Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.08.2018 Абай және рухани жаңғыру
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Хәкім Абайдың туғанына 173 жыл толуына арналған «Абай және рухани жаңғыру» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталмыш шара университет ректоры Тахир Балықбаев бастаған бір топ ғалым-ұстаздардың ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
Одан әрі шара «Абай және рухани жаңғыру» дөңгелек үстел жұмысына ұласты. Келелі басқосуды алғы сөзбен ашқан университетіміздің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жанатбек Ішпекбаев барша қатысушыларды мерейлі күнмен құттықтап, білім ордасында Хәкімнің мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеу, оларды жастарға оқыту, насихаттау бағытында атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы мазмұнды ақпарат берді.
Өз кезегінде «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет «Абай және рухани жаңғыру» тақырыбындағы баяндамасында Абай мұрасының рухани және адамгершілік тәрбиедегі айрықша рөлі туралы атап өтті.
Шараға Филология және көптілді білім беру институтының директоры, профессор Б. Әбдіғазиұлы, С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті кафедрасының ғалымдары Т.Тебегенов, М. Бекбосынов, А.Тамаев, Г. Махаш, физик-ғалым К. Раманқұловтар қатысып, Абайдың шығармашылық мұрасын әлем тілдеріне адару, ақынның философиялық дүниетанымына тереңірек ұғыну, заман талабына қарай жаңаша саралау қажеттігі туралы өз ойларын ортаға салды.
Жиын қортындысында қатысушылардың жанашырлықпен айтылған қызу талқысынан соң, ұлы ақынның мұраларын тереңірек зерделеу және оқыту мәселелері төңірегінде нақты ұсыныстар айтылып, оларды тиімді іске асыру бойынша шешімдер қабылданды.
Авторы: Қазына Бекбенбетова 12.08.2018 ж. Ақпарат көзі: kazgazeta.kz
|