«Қазақстан - ортақ шаңырағымыз» фестивалі
2018 жылдың 14 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған жыл сайынғы «Қазақстан - ортақ шаңырағымыз» фестивалі өтті.
Іс-шараның мақсаты - Қазақстанның көп ұлтты халқының тұтастығын сақтау, Қазақстанда тұратын әрбір этностың мәдени мұрасы мен тілдерін меңгеруге қызығушылығын арттыру.
Аталмыш іс-шараны Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ҚХА кафедрасы меңгерушісі Георгий Кан және Алматы қаласы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Жаннат Мұрынова жүргізді.
Іс шараға қатысушылардың барлығын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Мақтағали Бектемесов құттықтады.
«Біздің еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде. Университетімізде мемлекеттік тілді ғана оқумен шектелмей, өз тілін және шет тілді оқып үйренетін басқа ұлт өкілдері оқиды. Ағымдағы жылдың 23 мамырында ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраның қатысуымен іс-шараның өтуі қуантуда, оның міндеттерінің бірі Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыту болып табылады» - деді Мақтағали Бектемесов.
Сонымен қатар бағдарлама барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, Алматылық корей ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрд қауымдастығының төрағасы, шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Князь Мирзоев, саясаттану ғылымдарының докторы, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков сөз сөйледі. Спикерлер өз сөздерінде Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күнінің маңыздылғын, жалпы ұлттық мереке екендігін, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілдеріне деген құрмет болып табылатынын атап өтті.
Фестиваль аясында Қазақстандық кәрістер туралы фильм көрсетілді. Ресми бөлімнен кейін этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтары өз музыкалық шығармаларын ұсынды. Іс-шараның соңында фестивальға қатысушылар мен белсенділерге қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сіңірген зор еңбектері үшін алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы