Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
14.06.2018 Халықаралық сарапшының семинары
Бүгінде әлемдік деңгейдегі мәртебелі университеттер деңгейінен көріну, оларға қарап бой түзеу дүние жүзіндегі әрбір университеттің басшылығы мен ұжымының арманы. Дегенмен, жаһанға танымал оқу орны дәрежесіне көтерілу оңай шаруа емес, бұл мәселенің өзі қыр-сыры, қатпар-қатпары көп күрделі үдеріс. Сондықтан осынау «жұмбақ әлемнің» сырын білуге әркім-ақ құштар.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Халықаралық жоғары білім саласындағы көрнекті сарапшы, профессор Жамиль Салми Алматы аймағы жоғары оқу орындары ректорларымен және қызметкерлерімен «Университеттердің әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына трансформациялануы» тақырыбында өткізген семинарына жиналғандардың көп болғаны бекер емес.
Семинарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев жүргізіп отырды. Ол алдымен атақ-даңқы күллі әлемге танымал халықаралық сарапшы, доктор Салмидің қызметі туралы бір-екі ауыз айтып өтті. Доктор Салми жаһан елдерінің үкіметтеріне, университеттеріне, кәсіптік ассоциацияларына, халықаралық және аймақтық банктер мен агенттіктерге кеңес беру қызметімен айналысып келеді. 2012 жылға дейін ол Бүкіләлемдік банкте жоғары білім жөнінде үйлестіруші қызметін атқарды. Бұған дейін ол Бүкіләлемдік банктің жоғары білім саласы бойынша ең алғашқы бағдарламалық құжатын жасаған болатын. Жоғары білім саласын әлемдік деңгейге көтеру жөнінде көптеген ғылыми еңбектер жазған ол соңғы 23 жылдың өзінде жер шарының 95 елінде университеттер мен мемлекеттік басқару саласындағы қаржылық реформа және жоғары білімнің даму стратегиясы туралы кеңестер берген болатын. Бүгінде ол Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы университеттердің халықаралық байқау комитеттерінің, жоғары білімді аккредитациялау халықаралық сапа жөніндегі консультативтік кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, доктор Ж.Салми Чилидегі Диего Порталес университетінің Құрметті профессоры және Бостон колледжінің жоғары білім орталығының ғылыми қызметкері. «Әлемдік деңгейдегі университет құру», «Академиялық жетілдіруге жол. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерін қалыптастыру», «Жоғары білім және оның мақсатты дамуы» сияқты әйгілі еңбектердің авторы, атақты Гарвард университетінен бастап Гонконг университетіне дейін 100-ден аса жоғары оқу орындарында дәріс оқыған, олардың басшыларына кеңес берген Жамиль Салмидің бүгінгі жоғары білім жүйесін жаһандық дамытуға байланысты айтары да көп.
Абай атындағы ҚазҰПУ-да өткізген семинарында ол қазақстандық университеттерді ғылыми-зерттеу университеттеріне айналдыру, олардың академиялық еркіндігін қамтамасыз ету, дүниежүзілік рейтингінің маңызы, білім сапасын көтеру және басқа да мәселелер бойынша халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып өз ойларын ортаға салды. Әлемдік еңбек нарығына сай келетін бәсекеге қаблетті мамандар дайындау жолдары мен оның стратегиясына терең тоқталды. «Оқу орнын әлемдік университет деңгейіне көтеру дегенде дәл Гарвард университетін қайталау шарт емес,- деді доктор Ж.Салми. - Ең бастысы, осы жолда әр университет өз келбетін, ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып алға ұмтылуы керек».
Бұл семинарда халықаралық сарапшы құнды ұсыныс-пікірлерімен, кеңестерімен бөлісіп, көптеген сұрақтарға жауап берді.
Бұдан кейін доктор Жамиль Салми Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Еуропалық комиссияның білім, аудиовизуальдық және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттігінің қолдауымен және Қазақстандағы Эразмус+бағдарламасы ұлттық офисі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы аймағы ректорлар кеңесі бірігіп өткізген «Жоғары оқу орндарының академиялық, әкімшілік және қаржылық автономиясы» тақырыбындағы семинарға қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Авторы: Мырзахан Ахметов, Абай атындағы ҚазҰПУ қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы 14.06.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|