эко­но­микалық мәселелерді ұйымдас­ты­ру жағдайы алғаш рет қазақ тілінде баяндалды.


Мәскеуде оқи жүріп, Көпжасар Нәрібайұлы шетелдік тәжірибемен танысудың болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына тың серпін беретінін ойлап, шетелге баруды армандап жүрген кезінде бұл істің де сәті түсті. Ұстазда­ры­ның көмегімен және қолдауымен 1973 жылы ол АҚШ-қа ғылыми тәжіри­бе жинақтауға аттанды. Мұнда ол Прин­стон, Флорида, Нью-Йорк уни­вер­­ситеттерінде болып, бір жыл бойы америкалық тәжірибемен кеңінен танысты. Бұл елдегі экономиканың есептеу мен басқару қызметтерін авто­мат­тандыру мәселелері қатты қызық­тыр­ғандықтан, осы салалардағы амери­ка­лық жетістіктерді көзбен көріп, түбегейлі зерттеді. АҚШ-тағы бұл сапа­ры оның ғылыми көзқарасы мен ойларын тереңдете түсті. Капиталистік экономика мен кеңестік экономикадағы есептеу, басқару салаларын автоматтан­дыру мен механикаландыру мәселелерін салыстыра зерделеу арқылы Мәскеуге келген соң, көптеген құнды еңбектер жазды. Соның ішінде «КСРО мен АҚШ-тағы қазіргі есеп дамуының басты тенденциялары» (1978), «АҚШ-тағы бухгалтерлік есепті ұйымдастыру» (1979), «Өндірісті басқаруды ұйымдас­ты­руда электронды есептеу машина­ла­рын қолданудағы шетелдік тәжірибе» (1979), «Есеп және басқару салаларында мамандар дайындаудағы және консуль­та­тивтік қызмет ұйым­дастырудағы АҚШ-тың тәжірибесі» (1976) сияқты құнды еңбектері жарық көрді. Оның бұл еңбектері оқу орындарында кеңінен пайдаланылды және өзі де бұл жөнінде көптеген дәрістер оқыды. 1980 жылы Мәскеу қаржы институтының маман­дан­дырылған ғылыми кеңесінде «Есеп жұмысын, есептеу техникасын қолдану арқылы ұйымдастыруды жетілдіру (КСРО мен АҚШ тәжірибесі)» тақырыбында докторлық диссерта­циясын қорғады. К.Нәрібаевтің бұл еңбектері Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында елеулі жаңалық болды. Жас ғалымның ғылыми қауым мен жоғары білім жүйесіндегі абыройы асқақтай түсті.


Әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бұл жағдай министр Көпжасар Нәрібаевтің алдынан тағы да шықты. Жоғары оқу орындарына қазақ балалары шектен тыс көп қабылданған деген жалаға ол тағы да осындай дәлелдермен соққы берді. Осы бір аумалы-төкпелі кезеңде жоғары оқу орындарының басшылары да қуғынға түсті, студенттер оқудан шығарыла бастады. Алайда ұлт мүддесі үшін бел шеше кіріскен министр К.Нәрібаев шама-шарқы келгенше соларды қорғаш­таумен болды.


Білімдіге биіктік жарасады


1976 жылы білім беру саласындағы ірі маман, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті жоғары кадр ретінде Көпжасар Нәрібаевті Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің орынбасары етіп тағайын­дады. Үлкен қажыр-қайрат пен күшті ерік-жігерді қажет ететін бұл аса жауап­ты да ауқымды жұмыс оның басшылық және ұйымдастырушылық қабілетін шыңдай түсті. Тәжірибесі де толысты.


1983 жылы ол республиканың Жоғары және орта арнаулы білім министрі болып тағайындалды. Бұған дейін жоғары оқу орындарында қызмет істеп, бірнеше жыл министрдің орынбасары болған ол еліміздің білім беру жүйесін биік деңгейге көтеру үшін күш-жігерін аямады. Республикаға қажет деген мамандықтар мен оқу орындарын ашуға ерекше көңіл бөлді. Осы кісінің тікелей бастамасымен Алматы театр және көркемөнер институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауыл шаруашы­лығы институты, Семей ет және сүт өндірісі технологиялық институты және көптеген техникумдар мен училищелер ашылды. Жоғары білікті ғылыми педагогикалық және ғылыми кадрлар дайындау үшін аспирантура мен докторантура жүйесі ұлғайтылды. Қазақстандық жас ғалым­дарды Кеңес Одағының іргелі оқу орындарына аспирантураға жіберу ісі де жақсы жолға қойылды. Сондай-ақ Көпжасар Нәрібайұлы Жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы білім беру мен маман даярлау сапасын арттыруға қол жеткізді. Қазақстан жоғары мектебі мен шет елдердің беделді университеттері арасындағы байла­ныстарды дамытты. Елімізде шет елдер­ге біліктілікті жетілдіруге мамандар жіберетін арнайы комиссия құрылып, бұл комиссия өз ғылыми-педагогикалық кадрла­ры­мызды шет елдерге ғылыми іс-сапарларға, тағылымдамаларға және тағы басқа біліктілікті көтеру шара­ларына жіберу­мен белсенді түрде айналыса бастады.


Көпжасар Нәрібаев білім жүйесінің білікті ұйымдастырушысы болумен бірге, Қазақстан жоғары білім жүйесінің теориялық және методологиялық мәселелерін де түбегейлі зерттеумен тиянақты айналысты. Бұл жөнінде ол көптеген ғылыми еңбектер жазды. Оның докторлық диссертациясының едәуір бөлігі елімізде экономист маман­дар даярлау және олардың оқу жоспар­ларын жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналған. Оның ғылыми еңбектерінде көтерілген мәселелер кезінде КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінен қолдау тауып, барлық экономикалық жоғары білім беретін институттар мен факуль­тет­терге пайдалануға ұсынылды.

 

Ұлтын сүю - ұлылықтың белгісі


1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін К.Нәрібаев «ұлтшыл» деген жаламен министр қызметінен босатылды. Оған жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көп оқытып, орыс жастары­на қиянат жасады деген айып тағылды. Бұл мәселенің бір ұшы 1986 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясының XVI съезінде-ақ көрініп қалған еді. Сол съезде сөйлеген сөзінде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы: «Республикамыз­дың жоғары оқу орындарында қазақ балалары шектен тыс көп, сондықтан басқа ұлттың өкілдері, әсіресе орыс балалары зиян шегуде», - деп бұрын-соңды болмаған мәселе көтерді. Бұдан кейін, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Көбекеңді шақы­рып алып, осы айтылған мәсе­лелер бойынша мәліметтер дайындап келуді тапсырады. Бұл туралы Көбекеңнің өзі Д.Қонаев туралы естелігінде былай деп жазғаны бар: «Айтулы 1986 жылдың басында республи­ка­мызда қазақ­тар саны - 6,2 млн, үлес сал­мағы - 38,6 пайыз, орыстар - 6,5 млн, үлес салмағы - 40,8 пайыз болатын. Сол жылы Қазақ­стан­­дағы барлық ЖОО-да оқитын қазақ студент­терінің үлес салмағы -52,9 пайыз. «Қазақстан жоғары оқу орындарын ұлтшылдық жайлады» деген байбалам осындай негізсіз пікірден туындаған. 1985 жылы орта мектепті 167 214 бала бітірді. Оның 56,7 пайызы - қазақтар. Демек, қазақ студенттерінің үлесі 53,9 пайыз болып, мектеп бітірген болашақ студенттердің үлесінен төмен болып тұр ғой. Сонда қазақтың көп оқығаны қайда?

 

Тағы бір себеп, орыс ұлтының балалары Ресейдің Сібір және Орал өңірлеріндегі институттарға түсуді қалайтын. Себебі, онда конкурс жоқтың қасы, әдетте 1 орынға 1 немесе 1,3 арасында балалар құжат тапсыратын... Соның арқасында жылына 10-12 мың мектеп бітіруші орыс балалары Ресейге оқуға түсетін. Сол жылдары институтқа түсу үшін өтініш берген әрбір 10 орыс абитуриенттің 7-еуі оқуға қабылданса, ал 10 қазақ абитуриентінің 5-еуі ғана оқуға түсетін. 1986 жылы республиканың барлық жоғары оқу орындарына 81 мың талапкер өтініш берсе, осы талап­кер­лердің ішінен қазақтардың 46 пайызы ғана, ал орыстардың 72 пайызы оқуға қабылданған. Міне, бұл жерде ешқандай ұлтшылдықтың иісі сезілмейді».


Әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бұл жағдай министр Көпжасар Нәрібаевтің алдынан тағы да шықты. Жоғары оқу орындарына қазақ балалары шектен тыс көп қабылданған деген жалаға ол тағы да осындай дәлелдермен соққы берді. Осы бір аумалы-төкпелі кезеңде жоғары оқу орындарының басшылары да қуғынға түсті, студенттер оқудан шығарыла бастады. Алайда ұлт мүддесі үшін бел шеше кіріскен министр К.Нәрібаев шама-шарқы келгенше соларды қорғаш­таумен болды. Ақыры өз өтініші бойынша жұмыстан кетіп, ғылыми жұмысқа ауысты. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында алғаш жетекші ғылыми кезметкер, кейінірек халық шаруашылығын басқару мәселелері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.


Нарықтық экономиканың негізін қалаушы


90-жылдардың басында К.Нәрібаев Қазақ мемлекеттік университетін басқаруға жіберілді. Біраздан бері ұжымдағы моральді-психологиялық ахуал күрделеніп, мұның өзі оқу-тәрбие үдерісіне кері әсерін тигізіп отырған кез еді. Сондықтан ректорлық қызметке тәжірибелі ұстаз, ұйымдастыру қабілеті мол, жоғары білім жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі, беделі бар, үлкен парасат пен жоғары мәдениеттің адамы ретінде Көпжасар Нәрібайұлының таңдалуы бекер емес-ті. Білім жүйесі қоғам деңгейінің айқын көрінісі екенін, әлеуметтік өзгерістер кезінде университеттік білім жүйесін түбегейлі қайта құру қажет екенін жете түсінген ол қоғамдағы өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономиялық жағдайлар мен талаптарға білім беру ісін сәйкестендіруге тырысты. Соған орай, өз реформасын жүзеге асыруға кірісті. Қажырлы еңбек пен табанды ізденістің нәтижесінде, оқытушылар мен қызмет­керлердің шығармашылығын дамытуға, студенттердің алаңсыз оқып, терең білім алуына, басқару мен ұйымдастыру қызметтерін жаңаша ұйымдастыруға қол жетті.


Көпжасар Нәрібайұлы басқарған жылдары Қазақ ұлттық университеті елімізде алғашқы болып автономиялық мәртебе алды. Оқу орнының автоно­миялылығы - батыс елдерінде ертерек қалыптасқан мәдени дәстүр. Бұл - білім ордасының өзін-өзі басқара алу мүмкіндігі дегенді білдіреді. Ол үшін университеттің ғылыми әлеуеті, материалды базасы жеткілікті болуы тиіс. Ең бастысы, оқу орнының еркін дамуына жетерлік қаржы-қаражаты, оқытушы-профессорларының алаңсыз педагогикалық және ғылыми жұмыспен айналысуына мүмкіндігі болуы керек.


Жаңашыл ректор оқу ісінің мазмұны мен маңыздылығына, қазіргі технология мен басқарудың автоматтандырылған жүйесі саласындағы жаңалықтарды өз іс-тәжірибесінде кеңінен қолданып, өндіріске енгізуге үлкен мән берді. Жоғары білім берудің сынынан өткен әлемдік стандарты, бұл ретте басты бағдар қызметін атқарды. Ректордың және бүкіл ұжымның реформаторлық іс-қимылы нәтижесінде, университеттің оқыту және ғылыми зерттеу құрылым­дары өзара тығыз байланыста, табиғи бірлікте қызмет атқаратын тұтас кешенге айналды. Бұрын бас-басына бөлек отау тігіп, бір-бірінен алшақ, жеке-дара қызмет атқарып келген зерттеу лабораториялары 8 ғылыми зерттеу институты мен 9 ғылыми орта­лық құрамына шоғырланды. Ғылым мен білімнің тоғысуы мен тоқайласуы - К.Нәрібаевтің ректорлық қызметіндегі басымдықтардың біріне айналды.

 

400 ғылыми еңбектің авторы


Профессор К.Нәрібаев - эконо­ми­каны басқару мен экономикалық білім беру және жоғары білім жүйесін зерттеу салаларында республикадағы аса көрнекті ғалым. 400-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Оның 40-ы - монография, оқулық, оқу құралдары сияқты ірі туындылар. К.Нәрібаевтің ғылыми жетекшілігімен экономика ғылымдарының жаңа салалары бойынша 6 докторлық, 15 кандидаттық және 30-дан аса магистрлік диссертация­лар қорғалды.


К.Нәрібаевтің ғылыми мүддесінің келесі бағыты - бухгалтерлік есептің теориялық, методологиялық және ұйымдастырушылық мәселелерін тереңдете зерттеу болды. Бұл сала бойынша 5 көлемді кітап және 60 шақты ғылыми мақаласы жарық көрді. Есепті жетілдірудің өзекті мәселелері оның кандидаттық («Есеп формасын жетіл­діру», 1964 жылы) және докторлық («Компьютерді қолдана отырып есеп жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру», 1980 жылы) жұмыстарында жан-жақты талданды.


Экономиканы басқаруды дамыту - ғалымның тағы бір ғылыми белесі. Басқару мәселелерін өнеркәсіп пен мекемелер деңгейінде ғана емес, халық шаруашылығы мен мемлекет деңгейінде де зерттеп қарастырды. Осыған тығыз байланыстыра отырып кадр дайындау мәселелерін қозғайды, нарық эконо­микасына қажетті жаңа бағыттағы мамандар сұранысын, қазіргі бар кадрлардың мамандықтарын өзгертіп қайта дайындап, біліктілігін жетілдіру керегін ортаға салады, осыларды шешу жолдарын көрсетеді. Ғалымның осы саладағы ерекше ескерілетін еңбегі, ол басқа да ғалымдармен бірге универ­ситеттерде оқылатын жаңа пән «Менедж­менттің» мазмұны мен құры­лы­­мын анықтап қалыптастырды, оқулық пен оқу құралдарын жазды. Жалпы, өндірісті басқару мен менедж­мент мәселелері бойынша 10 кітап, 46 ғылыми мақала шығарды.

 

Халық дәстүрінің жанашыры


Оның Абай атындағы ҚазҰПУ-да атқарған үлкен еңбегінің бірі - Ұлттық тәрбие мәселесін көтеріп, оны ойдағы­дай іске асыруда ректордың шын мәнін­де көмекшісі, жәрдемшісі, ақылшысы бола білгені. Соның нәти­же­сін­де, университетте «Ұлттық тәрбие» атты арнайы пән оқу жоспарына енгізіліп, барлық мамандықтарға оқыты­лып келе жатыр. «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, оған жетекші маман ғалымдар жинақталды.


Нәрібаевтің тікелей қатысуымен «Ұлттық тәрбие» пәнінің оқыту бағдарламасы жасалып, бірнеше оқу құралдары жазылып, басылып шықты. Атап айтқанда, «Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Ұлттық тәрбиенің патриоттық мазмұны» және басқа да оқулықтар мен оқу құралдары осы күнге дейін студенттердің қолынан түспейтін кітаптарға айналып отыр.


Сонымен бірге, академик К.Нәрібаев­тің тікелей ұсынысымен 2010 жылы университетте «Тұлғатану» орталығы құрылды. Бұл орталық ұлттық тәрбиені іске асырудың ең тиімді түрі ретінде К.Нәрібаевтің жетекшілігімен ойдағыдай қызмет атқарып келеді. Соның арқасында студент-жастар халқымыздың көптеген ірі тұлғаларымен танысты. Атап айтқанда, қазақтың көрнекті ғалымдары, ақын-жазушы­лары, атақты билері мен батырлары, талантты өнер қайраткерлері туралы дәрістер тыңдап, қызықты мәліметтер естіді. Сөйтіп, жастарымыз ұлтымыздың ірі тұлғаларға бай, тарихы терең, мәдениеті жоғары халық екенін танып, ал сол тұлғалардың өмірі, ұлтын сүюі, елі үшін жасаған ерліктері өздері үшін үлгі болатынына көз жеткізді.


Білім саласындағы қажырлы еңбегі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін К.Нәрібаев «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен, сонымен қатар шетелдік, одақтық және республикалық ұйымдар­дың Құрмет грамоталарымен марапат­талды. 1996 жылы ғалымға «Қазақ­станның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», 2001 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді. 2014 жылы ЖОО қауымдасты­ғының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медалімен марапатталды.


Көбекеңнің ата-анасы ол өмірге келгенде оған осынау бір оқшаулау есімді тегіннен-тегін таңдамаған болар. «Көп­жа­сар» деген атау ұзақ ғұмырды ғана емес, көп білуді, көпті көруді де мең­зей­тін ұғым. Көбекең - сол ата-ана ама­натын атымен ғана емес, затымен де жалғасты­рып келе жатқан үлкен жүректі азамат.

 

Авторы: Ғабит Кенжебаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры

04.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz